Спорт

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің қазақ күресінен әлем чемпионатының ашылу салтанатында сөйлеген сөзі

Құрметті қонақтар, қазақ күресінен әлем чемпионатына қатысушылар!

Қасиетті Қазақ еліне, Арайлы Ақтөбе өңіріне қош келдіңіздер!
​Баршаңызды ақтөбелік спортсүйер қауымның атынан төл спортымыз – қазақ күресінен әлем чемпионатының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын!
​Қазақ күресі қазіргі уақытта кеңінен етек жайып, әлемдік спорт қауымдастығына сенімді түрде еніп келеді. Оған дәлел бүгінгі әлемдік біріншілікке 42 елден 213 спортшының қатысуға ниет білдіріп, жарысқа тас-түйін дайындықпен келуі. Бұл мақтанарлық та, қуанарлық та жағдай.
​Бұл ретте осынау үлкен іс-шараның еліміздің ұлық мерекесі Тәуелсіздік күні мерекесі аясында Ақтөбе қаласында өткізілуіне атсалысып, сенім білдірген Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігіне, Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына, бүкіл әлемдік қазақ күресі Федерациясына алғыс білдіреміз.
​Қазақ күресі ғасырлар бойы халқымыздың жауынгерлік, жекпе-жек өнерлерімен біте қайнасып, қанына сіңген сала. Бұл аты аңызға айналған Балуан Шолақ, Қажымұқан бабаларымыздан мұраға қалған, ұрпақты қайсарлыққа, жігерлілікке тәрбиелейтін белдесу спорты.
Өз бастауын сонау 1938 жылдан бастап түрлі деңгейде өткізіліп келе жатқан спорт түрі бүгінгі күні әлемдік аренаға шықты. Қазіргі кезде дүние жүзінің таңдаулы спортшыларының ілтипатына ие болған ірі турнирлер көпшіліктің назарын аудара бастады. 2005 жылдан бері Азия чемпионаты өткізіле бастаса, 2012 жылдан бастап «Қазақстан барысы», «Еуразия барысы», турнирлері боз кілемін жайды. Ал 2014 жылдан «Әлем барысы» деген атаумен жаңа ірі турнир қосылды.
​Спорт – достықты нығайтады, ел мен елді жақындастырады. Оған дәлел – осынау ұлттық байлығымызды әлем спортшылары мойындап, қыр-сырын меңгеріп, әлем біріншілігінің жүлделерін сарапқа салуға келуі.

Құрметті жарысқа қатысушылар!
«Күш атасын танымас» демекші бәріңізге жеңісті тұғыр, жұлдызды оңынан туғызар сәттілік тілеймін!
Қымбатты көрермендер боз кілемнің шаңын шығарған қиқулы додадан әдемі әсер, рухтық азық, шынайы ләззат алыңыздар!
Жерлестерімізді қолдап отырайық!
Қазақ спорты жасасын!

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button