Басты жаңалықтарБилік

Оңдасын ОРАЗАЛИН: Саннан бұрын сапаға мән беретін кез жетті

Жұма күні Nur Otan партиясы облыстық филиалының актив отырысы өтті. Жиын аталған партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 25 қараша күнгі партияның аймақтық филиалдары өкілдерімен кездесуінде берген тапсырмаларын талқылауға арналды. Өңір басшысы Оңдасын Оразалин төрағалық еткен басқосуға партияның облыстық және қалалық филиалдарының өкілдері, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, ардагерлер мен белсенді жастар, сондай-ақ журналистер қатысты.

Бірінші боп сөз алған облыс әкімі алдымен ҚР Тұңғыш Президенті күнімен құттықтап, Елбасының партияның аймақтардағы өкілдерімен өткен кездесуі мен онда берілген тапсырмалар күн тәртібіндегі негізгі мәселе екенін атап өтті.

— Кездесу барысында Елбасы партияның жергілікті жерлердегі жұмысының бірқатар негізгі бағыттарына тоқталды. Біріншіден, бұл әр әкім мен мәслихаттарда фракциялар депутаттарының партиялық жауапкершілігін күшейту бюджет қаражатының жұмсалуына партиялық бақылауды күшейту. Одан өзге депутаттардың жұмысын одан әрі жақсарту және барлық мәслихаттардың мәртебесін нығайту жөніндегі шаралар.
Сондай-ақ, Елбасы сапалы партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін ашық ішкі партиялық іріктеу жүргізудің маңызына назар аударып, сайлау алдындағы партиялық тізімдер әрбір мәслихатқа әйелдердің кемінде 30 пайызын және 35 жасқа дейінгі жастардың 20 пайызын қамту қажеттігін тапсырды,
— деді Оңдасын Оразалин.

Одан соң сөз алған Nur Otan партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дариға Исмағамбетова Ақтөбеде атқарылып жатқан жұмыстарды баян етті. Оның айтуынша, өңірде партияның қатарындағы азаматтардың саны — 34 мың. Соның 21 пайызын жастар құрайды.

Партияның саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасының «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» атты партияны қайта жандандыру бағдарламасы қабылданды. Оның басым бағыттарының бірі – «ядролық электоратты» қалыптастыру.

Бүгінгі таңда партияның облыстық филиалына қарасты 250 бастауыш партия ұйымында 34 мың партия мүшесі бар. Сапалық  құрамға сәйкес, оның 21 пайызын жастар құрайды.

Партия төрағасының тапсырмасы бойынша республикада Nur Otan партиясының кадрлық резервіне үміткерлерді іріктеудің пилоттық жобасы жүзеге асырылды. Мұғалжар ауданында жүзеге асырылған партияның кадрлық резервіне пилоттық іріктеуіне 73 үміткер қатысты. 2 мың партия мүшесі дауыс берді. Қатысушылардың 37 пайызы әйелдер болса, 42 пайызы — 35 жасқа дейінгі жастар. 44 үміткерді бастауыш партия ұйымы, ал 29-ы өзін-өзі ұсынды. Жалпы, партиялық іріктеу беделді көшбасшылар мен танымал адамдардан құралған сапалы партиялық тізімді қалыптастыруға мүмкіндік берді. Пилоттық  жоба партия жұмысына жаңа серпін берді. Қатарымыз белсенді жастармен толықты.      

Партия бағдарламасындағы 7 серпіннің бірі — әлеуметтік топтарға бағытталған  партиялық жобалар. Осы жылдың қыркүйек айында 24 партиялық жоба оңтайландырылды. Қазіргі уақытта партияның нақты әлеуметтік топтарға арналған  6 әлеуметтік жобасы іске асырылып отыр. Олар — «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы», «Құтты мекен»,«Халыққа көмек», «Жастар — Отанға» жобалары, — деп әрқайсысына жеке-жеке тоқталды ол.

Айталық, «Халыққа көмек» партиялық жобасы аясында соңғы екі ай ішінде қабылдаулардың саны үш есеге өсіпті. Екі жарым мың өтініштің 46 пайызы оң шешімін тапқаны да айтылды. Бұл көрсеткіш, өткен жылмен салыстырғанда, 18 пайызға артқан деседі.

Сонымен қатар халықпен жұмысты белсенді жүргізу мақсатында мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының қабылдау кестесі бекітілген. Партияны қайта жандандыруға арналған бағдарламаға сай, партия органдарының қызметі де қайта қаралыпты. Қазіргі таңда қоғамның күн тәртібіндегі сұранысты ескере келе, партиялық бақылау комиссиясы мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің құрамы жаңартылғаны да тілге тиек етілді. Күн тәртібінде — «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», басқа да мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру мәселелері, өңірлерде азаматтардың өтініштерімен еңбекпен қамту, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес. Осы орайда бюджеттік қаражат қалай жұмсалып жатыр, соған бақылауды күшейтуге қатысты депутаттар — фракция мүшелерінің есеп беру кестесі және бекітілген.

— Бүгінде облысымызда 200 мыңнан астам жас бар. Қазіргі кезде 2025 жылға дейінгі «Жастар — Отанға!» бағдарламасы әзірленуде. Бағдарлама жастардың барлық өзекті  мәселелеріне жауаптарды қамтитын болады. Ол үшін жастардың сұраныстары, осы саладағы халықаралық тәжірибе жан-жақты зерттеліп жатыр. Аталған бағдарлама келесі жылдың сәуір айында өтетін «Jas Otan» съезінде  қабылданатын  болады, — деп атап өтті партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.

Ал Мұғалжар ауданындағы бастауыш партия ұйымының жетекшісі, «Мұғалжар» аудандық газетінің бас редакторы Әнуар Есқара өз баяндамасында кадрлық резервке іріктеу ісіне басымдық берді:

Партия мүшелерін сараптау жұмыстары жүргізілді. Жыл басында бастауыш партия ұйымында 118 партия мүшесі болса, бүгінде 124-ке жетті. Әлі де болса партия мүшелерінің санын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. «Мұғалжар» газеті» бастауыш партия ұйымындағы мүшелердің дені — бюджет саласының қызметкерлері.

Партияны қайта жандандыру барысындағы 7 серпіннің бірі — кадрлық резервке іріктеуге қатысты пилоттық жобаның Мұғалжар ауданында өткені баршаңызға белгілі. Бұл жұмыс аудан көлемінде үлкен қолдауға ие болды.

Nur Otan партиясының жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасындағы партиялық кадрлық резервке іріктеу біз секілді елдің ертеңі үшін қызмет ететін жастарға серпін берді. Оның маңызын ауданда өткен науқанның барысында аңғардық, — деді.

Сондай-ақ облыстық маслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова жергілікті депутаттардың партия жобаларына қатысты жұмыстарын, Nur Otan партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жүктеген тапсырмаларының орындалуы туралы сөз сөйледі.

— Облыста 204 депутат бар. Олардың орташа жасы — 51.

Жыл өткен сайын облыс бюджетіне бөлінетін қаржы көбейіп келе жатыр. Оның тиімді жаратылуын, барлық құжаттамалық жұмыстардың талапқа сай жүргізілуін облыстық мәслихат әрдайым назарда ұстайды. Барлық әлеуметтік мәселелердің шешілуі де біздің бақылауымызда.

Әлі де әр депутаттың партия алдындағы жауапкершілігін молайту керек деп білемін. Екіншіден, партиялық қадағалау да күшейтілсе, артық болмайды, — деді С.Қалдығұлова.

Өз кезегінде Оңдасын Сейілұлы «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» атты партияны қайта жандандыру бағдарламасы іске қосылғанын айта келе, нәтиженің нақты жұмыспен көрінетінін қосты.

— Партияның бастауыш ұйымының өкілдері өздерінің белсенділігін одан сайын арттыра түседі деген ойдамыз. Жүйелі жұмыстарды көбейту керек. Партияның өз ішінде тәртіпті күшейтіп, қоғамдық жұмысқа ықыласты адамдарды қолдау қажет. Азаматттар, партия мүшелері арқылы халыққа мемлекеттік жобалар, Үкіметтегі жаңашылдықтар туралы жете түсіндіру жұмыстары көбірек өткізілсе, ақпараттандыру шаралары жан-жақты жүргізілсе деген тілек бар. Сосын Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері де жаппай жеткізілсе деймін. Әлі де шешілмей жатқан әлеуметтік мәселелер бар. Соны шешу үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, партияның құрамын шынымен осы іске жаны ашитын, белсенді азаматтармен толықтыра түсу қажет. Саннан бұрын сапаға мән беретін кез жетті. Бізге керегі сол. 

Партиялық ішкі праймеризді түсіндіру және дайындық жұмыстарын жүргізу, «Қазақстан – 2050» Стратегиясын, Nur Otan партиясының қайта жандандыру жұмыстарының нәтижелерін түсіндіру бойынша жүйелі ақпараттық жұмыстарды ұйымдастырып, нақты жергілікті мәселелерді есепке ала отырып, сайлауалды бағдарламаның жобасын әзірлеу, 2020-2023 жылдарға арналған мемлекеттік бюджет көрсеткіштерін салалық бөліністе қамти отырып, партия активтеріне жеткізу және оның орындалуына партиялық мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырамын, — деді облыс басшысы.

Ұйымның облыстық филиалының актив отырысы қатарға жаңадан қабылданған 10 азаматқа партия билетін салтанатты түрде табыстап, сондай-ақ «Үздік бастауыш партия ұйымы» республикалық байқауының облыстық кезеңінің 8 жеңімпазын, 4 партия ардагерін Алғыс хатпен марапаттаумен жалғасты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button