Басты жаңалықтар

Соғымды қалай аласыз?

Қала тұрғындары үшін еттің қымбатшылығы байқала бастады.

Қыстың алғашқы айы, жылдың соңғы мезгілі — желтоқсан қарбаласқа толы уақыт. Әркім келесі жылға дейін биылғы бітпей қалған жұмыстарын бітіріп алуға тырысады. Оның үстіне мерекелер айы саналатын бұл айда  ауыл мен қала тұрғындарының қазаны көп қайнайтын кез. Қандай жағдай болмасын, қазақ соғымсыз отырмаған.

Алты ай қыс жейтін азықтарын қамдап алатын ауылдықтар үшін желтоқсанның әр күні мереке. Кез келген үйде соғым сойылып, мұржаларынан түтін будақтап, семіз малдың қуырдағы мен еті пісіп жатады. Мал баққан шаруалар соғымға кем дегенде бір бас мал арнайы дайындайды. Әріректе міндетті түрде күздікке сиыр, соғымға жылқы сойылатын. Өткен ғасырдың соңғы жылдарында мал басының кемуіне байланысты жылқы жейтіндердің саны айтарлықтай кеміді. Өйткені сол аласапыранда техниканың аздығынан Қамбар атаның тұқымы көлік ретінде пайдаланылды. Қазіргідей такси немесе бір-бір үйде көлігі жоқ кезде мініс көлігін сойып тастау айдалада жаяу қалғанмен бірдей еді. Кейбір үйдің жылқы түгілі ауласында тігерге тұяғы қалмаған күндер де болды. Бірақ ауылдықтар алдарындағы малдарынан айырылмады. Сатты, сойды, әйтеуір төрт түліктің арқасында  ауыздары жылы-жұмсақтан ажыраған жоқ.

Қазір техника көбейіп, жылқы малы қамыттан біржола босады. Соңғы он жылда облыста жылқы басы айтарлықтай өскен. Мінілмеген, жегілмеген жылқы аз жылда көбейіп, қай ауылға барсаң да жол бойындағы жылқылардың көптігі көңілді бірлейді. Міне, сол себепті ең дәмді саналатын жабағыны жәукемдеушілер көп-ақ. Көктемгі құлынның бағасы жыл сайын көтеріледі. Мәселен, алдыңғы жылы бір жабағы 120 мың теңге болатын. Былтыр 150 мың теңгеге  өсіп, биылғы жабағыларды 170-200 мың теңгеге сатып аласыз. Бұл қымбат па, әлде арзан ба?

Әрине, ауыл тұрғындары үшін малдың пұлды болғаны жақсы. Ал оны сатып алушылардың қалтасы көтере ме? Қала тұрғындарына бұл бір айлық жалақыларынан көп. Бірақ соған қарамастан жабағы қазіргі кездің бренді болып отыр. Қысқы соғымға ақшасы көбірек артылғандар мал базарларынан бірінші жабағы іздейді.

Бірақ малдың да малы базарда сыналады. Қазір тұрғындардың талғамы жоғары. Табиғи тағамдарға ақшасын аямайды. Өйткені ненің пайдалы екенін біліп болған. Бұдан төрт-бес жыл бұрынғыдай Белоруссиядан келген сиырлармен таңғалдыра алмайсың. Дәрімен семірген мал мен табиғи, таза жерде өскен мал етінің айырмасы жер мен көктей. Қазір қала жұрты алатын малын екі шұқып, бір қарайды. Сол себепті сырттан келетін еттерге сұраныс азайды. Көптің талғамы жергілікті өнімдерге ауысқан. Бұл ауылдағы ағайынның алдарындағы малының бағасын көтерсе, қала жұртының қаражаты да өзіміздің ішімізде айналады деген сөз.

Сонымен бүгінгі таңдағы тірілей малдың бағасына тоқталайық. Егер бір бас малды аяқтай аламын десең, кемінде 200 мың теңгең болуы керек. Өйткені өткен жылғы 150 мың теңге құраған екі жасар таналар биыл 170-180 мың теңгеге көтерілді. Ал жабағыны жоғарыда айттық. Бір бас жылқы күйіне, ірілігіне  қарай 400-500 мың теңге тұрады. Орташа семіз сиырдың тірілей құны 300 мыңға дейін барады. Бұл уақытта тұтынушылардың тәбеті осы үшеуінің етіне ауады. Бірақ қойдың құны да өз бағасын бермей тұр.

 Жіліктеспенің жөні басқа еді…

Рас, қазір мал союдың, оны бөліп сатудың да тәртібі өзгерді. Бір бас ірі қараны соғымға еншілей алмағандар амалсыздан малдың жарты етін немесе бір аяғын алады. Төрт адам бір малды төртке бөліп, екі адам екіге бөліп алу тиімді әрі қалтаңызды көп қақпайды. Алайда оның да тиімділігі жоғалды. Себебі былай: бұрын малды аяқтап, жіліктеспеге соятындар оның бағасын базар нарқынан арзандау қоятын. Әр жілікке ортақ бір бағаны айтады. Жұрт осыған көбірек таласатын. Өйткені жіліктемеде келілеп сатылмайды. Малдың етін жіліктеп сатқанда 4-5 келі ет артық түседі. Әрі ішек-қарны қосымша пайда. Ал қазір жіліктеспе дегенімен, бәрін келілеп сатады. Яғни сатып алушы бұрынғыдай артық еттен ұта алмайды. Бұл кімге тиімді, кімге тиімсіз екенін өздеріңіз бағамдай беріңіздер.

Еттің бағасы жәрмеңкелерде арзандатылып сатылғанымен былайғы нарықта кейбір аудандарда 1900 теңге екені жасырын емес. Облыстағы Хромтау, Алға, Қандыағаш секілді қалаларда еттің бағасы ұшып тұр. Мал саудасымен айналысатындар  ауылдарға барып сәл арзанға сатып әкеліп, үстінен пайда көреді. Олар жолдың шығынын алға тартады. Сөйтіп, соғымның кезінде алыс-беріс көбейеді. Сауда қызады. Бірақ етті қайдан аламын десе де ешқандай тапшылық жоқ. Базарларда, ірі сауда орындарында толып тұр. Мал базарда ең семіз деген жылқының бір жілігі 25 келіден аспайды.  Жіліктің келісін 1600 теңгеден есептегенде таразының басы 35-40 мың теңгеге тартады. Жылқы еті демесең… Одан да сол ақшаға төрт адам бірігіп, бір қашарды аяқтап алғаны әлдеқайда тиімді. Бірақ әркім көрпесіне қарай көсілері сөзсіз.

Облыстық ауылшаруашылық басқармасының мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Панабек Бимұратовтың айтуынша, жылына орта есеппен 25 мың жабағы соғымға сойылады екен. 70-80 мың ірі қара пышаққа ілінеді.  Облыста 17 мың Ойсылқара тұқымы болса, жыл сайын  мың түйе желінеді.

Қазір облыстағы әрбір үй соғым сояды. Бұрынғыдай емес, тұрмыс жақсарды. Етті сақтайтын мүмкіндік бар. Бір ірі қараның еті сыятын мұздатқыштар кез келген үйден табылады. Малдың бағасы да әр күні құбылып тұрады. Бір жабағы 160 мың теңгеден табылып қалады. Жәрмеңкелерде жылқы етінің ең жоғары бағасы — 1600 теңге. Егер бір бас малды сойып аламын десеңіз, мал базардан өзіңіз таңдайсыз. Қасапшыларға 10-12 мың теңге берсеңіз, тап-таза қылып сойып, жіліктеп береді, — дейді ол.

Сиыр — 300 мың, жылқы — 500 мың теңге

Базардағы малдың бағасын білу үшін арнайы барғанбыз. Ақшаң болса, шертіп жүріп таңдап ала аласыз. Төрт түліктің дені Ойыл, Шалқар, Ырғыз, Байғанин аудандарынан келген.  Баға да әртүрлі. Шалқар ауданынан әкелінген малдың иелері базар нарқындағы ең жоғары бәсін сұрап тұр. Айталық, жабағылары 220 мыңға дейін пұлды. Семіз әрі ірі байталдың берер жері 445 мың теңге. Олар мал құнының бұлай қымбатқа сатуын оның семіздігі мен ірілігіне қарап пұлдайтынын айтады. Ойыл ауданынан келген жабағылар 180 мың теңге болса, сиыр — 300 мың теңге. Байғанин ауданының құнажын қашарлары 200-220 мың теңгеге өскен.

Бұл бізге қатысты емес. Ауылдың өзінде қымбат сұрап тұр. Қазір жеке көлігімен барып, сатып алушылар көп. Сондықтан ауыл тұрғындары үйде жатып-ақ малдарын өзі ойлаған бағасына өткізе береді. Шалғай аудандардың өзінде ең арзан жабағы 160 мың теңгеден төмен болмайды. Қалаға семізін әкелмесең, шығынға батасың. Арық малыңды ешкім алмайды, — дейді мал сатумен айналысатындардың барлығы.

Мал базардағы сиыр етінің бағасы 1650 теңге болса, жылқы еті одан 100 теңгеге қымбаттау. Яғни 1750 теңге.

Біз сатып алушыларға ыңғайлы етіп жілікке бөліп қоямыз. Жылқы етін 1500-1600 теңгеден, сиыр етін 1400-1500 теңгеден сатамыз. Оның да сүйегі мен етіне қарай сұрыптаймыз. Сүйегі жоқ таза етінің келісі қымбаттау болады. Жабағының еті болса сегізге бөлеміз. Өйткені 12 жілікке бөлгенде арзан болады. Бір жабағының жілігі орта есеппен 15 келі тартады, — дейді сатушылардың бірі.

Ал «Табыс» коммуналдық базарында сиыр еті 1400 теңгеден басталады. Жылқы еті 1800-2000 теңге аралығында болса, жаясы 2500 теңге тұрады.

Қайткен күнде де мал бағасы мен етінің арзандамайтыны белгілі болды. Оның бір-ақ жолы бар. Ауылшаруашылық жәрмеңкелеріне бару. Сол кезде қай заттың да бағасы аздап түсіңкі болады. Бірақ жәрмеңке аудандарда апта сайын ұйымдастырылғанымен, облыс орталығында мерекелерде ғана өтеді. Аудан тұрғындарының бәрі мал ұстайтын болғандықтан етке зәру емес. Демек, қала жұрты үшін қазіргі науқанда апта сайын жәрмеңке өткізу керек-ақ.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button