Жаңалықтар

Нысандарды аралады, тапсырмалар жүктеді

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласындағы бірқатар нысандарды аралап, олардың жұмысымен танысты.

Облыс әкімі алдымен Ақжар көпірінен өтетін Қарғалы өзені жағасын таспен жабындау жұмыстарын көрді. Бүгінгі күні арнайы бөлінген қаражатқа Тамды, Қарғалы, Елек, Сазды өзендері маңын таспен жабындау жұмыстары жүргізілуде.

Жауапты мердігер мекемелер таспен жабындау жұмысын 10 желтоқсанға дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Ал қалған өзендерде бұл іске дайындық жүргізілуде. Қарғалы, Елек, Сазды, Жаман Қарғалы, Тамды, Жіңішке, Бұтақ өзендерінің   арнасын кеңейту, бекіту жұмыстарымен айналысатын «Гидрокұрылыс», «Берекелді», «СпецСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Павлодарский речной порт» АҚ мердігер компаниясының басшыларына облыс әкімі жұмыстардың сапалы жүргізілуін тапсырды.

Бұдан соң өңір басшысы Бөкенбай батыр көшесінен М.Мәметова көшесіне дейінгі, сондай-ақ №51 орта мектептің ауласында жүргізілген орташа жөндеу жұмыстарын көрді.

Қала әкімі Мавр Абдуллиннің айтуынша, бұған дейін бұл жерлерге жауын-шашыннан қалған су жиналып, тұрғындарға қиындық туғызған. Ол үшін биыл бюджеттен бөлінген 68 млн теңгеге асфальт төселіп, тротуар және қосымша тұрақ салынған.
Сондай-ақ бұл күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе халықаралық әуежайында да болды. Өңір басшысы әуежайдың жұмысымен және жоспарларымен танысты.

Әуежай желтоқсан айының соңында тағы бір әуе компаниясымен бірлесіп, жұмыс жасауды жоспарлап отыр.
Бұдан кейін облыс басшысы Сазды су қоймасы маңында орналасқан көлемі 25,1 га болатын «Баракат-Нұр» ЖШС-ның жер учаскесінде болды. Аталған аймақта коттедждер қалашығы  бой көтеріп, дүкендер мен мейрамханалар, балабақшалар салынады.
Сонымен қатар Оңдасын Оразалин білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған облыстық балабақшаға да барды.

180 орынға арналған балабақша 2018 жылы ашылған. Білім беру мекемесі балаларды сауықтыру, көркемдік-эстетикалық, интелектуалды-танымдық, тілдік дамыту бағыттары бойынша тәрбиелейді. Мұнда қазақ және орыс тілінде 16 топ жұмыс жасайды. Балабақшада 3 музыкалық және 2 спортзал, бассейн, монтессори бөлмесі, сенсорлық бөлме және логопедтік кабинеттер бар.
Облыс әкімі сондай-ақ «ACE» теннис орталығының жұмысымен де танысты.

Қазір орталықта теннистен балалар арасында халықаралық турнир өтуде. Аталған жарысқа АҚШ, Ресей, Армения, сондай-ақ Қазақстаннан жас спортшылар қатысуда.

Облыс әкімі облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысына спорттық жарыстарды БАҚ арқылы көбірек насихаттап, тұрғындар арасында салауатты өмір салтын ұстануға бағытталған шараларды көбейтуді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button