Басты жаңалықтарМереке

ҚР Тұңғыш Президентінің музейі: құнды құжаттар, жәдігерлер мен сыйлықтар

Тұңғыш Президент күні қарсаңында ел астанасы — Нұр-Сұлтан қаласындағы сәулетті кешендердің бірі — Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің музейіне экскурсияға баратындардың саны артады. Өйткені баламасы жоқ орталықта Елбасының алғашқы жұмыс кабинетін қаз-қалпында көруге, Нұрсұлтан Назарбаевқа тарту етілген сыйлықтармен танысуға мүмкіндік бар. Тіпті мұнда оның қағазға өз қолымен жазған тапсырма-бұйрықтары да сақталған.  Сондықтан құнды жәдігерлерді тамашалауға келетіндердің қатарында шетелдіктер де кездеседі…

 …Шаңыраққа қара!  

Музейге келген адамның көзіне ең әуелі кіреберістегі ерекше алаң түседі. Мұнда көрік беріп тұрған композиция — киіз үйдің шаңырағын бейнелейді. Бұл Аспан мен Жердің, өткен мен бүгіннің және болашақтың байланысын білдіреді. Композицияда дүниенің төрт бұрышын байланыстыратын «төртқұлақ» элементінің пайдаланылуы мемлекетіміздің әлемнің әр алуан елдерімен достық қарым-қатынасын аша түседі. Бұған Қазақстан жерінде жоғары мәртебелі қонақтардың —  Молдова, Армения, Польша, Румыния, Түркия мемлекеттерінің басшылары, Малайзияның жоғарғы билеушісі, БҰҰ-ның Бас хатшысы, т.б. болғанын бейнелейтін фотосуреттер айғақ бола алады. Сонымен бірге, бұл жерде ұлы бабаларымыздың, түркі қағандарының, қыпшақ және қазақ хандарының байрақтары, тайпалардың, рудың, мемлекеттің жоғары лауазымды тұлғаларының ерекше айырым белгілерін көруге болады. Символдар «аң стилінде» орындалған.

Әрине, музейдегі басты ұғымдар экспозициялармен тікелей байланысты. Ал мұнда тұрақты көрмелердің саны біршама. Мәселен, «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» күмбезді залы — резиденцияның ең әдемі әрі кең залдарының бірі. Күмбездің биіктігі — 4,5 метр. Мұнда мемлекетіміздің жаңа астанасы туралы хабар алғаш боп жарияланып, түркі тілдес мемлекеттер саммиті өткізілген. Сонысымен осы залдың, басқалармен салыстырғанда, теңдесі жоқ.

«Қарулар коллекциясы» экспозициясына келсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен Қауіпсіздік кеңесінің отырыстары, министрліктер мен ведомстволардың басшыларымен кездесулер, кеңестер өткізілген. Мұнда түрлі мемлекет басшылары, шетелдік ұйымдардың өкілдері, басқа да жоғары лауазымды тұлғалар сыйға тартқан әр алуан қару түрлері қойылған. Атап айтқанда, залда сәндік қарулар, аң аулауға арналған, қорғаныс және атыс қарулары бар.

«Қазақстан Республикасы: мемлекеттің қалыптасуы мен даму стратегиясының айқындалуы» экспозициясы — негізгі залдардың бірі. Еліміздің қалыптасу мәселелеріне арналған экспозиция бұрынғы Резиденцияның Мәжіліс залында орын тепкен. Мұнда Тұңғыш Президенттің Үкімет мүшелерімен кездесулері, Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшыларымен, әкімдермен, министрліктердің басшыларымен, сондай-ақ халықаралық ұйымдар және БАҚ өкілдерімен кеңестері өткен. Экспозицияда ішкі нарыққа емес, кеңестік кезеңдегі Одақтың қажеттілігіне бағытталған ел экономикасының күрделі әрі әркелкі өзгеруі қысқаша, жинақы етіп берілген. Астананы көшіру мен оның құрылысына қатысты мұрағат құжаттары, суреттер, карталар, эскиздер мен басқа да экспонаттар ел үшін мәні зор тарихи сәтті бейнелейді.

Коллекцияда 7 мыңнан астам сыйлық бар

Музейде Елбасының еңбек жолына ерекше мән берілген. Музейдің кезекті бөлімі де солай аталады — «Н.Ә.Назарбаевтың еңбек жолы». Аталған экспозиция бұрынғы Резиденцияның қабылдау бөлмесіне орналастырылған. Тұрақты көрме Тұңғыш Президенттің еңбек жолының басталуы мен саяси мансаптық өсу жолын көрсетеді. Ұсынылған экспонаттар келушілерді алдымен Н.Назарбаевтың Теміртау қаласындағы металлургия зауытында жұмыс істеген, сондай-ақ Днепр металлургия зауытының жанындағы №8 Днепродзержинск техникалық училищесінде оқыған кезеңімен таныстырады.
Фотоқұжаттар, күнделік-дәптер, құттықтау телеграммалар да құнды жәдігерлердің қатарында.

— «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еңбегінің қоғамға танылуы» экспозициясы Елбасыға берілген құрметті атақтармен және сыйлықтармен таныстырады. Музейдің мұрағат қорынан Тұңғыш Президентті ресми марапаттау рәсімдері жазылған бейнесюжеттерді залда трансляциялау осы оқиғаларды қайта жаңғыртуға көмектеседі. Мұнда бас-аяғы 91 жәдігер бар.

Президенттің елордадағы алғашқы кеңсесінде жұмыс кабинеті қандай болған? Бұл сұрақтың жауабын музейдегі тұрақты көрмеден ала аласыз. Бір ерекшелігі — Елбасының кабинеті өзінің бастапқы қалпында, яғни сол күйінше сақталған. Жазу құралдары, ішінде жазбалар қалдырылып, белгілер қойылған қойын дәптер, сөйлеген сөздерінің тезистері мен үстел үстіндегі құжаттар Нұрсұлтан Әбішұлының қызу жұмысынан сыр шертіп тұр. Ал келіссөздер үстелінің басында әкімшіліктің жауапты қызметкерлерімен, Үкімет мүшелерімен, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерімен қызмет бабындағы кеңестер өткізілген, — дейді аталған музейдің экскурсия қызметінің сарапшысы Гүлім Ідірісова.

Залға қойылған суреттерде кейбір маңызды кездесулер бейнеленіпті. Әсіресе, осы залды көруге қызығушылық танытып, арнайы сұранып келетін шетелдіктерде қисап жоқ көрінеді.

Тағы бір қызықты экспозиция, сөзсіз, Нұрсұлтан Назарбаевқа тарту етілген сыйлықтар қойылған зал десек болады. Күмбезді залға іскерлік кездесулер мен келіссөздер, ресми сапарлар кезінде Нұрсұлтан Назарбаевқа табысталған сыйлықтар — кескіндеме, мүсін, сәндік-қолданбалы өнер туындылары қойылған. Тұңғыш Президентке тарту етілген сыйлықтардың саны коллекцияда 7 мыңнан асады, ал олар әлемнің 50-ден астам елінде дайындалған.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Музей 2004 жылдың 28 тамызында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Жарлығымен құрылды. Ресми деректерге сүйенсек, мәдениет мекемесіне күніне шамамен 500 адам келеді.

Тұнған тарих, ескірмейтін естеліктер…

Биыл құрылғанына 15 жыл толған музейдің Тәуелсіз Қазақстанның даму жолында алатын орны зор. Негізінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет болып қалыптасуымызға сіңірген еңбегі һәм қосқан үлесі кеңінен көрініс тапқан кешенде аса маңызды тарихи шешімдер қабылданғанын айтпай кетуге болмайды. Мәселен, музейдің Күмбезді залында 1997 жылдың 10 желтоқсанында Ақмола қаласын еліміздің астанасы деп жариялады. Сондай-ақ, дәл осы залда 1997 жылдың 12 желтоқсанында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан мемлекеттері басшыларының бас қаладағы тұңғыш кездесуі өткен еді. Сол секілді айтулы шаралар, ерекше маңызға ие басқосулар, мемлекеттік жиындар өтетін мұражайдың тарихы қазірден-ақ әріден сыр шертеді.

— Мұражайда жылма-жыл халықаралық, аймақаралық  әріптестік, басқа да жобалар аясында 20-дан астам көрме ұйымдастырылады. Кіру — тегін. Тек келушілер алдын ала жазылып, сұраныс беруі қажет. Кейін топтық экскурсиялар өткізіліп, осындағы барлық мұралар жіті таныстырылады, — дейді музей қызметкерлері.

Ресми деректерге сүйенсек, музей келушілерге жұмыс істегелі бері оның жұмысына 1 миллионнан астам адам куә болыпты. Олардың арасында алыс-жақын мемлекеттердің басшылары, ресми делегациялар, Нұр-Сұлтанның тұрғындары мен қонақтары бар.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button