Басты жаңалықтар

Апатты үйлер мәселесі: 205 отбасы жаңа үйге көшіріледі

Тұрғын үй

Ақтөбе қаласының тұрғыны Алтын Асқарова сегіз жылдан бері Чекалин көшесіндегі апатты жағдайдағы үйлердің бірінде тұрады. Ресейден қоныс аударған кезде ол сатып алған үйінің мұндай күйде екенін білмеген. Бүгінде төбесінен су ағып, коммуналдық жүйелерінің әбден тозығы жеткен үй құлаудың аз-ақ алдында тұр.

Қазір Ақтөбе қаласы бойынша «апатты» деп танылған 17 көппәтерлі  тұрғын үй бар. Алтынның тұратын үйі — солардың бірі.

61 отбасы пәтер алу кезегінде тұр

Бүгінде қаладағы ең өзекті мәселелердің бірі — апатты жағдайда тұрған ескі үйлер. Ресми мәліметтерге жүгінсек, қазіргі уақытта Ақтөбе қаласы бойынша «апатты» деп танылған  17 көппәтерлі тұрғын үй тіркелген. Олардың жалпы ауданы — 7,4 мың шаршы метр. Ол үйлерде 208 пәтер бар.  Үйлерді аралау қорытындысына сәйкес мұндай тұрғын үйлерде 540 адамның тұрып жатқандығы анықталған.

Сонымен қатар қала бойынша тозығы жеткен тұрғын үйлер қатарына жататын  497 көп қабатты тұрғын үй бар. Олардың техникалық тексеру актісінің болмауына байланысты, бүгінгі күні аталған үйлердің техникалық жай-күйін бағалау мүмкін емес.
Апатты үйлердің тұрғындарын көшіру мәселесі бойынша  тұрғын үйі заңнамада белгіленген тәртіппен «авариялық жағдайда» деп танылған азаматтарға баспана беру кезек тәртібімен шешіледі. Бүгінгі күні Ақтөбе қаласы бойынша осы санат негізінде тұрғын үй қорында баспанаға мұқтаж ретінде мемлекеттік кезекте 61 отбасы тұр, — деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметіндегілер.

Жаңа үйлер бой түзеп жатыр

Мамандардың айтуынша, Ақтөбе қаласында апаттық үйлер мәселесін шешу бағытында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде «апатты» деп танылған көппәтерлі тұрғын үйлерді сатып алу және бұзу бойынша  жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нақтырақ айтсақ, 2017 жылы «Керемет үй» құрылыс компаниясы Есет батыр көшесі, 106 «а» үйдің 8 пәтерін 57,6 миллион теңгеге (әр пәтердің орташа бағасы — 7,2 миллион теңге) көлемінде сатып алып, бүгінгі күні оның орнына 9 қабатты 54 пәтерлі монолитті тұрғын үй құрылысын жүргізуде. Биыл «АктобеЖилСтрой» құрылыс компаниясы қаланың Маресьев көшесі, 31 мекенжайындағы  тозығы жеткен көппәтерлі тұрғын үйді бұзып, оның орнына 5 қабатты 50 пәтерлі тұрғын үй салуда. Аталған құрылыс жұмыстарын аяқтау мерзімі — 2020 жылдың маусым айы.

«Сәттілік» тұрғын үй кешені салынады

Сол сияқты «Жастар Құрылыс» құрылыс компаниясы да осы бағытта үлкен қызығушылық танытқан. Бұл компания қаланың Жаңақоныс ауылында 250 пәтерлі көп қабатты тұрғын үй салып, сол үйлерге Ақтөбедегі «апатты» деп танылған  үйлердің тұрғындарын көшіруді жоспарлап отыр. Ақтөбе қаласы әкімдігіндегілердің айтуынша, қазіргі уақытта аталған құрылыс компаниясы  тұрғын үй құрылыс аумағын дайындауға кіріскен.

Ертеректе салынған үйлердің бүгінде тозығы жеткен. Қазір қалада апатты жағдайда 17 үй бар. Біз  бұл бағытта ескі үйлердің орнына жаңа тұрғын үй салу турасында мердігер компаниялармен келісіп жатырмыз. Бүгінгі таңда бұл бағытта  Маресьев көшесінде құрылыстар басталып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, қаланың Чекалин көшесі бойындағы ескі үйлерде тұратын тұрғындар баспаналарының әбден тозығы жеткенін айтып, шағымданған болатын. Тұрғындардың өтініші бойынша Жаңақоныс елді мекенінен жер бөлініп, мердігер компания анықталып, жобалық-сметалық құжат әзірленді. Енді жақын аралықта құрылыс жұмыстары басталуы керек деп жоспарлап отырмыз. Бұл жерде апатты жағдайдағы үйлерде  тұрған 205 отбасы үшін 5 жаңа үй салынбақ. Олардың барлығы — Чекалин көшесіндегі ескі үйлердің тұрғындары. Жоспарымыз ойдағыдай жүзеге асса, апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындарының үштен бірін жаңа баспанамен қамтамасыз етпекпіз. Алдағы үш жылда бұл мәселені толық шешуді жоспарлап отырмыз, — деген болатын жақында журналистерге Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, апатты жағдайдағы үйден жаңа баспанаға көшірілетін тұрғындардан қосымша қаражат алынбайды. «Бір бөлмелі үйде тұрған отбасыға жаңа үйден де бір бөлме тиесілі. Бірақ ескі үй мен жаңа үйдің пәтерлерінің жалпы ауданы сәйкес келмейді. Ең бастысы — қоныс аударушы жаңа үйге тегін қол жеткізеді, айырмашылығын төлемейді. Ал бір бөлмелі пәтерде тұратындар екі бөлмелі пәтерге қоныс аударғысы келсе, онда арадағы айырмашылық бағасымен есептеседі. Тұрғындармен осы мәселеде келіссөздер жүргізіліп жатыр», — деді М.Абдуллин.

Жаңақоныс ауылында бой түзейтін «Сәттілік» тұрғын үй кешеніндегі құрылысты жобалаушы — «Рудстрой ЛТД» ЖШС. Мұнда тұрғызылатын 5 үйдің жалпы ауданы — 19,3 мың шаршы метр. Жоба бойынша, мұндағы бір бөлмелі пәтерлердің жалпы ауданы — 43 шаршы метр, екі бөлмелі пәтерлердің ауданы — 68-71 шаршы метр, ал үш бөлмелі пәтерлердің ауданы 72-89 шаршы метр болмақ.

Алтынның қуанышы
Биыл шілде айында қалалық әкімдіктің мамандары осындай жаңалықты айтқанда, ерекше қуандық. Екі балам бар. Қазір біз 63 шаршы метр аумақты қамтитын апатты жағдайдағы үйдің екі бөлмесінде тұрамыз. Ресейден қоныс аударған кезде осы үйге орналасқанбыз. Ол кезде үйіміздің жағдайы дәл мұндай болмады. Үйіміздің қабырғалары құлап, төбесінен тамшы ағады, сыз, оның үстіне канализациялық желілері де әбден тозған. Қазір үйіміз апатты жағдайда тұр. Енді Жаңақоныстан бізге жаңа үй салып беретін болды. Қуана-қуана келістік, — дейді қаладағы Чекалин көшесі 44-үйдің тұрғыны Алтын Асқарова.

Бұл — Алтын үшін күтпеген жаңалық. Ол жаңа үйіне кіруге асық. Енді ол «Сәттілік» тұрғын үй кешенінен үш бөлмелі үй алуға ниетті.

Әкімдіктегілердің айтуынша, үй құрылысы келер жылдың маусым айында аяқталмақ. Біз бұл бағытта барлық іске өз тарапымыздан келісімімізді беріп отырмыз. Ең бастысы — іші әрленген, дайын пәтерге қол жеткізбекпіз. Қазіргі күні біз тұратын үй жайсыз жерде орналасқан. Жанымызда түрме бар. «Сәттілік» тұрғын үй кешенінің тыныш ауданнан әрі ауасы кең аймақта тұрғызылатынына қуаныштымыз, — дейді Алтын Асқарова.

Чекалин көшесіндегі апатты үйлердің тұрғындары Жаңақоныс ауылының қаладан онша қашық емес екенін біледі, ең бастысы, жаңа баспаналы болатындарына сенімді. Олар үйлерінің қай маңнан тұрғызылатынын көру үшін «Сәттілік» тұрғын үй кешенін өздері көріп те қайтқан.

Біздің басымыздағы мәселені шешу үшін осындай жағдай жасап жатқан жергілікті билікке айтар алғысымыз шексіз. Арамызда апатты үйді ширек ғасырдан астам уақыт паналап келген отбасылар да бар, — дейді А.Асқарова.

Келер жылы 45 үй жаңғыртылады

«Өңірлерді дамыту — 2020» бағдарламасы аясында 2011-2019 жылдар аралығында Ақтөбе қаласындағы 141 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұл жұмыстарға жалпы сомасы  2 301,9 миллион теңге жұмсалыпты. Оның ішінде  республикалық бюджеттен — 1 168,7 миллион теңге, ал жергілікті бюджеттен 480,0 миллион теңге бөлінді, қайтарым қаражатының мөлшері —  557,9 миллион теңге.
Мамандардың айтуынша, келер жылы қаладағы 45 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бүгінгі күні аталмыш үйлерге техникалық сараптама қорытындысы жасалып, жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.

Үйлерді модернизациялау — апаттық жағдайлардың алдын алу. Кеңестік кезеңде салынған үйлердің төбесінен төменгі бөлігіне дейін су кетіп, мұндай үйлер күтімсіз қалды. Соның нәтижесі апаттық жағдайға әкеліп соқтырды, — деген болатын Мавр Абдуллин.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button