Спорт

Қанат БОЗЫМБАЕВ: Қазақ күресі бүгінде брендке айналды

Бүгін облысымыздағы Мұз айдыны сарайында Qazaq Kuresi-ненӘлем чемпионатының алғашқы жарыс күніндегі жеңімпаз бен жүлдегерлердің есімдері белгілі болды. Байрақты бәсекенің ашылу салтанатына облыс әкімі Оңдасын Оразалин, сонымен қатар Қазақстан Республикасының энергетика Министрі Қанат Бозымбаев қатысты және елімізді Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап, әлем чемпионатында бақ сынайтын балуандарға ақжолтай тілектері мен жылы лебізін білдірді.

  • Қадірлі спорт сүйер қауым, ақтөбеліктер! Әлемнің ең мықты балуандары белдесетін Әлем чемпионатына қош келдіңіздер! Биыл жарыс Еуропа мен Азияның арасында орналасқан киелі Ақтөбе өңірінде өтуде. Бұл тарихи мәртебесі бар қаланың атын дүние жүзіне танытуға жол ашады. Бүгінгі додаға жер шарының үш құрлығынан балуандар қатысып жатыр. Атап айтсақ, Жапония, Моңғолия, Аустрия, Грузия, Норвегия, Ирландия, Франция, Германия, Қырғызстан, Өзбекстан, Иран, Ұлыбритания, Үндістан, Ресей, Куба, Конго, Непал, Камерун сияқты елдерден спортшылар келіп отыр. Олардың ішінде әлемге әйгілі, әлем және еуропа үздіктері, Олимпиада чемпиондары бар, сонымен қатар биыл тұңғыш рет Испания мен Корея мемлекеттері қатысып отыр. Қазақ күресі бүгінде әлемдік брендке айналды. Соңғы екі жылда 2 рет Азия, Әлем және Еуропа чемпионаттары өткізілді. Халықаралық федерацияның құрамына 30 мемлекет еніп отыр. Онға жуық халықаралық бапкерлер мен төрешілерге арналған семинар, оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылды. Осының барлығы ұлттық спортты әлемдік деңгейде дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар. Қазақ күресін Олимпиада ойындарының бағдарламасына қосу, ЮНЕСКО-ның тізіміне және мектеп бағдарламасына енгізу — біздің басты мақсатымыз. Биылғы чемпионат Қазақстан елінің Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Осы ретті пайдалана отырып, баршаңызды ұлттық мерекелеріңізбен құттықтаймын! Азат еліміздің абыройы асқақтай берсін! — деді Қанат Бозымбаев.

Құттықтау сөзден кейін Ақтөбе фольклор ансамблі ұлттық аспапта күмбірлеген күймен, домбыраның әсем әуенімен жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button