Жаңалықтар

Арнайы мониторингтік топтың ауқымды жұмысы

Бүгінгі күні облыста Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру аясында құрылған арнайы мониторингтік топ жұмыс жасайды. Сейсенбі күні аталған топ өкілдері бас қосып, атқарған жұмыстарын қорытындылады. 

Топ жетекшісі, облыстық мәслихаттың депутаты Тәттігүл Талаеваның айтуынша, қазіргі таңда мониторингтік топ құрамында 14 адам бар. Олар —  облыстық мәслихаттың депутаттары, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, қоғамдық кеңес мүшелері және БАҚ өкілдері.

Биылғы жылы арнайы топ облыстағы білім беру, денсаулық, кәсіпкерлік, т.б. салаларға мониторинг жүргізіп, бақылау жұмыстарын жүргізген.

  • Бүгінгі күні білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі мемлекеттік білім беру гранттары болып отыр. Биыл 10-14 тамызда топ өкілдері «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңесінің мамандарымен бірлесіп, үміткерлерді магистратура және докторантураға қабылдау емтихандарына қатысты. Бұл жерде топ мүшелері үміткерлердің мемлекеттік гранттарды өз білімдеріне сәйкес жеңіп алатынына куә болды. Тестілеу жұмыстары Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің базасында өткізілді. Мониторингтік топ өкілдерінің жүргізген жұмыстары нәтижесінде емтиханға дейін үміткерлерден 616 смартфон табылды. Сондай-ақ емтихан барысында ұялы телефон пайдаланған 29 абитуриент келесі кезеңге өткізілмеді. Емтихан қорытындысы бойынша 572 үміткердің 32-сі ғана межелік бал жинады, — дейді топ жетекшісі Т.Талаева.

Биылғы жылы арнайы мониторингтік топ «Ақтөбе — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мамандарымен бірге бірнеше сала бойынша бақылау жұмыстарын жүргізді. Атап айтсақ, наурыз, мамыр айларында жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері арасында сауалнама жүргізсе, жаз айларында облыстағы көше және жолдардың сапасын тексеру мақсатында рейдтер ұйымдастырды.

Мәселен, жоғары және арнаулы оқу орындарында жүргізілген сауалнамалардың қорытындысы бойынша емтихан кезінде сыйлық беру, баға сатып алуға байланысты 55 дерек анықталған. Ал автокөлік жолдары мен көше жолдарының сапасын бақылау бойынша жүргізілген мониторингтің нәтижесінде жолдарды жөндейтін бірқатар мердігер және жауапты мекемелерге ескертулер берілген.

Сонымен қатар мониторингтік топ мүшелері биылғы жылдың қазан айында халыққа мемлекеттік қызмет көрсететін органдарда тұрмыстық сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік көрсетілетін қызметтің сапасын арттыру мақсатында да бірқатар жұмыстар жүргізген. Мониторинг нәтижесінде топ өкілдері Ақтөбе қалалық кәсіпкерлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдеріне тұрғындарды қоғамдық көлікпен қамту, сондай-ақ сауда-саттық саласында бірқатар мәселелердің бар екендігін жеткізген.

Биылғы оқу жылында топ мүшелері Ақтөбе қаласындағы жалпы білім беретін мектептерге мониторинг жүргізді. Нәтижесінде облыс орталығындағы барлық мектепте  қамқорлық кеңестері өз жұмыстарын дұрыс атқармайтындығы анықталды. Сонымен қатар шілде айында топ өкілдері облыс аумағында мемлекеттік қоғамдық тапсырысты жүзеге асыру және қалыптастыру бойынша мониторинг жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде мемлекеттік қоғамдық тапсырыс аясында мемлекеттік сатып алу деректеріне қатысты бұзушылықтардың бар екендігі белгілі болды. Бұл бағыттағы жүргізілген жұмыстардың нәтижелері мен топ өкілдерінің ұсыныстары жауапты мекемелерге жіберілді, — дейді Т.Талаева.      

Топ жетекшісінің айтуынша, мониторингтік топтың мүшелері жыл бойына мемлекеттік қызметшілердің, бюджеттік ұйымдар мен квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің қызмет бабында сыйлық алуының алдын алу, басқа да келеңсіз жайларды болдырмау мақсатында түсіндірме және мониторинг жұмыстарын жүргізіп отырады.

— Биылғы жүргізілген мониторинг жұмыстарының нәтижесіне сүйенсек, алдағы уақытта облыстағы денсаулық сақтау, білім беру, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, мемлекеттік сатып алу салаларында жемқорлықтың алдын алуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуі керек. Себебі бұл салаларда әлі де шешілетін бірқатар мәселелер бар. Осы орайда біз әлеуметтік желілерде, оның ішінде инстаграм парақшасында топ өкілдерінің жұмысын үнемі көрсетіп отырамыз. Сонымен қатар биылғы жылы мониторингтік топтың жұмыстары туралы бұқаралық ақпарат құралдарында 86 материал жарыққа шықты. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыратын боламыз, — дейді топ жетекшісі.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button