Жаңалықтар

900 жаңа жұмыс орны ашылып, астық дер кезінде жиналды

Баспасөз мәслихаты

Ақтөбе облысының өңірлік коммуникациялар қызметі облыстың бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен бірге Әйтеке би ауданына барып баспасөз мәслихатын өткізді.

Олар алдымен Қарабұтақ ауылдық округінде болып, Т.Шевченко атындағы жалпы білім беретін орта мектептің тынысымен танысты. Аралас мектепте  бала саны тұрақты. Бірінші сыныптан он бірінші сыныпқа дейін 22 орыс-қазақ сыныптары бар. Қазіргі таңда 246 бала білім алып жатыр. Екі жыл бұрын күрделі жөндеу жүргізілген.  Мектеп директоры Жанаргүл Қуанышованың айтуынша, былтырғы 22 түлектің 20-сы грантқа ие болған. Мектептерде бала санының қалыпты болуы тұрғындардың көшуі азайып, біржола тұрақтанғанын білдіреді.

Жалпы тоғыз жолдың торабында орналасқан Қарабұтақтың екі жағынан да республикалық жолдар өтіп жатыр. Ауданның өзге ауылдарымен салыстырғанда округтің әлеуметтік жағдайы көш ілгері.

3 мыңнан аса халқы, бес жүздің үстінде үйі бар округте 36 шаруа қожалығы, 93 кәсіпкер жұмыс жасайды.

Биыл бес адам грантқа ие болып, кәсіптерін бастаса, 8 тұрғын осы мақсатта несие алды. Бірнеше жанар-жағармай бекеттерімен қоса 5 ірі кемпинг бар. Ауа райының қолайсыздығына байланысты жолда қалса, жолаушылар сол жерге орналасады. Облыс орталығына такси бір бағыт бойынша 1500 теңгеден дамылсыз қатынап тұр. Одан бөлек «Хайс» шағын автобусы барып келуі екі мың теңгеден күніне бір мезгіл жүреді, — дейді ауыл әкімі Кеңшілік Байдрахманов.

Әйтеке би ауданының орталығында жыл аяғына дейін екі ғимарат пайдалануға берілмек. Мердігерлердің айтуынша, оған мүмкіндіктері бар. Екі қабатты сот пен прокуратура үйінің құрылысы аяқталып қалған. Онда жергілікті тұрғындар жұмыс жасайды. Ал 16 пәтерлік екі қабатты коммуналдық жалдамалы үй  орталық аурухананың ауласында орналасқан. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында басталып, кейін тоқтап қалған ғимарат биыл күрделі жөндеуден өтіп, кезекте тұрған жас мамандарға, дәрігерлерге, көпбалалы отбасыларға берілмек. «Бабек құрылыс» ЖШС салып жатқан үйдің жобалық құны — 116,2 миллион теңге. Қазір құрылыс алаңында жергілікті 15 жұмысшы маусымдық жұмыспен қамтылған.

Журналистер аудан орталығындағы биыл ашылған шағын кәсіпкерлік нысандарды аралады. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік палатасының «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқып, 500 мың теңгенің грантын ұтып алғандардың бірі Сансызбай Алмағамбетов шағын тіс емдеу емханасын ашқан. М.Оспанов атындағы медицина университетін тіс дәрігері мамандығы бойынша бітірген ол жеке клиникаларда жұмыс жасап, біраз тәжірибе жинапты. Өзінің жиған қаржысына арнайы құралдар сатып алып, қазіргі таңда тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетіп отыр. Бір қызығы, тісі ауырған  адам кез келген уақытта шақырса  түн демей бара береді. Бұл кешкі алтыдан соң ұстатпайтын тіс дәрігерлеріндей емес, тұрғындар үшін ыңғайлы болып тұр.

Ал «Бастау Бизнес» бағдарламасы аясында  ашылған «Ізет» оқу орталығы болашақ түлектер үшін жақсы мүмкіндік болмақ. Онда оқушылар сабақтан тыс уақытта ақылы қосымша оқуға келеді. Әр оқушы айына 3 мың теңге төлейді. Кәсіп иесі Жазира Өмірзақтың айтуынша, жолдасы екеуі оқу орталығын ашуды біраздан бері жоспарлаған. Бір айдың ішінде әр сыныптан 25-30-дай бала жиналған. Оқу орталығының ерекшелігі, ұлттық бірыңғай тест пен олимпиадаларға жаңа бағдарлама бойынша дайындалып, логикалық есептер шығарып, ментальды арифметика және онлайн түрінде тесттер тапсырып, мектеп бағдарламасын тереңірек ұғынады. Мұнда ересектерге ағылшын тілін де үйретеді.

Бес жүз мың теңгенің грантын ұтып алған тағы бір кәсіпкер тігін цехын ашқан. Көпбалалы ана Гүлзат Өтепбаева алты адамды жұмысқа алып отыр. Бұған дейін тігіншілерді даярлаумен айналысқан ол бұл істі одан әрі жалғастыратынын айтады. Алдағы уақытта жер телімін алып, ғимарат салып, кәсібін кеңейтпек. Оның тігін шеберханасы қазақы, ұлттық нақыштағы киім үлгілерін тарту етпекші.

Аудан орталығындағы тағы басқа да нысандарды аралаған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне аудан әкімі Мәди Елеусізов ауданның 2019 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстары мен алдағы жоспары туралы баяндап берді.

Облыс орталығынан 320 шақырым жердегі аудан Ресей Федерациясы, Қостанай облысы және Ақтөбе облысының бірнеше аудандарымен шектеседі. 15 селолық округі, 28 елді мекені бар ауданда 24 мыңнан астам халық тұрады.

Он айдың ішінде ауданның экономикалық даму көрсеткіштерінде өсім бар. Айталық, өндірілген өнім көлемінің құны  5819,1 миллион теңгені құраған. Бөлшек тауар айналымы 2,8 миллиард теңгеге жетті. Нақты кіріс 682,5 миллион теңге болып, жоспар 104,2 пайызға орындалған. Алайда ауданда шешімін күткен істер әлі де жетерлік.

Халықтың негізгі үш мәселесі — ауызсу, көгілдір отын және жол. Бұған интернет жүйесі де енеді. Біз өз күшіміздің жеткенін жасап жатырмыз. Алда жоспарлар көп. Қазір ауданда 13 елді мекен ауызсумен, 5 елді мекені газбен қамтылды. Талдысай, Жамбыл ауылдарына газ құбырын тарту жұмыстары жүріп жатыр. Құмқұдық, Аралтоғай ауылдарына газ апару үшін жобалар дайындалуда. Астық түсімі былтырғы жылмен салыстырғанда төмендеу болды. Бірақ дер кезінде орып, жинап алдық. Ауданымызда кен барлау жұмыстары жүріп жатыр. Болашақта жеріміздің қазба байлықтарын игеруге мүмкіндік туады. Өзімізден шыққан әр зат ауданның игілігіне жұмсалады. Жыл басынан бері 899 жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыссыздық деңгейі — 2,9 пайыз. Әрине, проблемаларымыз да жоқ емес. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша даланы малға, ауылды жанға  толтыруымыз керек. Жылыжай кешенін салу да бүгінгі күннің талабы, — деді журналистердің сауалдарына жауап берген аудан басшысы.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button