Басты жаңалықтарМереке

40 отбасы баспаналы болды

Тұңғыш Президент күнінде Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 40 пәтер берілді. Қала әкімдігінде пәтер кілттері тұрғындарға салтанатты түрде табыс етілді. Жиынға «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов, ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Қанат Сәрсенбаев қатысты.

Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин жиналғандарды мерекемен құттықтады.

— Қалада мемлекеттік, оның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үйлер салынып жатыр. «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында да  тұрғындар баспанаға қол жеткізді. Ақтөбеде  коммерциялық және мемлекеттік бағдарлама бойынша 61 тұрғын үй бой көтеруде. Басты мақсат — осы арқылы  халықты баспанамен қамтамасыз ету. Жыл сайын қалада халық саны өсіп келеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар тоқтамайды. Бүгін, міне, жаңа пәтерге ие болғалы отырсыздар. Құттықтаймын! Отбасылар аман, үйлеріңізде қуаныш болсын, — деген қала әкімі ипотекалық компания басшылығына алғысын білдірді.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Қанат Сәрсенбаев Ақтөбеге алғаш рет келіп тұрғанын айтты.

— Қала әдемі, көркімен баурап алды. Құрылыс жұмыстарының қарқынды жүріп жатқанын байқадым, — деген жауапты хатшы пәтер иелерін құттықтады.

«Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов Елбасының тапсырмасымен «Нұрлы жер» бағдарламасы жүзеге асқалы 18 мыңнан аса қазақстандық баспаналы болғанын айтты.

Компания және ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен Білім беру министрліктері арасында үш жақты меморандумға қол қойылған. Осы келісім аясында денсаулық және білім беру саласының қызметкерлері жеңілдетілген шарттармен  «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша  пәтерге қол жеткізеді.  Жалпы  мұғалімдер мен медицина қызметкерлері үшін жалға берілетін тұрғын үйді қаржыландыруға компания шамамен 40 миллиард теңге бөлуді жоспарлаған. 2020 жылдың бірінші жарты жылдығында Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды қалаларында пәтер беру көзделіп отыр.

Жиында ипотекалық компания мен қала әкімдігінің арасында екі жақты келісімге қол қойылды.

Бұл жолы 40 пәтер денсаулық және білім беру қызметкерлеріне берілді. Тарқатып айтқанда, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің 17 қызметкері мен Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 23 қызметкері баспанаға ие болды. Пәтер кілттерін ҚР Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Қанат Сәрсенбаев пен медициналық университеттің ректоры Мұрат Телеуов салтанатты түрде табыс етті.

Жаңа баспанаға ие болған тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Соның бірі — Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушысы Самат Жекеев. Саматтың жасы 28-де, екі қызы бар. Отбасымен бес жыл бойы пәтер жалдап келіпті. Пәтерге айына 50-60 мың теңге төлеген кездері болған.

Кішкентай баламен пәтер жалдап жүру қиын. Бүгін сол қиындықтардың бәрі ұмытылғандай болды. «Нұр-Ақтөбе» ауданынан алғашқы салымсыз бір бөлмелі пәтерге ие болдық. Жиырма жыл айына 29 мың теңгеден төлейміз. Бұрын пәтерге бұдан екі есе ақша төлеп келдік. Сондықтан пәтер бағасы біз үшін тиімді, — деді Самат.

Ал медициналық университеттің қызметкері, көпбалалы ана Сәбира Әмірғалиева да қуанышын бөлісті.

Университетте еден жуамын. Бес балам бар. Бес-алты жылдан бері пәтер жалдап жүрмін. Пәтер ақысы өте қымбатқа түседі. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үй берілетінін естігенде қатты қуандым. Баспана алуға осындай мүмкіндік жасаған басшылыққа алғысым шексіз, — деді.

Жаңа пәтердің кілтін алған тұрғындар суретке түсіп, бір-бірін құттықтап жатты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button