Спорт

Ертең Ақтөбеде Әлем чемпионаты басталады

Облысымызда Qazaq Kuresi-нен өтетін Әлем чемпионатына қатысуға 43 мемлекеттен 200-ден аса спортшы қатысуға өтінім білдіріп, мандаттық комиссиядан өткен. Жарыстың бірінші күні 120, екінші күні 120-дан аса балуан белдеседі.

Балуандар күресетін зал, бейнебақылау камералары әлемдік стандартқа сай. Әр белдесуді қайталап көрсететін және бірнеше ракурстан көрсетуге мүмкіндік беретін ПТС камералар да жарыстың басты ерекшеліктерінің бірі болмақ. Сонымен қатар бапкерлер өз шәкірттерінің, балуандар қарсыластарының салмақ өлшеу рәсімінен әділ өтетіндігін көру мақсатында арнайы үлкен зал да ұйымдастырылады. Жеребе тарту барысында спортшылар қоржыннан қарсыласының есімі жазылған тасты суыру арқылы біле алады. Жарыстың тағы айта кететін ерекшелігі, балуандар белдесу кезінде жарақат алып қалмас үшін арнайы ролл боз кілемдер төселеді. Жарыс ережесі бойынша балуандар жалаң аяқ күресетіндіктен арнайы төселетін боз кілем оң ықпалын тигізеді,  — дейді жарыстың бас төрешісі Ербол Мырзабосынов.

Жарысқа шетелден келіп қатысып жатқан кейбір командаларда дзюдодан Олимпиада чемпионы атанған 3-4 жаттықтырушы бар. Бас төрешінің айтуынша, олар жарыстың ұйымдастырылу деңгейіне оң бағасын берген.

Еліміздегі спорт ардагерлерінен Асқар Асубаев, Марат Жақитов, Диқанбай Биткөзов, Елемес Әлімханов, Ерғали Мұхитдинов сынды қазақ күресінің ұстаздары әрі білікті бапкерлері жарыстың құрметті қонағы ретінде шақырылған.

Жарысты ұйымдастырушылар балуандарды «Рояль», «Сұлтан», «Арай», «Барокко», «Эйс» қонақүйлеріне орналастырған. Бүгінде олар салмақ өлшеу рәсіміне дайындалып, біріншіліктің алдындағы соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. АҚШ-тың намысын қорғайтын спортшының да жарыс алдында пікірін білген едік.

Мен бұған дейін қазақ күресінен бөлек, дзюдо, самбо сияқты спорт түрлерімен шұғылдандым, спорт шеберлігіне үміткермін. Ютуб желісінен Азия чемпионаттарын көріп, қазақ күресіне қызығушылығым арта түсті, ережелерімен де жақсы таныстым. Бүгін мандаттық комиссияның отырысында әлем чемпионатын теориялық тұрғыда зерттеп алдым. Кішкентай кезімнен Азия құрлығындағы мемлекеттердің тарихына қызықтым. Моңғол күресіне қатысты кітаптар оқыдым, оның ережелері қазақ күресіне ұқсас. АҚШ қазақ күресінен өтетін жарыстарға 5-рет қатысып жатыр. Спортшылар қазақ күресі деп жазылған күртеше кигеннен кейін кейбір штаттарда кеңінен танылып келеді. Тағамдарыңыз қатты ұнады, әсіресе, бауырсақ, қазы-қартадан ерекше әсер алдым, — дейді Бред Милано.

Еске сала кетейік, айтулы дода 15-16 желтоқсан күндері Тәуелсіздік мерекесінің қарсаңында өтеді. Жарыс жеңімпаздарына — 2000 доллар, күміс жүлдеге — 1000, қола медаль алғандарға — 500 доллар, ал Түйе палуандардың жеңімпаздарына — 3000 доллар, екінші орынға — 2000, үшінші орын алған спортшыларға — 1000 доллардан ақшалай сыйақылар табысталады. Әр командадан салмағы 90 келіде асатын бір балуан Түйе палуан есебінде тіркеледі.

Қазақстан құрамасынан Ниетбай Дәулет, Ержан Еренғайыпов, Қуаныш Ысқақов, Айдос Ғалимов, Сақан Әбдуқасым, Әділжан Ыстыбаев Нұрым Сәлімгереев, Руслан Әбдіразақов, Түйе палуан Нұрдәулет Жарылғаповтар ел намысын қорғайды.

Бекет АЙСҰЛТАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button