Тарих

Шырғалаң күннің шындығы

Жыл сайын Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Желтоқсан оқиғасын еске түсіреміз. Ғасыр алмасып, арада 32 жыл өтсе де Желтоқсан оқиғасы туралы естеліктер таусылмайды. Олардың тірі куәлары еліміздің әр түкпірінде жүр.

Кезінде студенттердің шаһарына айналған Алматы білім іздеп келген ауыл жастарына құшағын айқара ашты. Солардың бірі болып Ақтөбе облысының шалғай ауданы Ойылдан бозбала Сүйіндік Өскінбаев та оңтүстік астанаға арман қуып келді. 1982 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының студенті атанған ол екі жылдан соң Қиыр Шығысқа әскери борышын өтеуге аттанды. Әскери борышын өтеп келіп, бұрынғы оқуын 3-курстан бастап жалғастырады. Бұл 1986 жыл еді… Кеңес Одағы ыдырамаған, кеңшарлардың дүрілдеп тұрған уақыты. Ауылда жас мамандар тапшы. Сол кезде зоотехникалық- малдәрігерлік институтында оқып жатқандар өте көп болатын. Жаңа жыл алдындағы қарбаласта барлық студенттердің ойында ештеңе жоқ, алаңсыз қысқы сессияға дайындалып жүрген. Сол күндердің бірінде Қазақ КСР Компартиясының бірінші хатшысы Қонаевтың орнына орталық Колбинді әкелгені барлық жатақханаларға тез тараған.

Жұртшылық алаңға жиналып жатыр деген хабарды біз де естідік. Ешкім үгіттеген де жоқ.  Дереу топ-топ болып, орталық алаңға ағыла бастадық,

— деп еске алады С.Өскінбаев.

Оның айтуынша, 16 желтоқсан күні бұлардың көбі тарап, ертеңіне алаңға қайта келген. Сойқан сол кезде басталыпты. Жастар арнайы жасақтың келгенін білмепті. Ауыр техникалар, өрт сөндіруші көліктер тізіле бастағанда да қанды қырғын болатынын ойламаған. Бейбіт шеруге шыққан жастар, сөйтіп, мұздай құрсанған жасақтың алдында тұрғанын да сезбепті.

 Ақтөбелік Өскенбаевтар

Сол Желтоқсан оқиғасында алаңда екі Өскінбаев болыпты. Бірі — студент Сүйіндік, екіншісі — Фрунзе аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы, полиция майоры Қажымұрат Өскенбаев. Ол кезде құжатта орысша жазылатындықтан, екеуі де «Оскенбаев» болған. Бір қызығы, екеуі де Ақтөбе облысынан. Бұл «Оскенбаевтардың» бір-біріне қандай қатысы бар? Бұл туралы сәл кейінірек…

Жаппай ұстау басталғанда қарулы топ қарсыласқандарды да, қашқандарды да ұра бастады. Алдымен мұздай су шашты,  саперлер келіп қарусыз адамдарды құлатты. Топ бытырап кетті. Әр жерде айқай, қан, төбелес. Қыздардың шашынан сүйреп, көнбегендерді ұрып, талдырып кетіп жатыр. Оларға ара түскендерді де аяған жоқ. Автобустарға, жүк көліктеріне тиеп алып кетті. Сүйіндіктерді  сол күні кешкісін ұстаған. Есін камераның ішінде жиыпты. Сау адам жоқ. Содан не керек, екі ай тергеуде жүрді.

Бұл қырсықты қойсаңшы. Өзгелер алаңға шыққанын мойындап, оқуына қайта оралса, Сүйіндікке екінші рет таяқ жеуге тура келді. Жазықсыз қинайды. Ұрады-соғады. Неге? Сүйіндік артынан оқуын жалғастырып, бітіріп шығады. Сол кезде ауылда мынадай әңгіме өрбиді. Алматыда Сүйіндікті тегімен бірдей болғасын майор Өскенбаевтың інісі деп босатып жіберген.  Бірақ бұл қате. Сүйіндіктің өз аузынан естігеніміз мынадай еді:

Менің ісімді Светлана Мұқашева  деген тергеуші жүргізді. Оларға бұйрық берілген. Фрунзе аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, майор Өскенбаевты құрту керек болған. Ол үшін ілік керек. Менің тегім осы жерде іздегенге сұраған болып шыға келеді. Інісі алаңға шыққан бүлікші, майор Өскенбаевты орнынан алуға бұдан артық не керек. Мені сол майордың інісімін деп айт деп мәжбүрледі. Ұрып-соқты. Өзім танымайтын адамды қалай ағам деп айтам? Әрі қинады, бері қинады, болмағасын босатты, — дейді ол.

Алматыдағы басқа оқу орындарының студенттері оқудан шығарылғанымен, Сүйіндіктер оқуын жалғастыра береді. Оның да себебі бар. Жай жібере салмаған.  Әрқайсысына 50 сомнан айыппұл төлетіпті.

Сол кезде саяси оқиғада белсенділік танытып, алаңға көбірек шыққан Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтының студенттері екен. Бұлар алаңға шығып қана қоймай, оқиғаның бел ортасында жүріп көзге түскен. Сол қырғында жедел жәрдем көліктері қаптап жүрді. Екі күн тыным көрмеді. Сөйтсе, оның ішіндегі  мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері суретке түсіре берген екен. Кейін тергеуде алаңға бармағандарын айтайын десе, суреттер алдынан шығады.  Бір камерада 13 адам жатыпты. Бәрі өзінің курстастары. Бір топтан.

Арада біраз жыл өтсе де сол достарыммен хабарласып тұрамыз. Бір-бірімізге әзілдесіп «камера» деп сөйлейміз. Қазір алды жауапты қызметтерде жүр. 1991 жылға дейін халық жауы секілді қатаң бақылауда болдық. Тексеріп тұрады. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана біржола ақталып, аңдудан құтылдық. Дүрбелең басылғаннан кейін әлгі майор Өскенбаевқа арнайы барып, кіріп шықтым. Болған жайды айттым. Ол кісі риза болды. Таңғалды. «Мойындамағаның дұрыс болған» деп арқамнан қаққаны есімде. Кейін ол кісіні көргенім жоқ. Генерал болды деп естідім, — деп еске алады сол кездерді Желтоқсан оқиғасының куәгері.

Сүйіндіктің зайыбы Талия да алаңда болған.

Ол кезде екеуміз қыз бен жігіт болып жүрген кезіміз. Мен балабақшада жасаймын. Сүйіндік алаңдағы қаптаған адамның арасынан мені байқаған, бірақ мен оны көрмедім. Содан үш күн, үш түн бойы іздеп таппадым. Шынымен өліп қалған болса, жатқан жерін тапсам деген ойда болдым. Неше күн екені есімде жоқ, бір күні жатақханаға өзі келді. Беті іспектей… Кейін Желтоқсан оқиғасының бейнебаяндары шыға бастады. Солардың бірінен  бейнебаянға түсіп қалған өзімнің суретімді көрдім.

Сүйіндік қолына диплом алғаннан кейін екеуі ауылға келіп шаңырақ көтеріп, мамандығы бойынша зоотехник болып жұмысын бастайды. Аудандық ішкі істер, әскери қорғаныс істері жөніндегі бөлімдерде ұзақ жылдар қызмет етті. Кейін мемлекеттік қызметке ауысып, ауылдың тізгінін ұстап әкім болды. Қазір өз мамандығы бойынша ауылшаруашылық саласында қызмет етіп жүр — Ойыл аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы.

Дегенмен Желтоқсан оқиғасына байланысты әңгімені Сүйіндік көп айта бермейді. Ол  алаңға ұлттың намысы үшін шыққан қазақ жастарына соншама жауыздықпен жазалаған арнайы жасақтың қатігездігіне қайран қалады.

Қалайша ондайға барады? Ешкім тап олай ойлаған емес. Әсіресе, қыздарды айдалаға апарып тастады. Олардың қалаға жеткені жетті, жетпегені өлді. Артынан естідік қой көп адам өлгенін. Сол кезде әр қазақ жігітінің бойында ыза-кек қайнап тұрды. Бірақ күресерге дәрмен жоқ. Қазір алаңға шыққандарын, төбелескендерін айтып мақтанатындар шығыпты ғой. Желтоқсан оқиғасының куәсі деп кездесулер ұйымдастырады. Тіпті марапат күтетіндер бар екен. Бұл — ұят. Сол уақытта кез келген адам үйде жатпас еді. Ол жерге қазақ жастарын намыс буып барды. Бардық, көрдік, таяқ жедік, қамалдық. Ондай адам қаншама? Белсенді болып, көзге түскендері бар. Жазықсыз жапа шеккендері бар. Мен өз басым алаңға шыққанымды мақтан етпеймін. Құрмет те күтпеймін. Жалғыз мен емес қой алаңға шығып, басы жарылып, көзі іскен. Түрлі жағдайлар болды. Қанша адам болса, сонша тағдыр бар. Әркімге әртүрлі әсер етті. Тегім майор Өскенбаевпен бірдей болғаны үшін, оның туысы болмағаным үшін желтоқсанда екінші рет тергеліп, таяқ жеуге тура келді. Міне, біз Желтоқсан оқиғасына осылай куә болдық. Менің айтарым, жастарымызды, ұрпағымызды ондай сынақтан сақтасын. Қазіргі тыныштыққа шүкіршілік ету керек. Әр жастың осындай қилы тағдырымен келген Тәуелсіздік күні құтты болғай!  — деп сөзін аяқтады Сүйіндік Өскінбаев.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button