Жаңалықтар

Жаңа орталық — қуанышты сый

Өткен сенбіде Ақтөбе қаласында «Жауынгер» киокушинкай-кан каратэ орталығы ашылды.

Ақтөбе қаласындағы Тургенев көшесі, 78 «а» мекен жайында орналасқан орталықтың ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы  Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұлттық республикалық киокушинкай-кан каратэ федерацисының президенті Омархан Өксікбаев, сондай-ақ бірқатар басқарма басшылары мен қала тұрғындары қатысты.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаровтың айтуынша, бұл орталықта бүгінгі күні 200-ге жуық бала жаттығады. Оның 30 пайызы ақысыз негізде білім алады. Олар — әлеуметтік топтағы балалар. «Мақсатымыз — өңірімізде киокушинкай-кан каратэ спортын насихаттау, дамыту, жас ұрпақты салауатты өмір салтын қалыптастыруға бейімдеу», — деді басқарма басшысы.

Жаңа орталықтың жалпы ауданы — 320 шаршы метр. Федерация өкілдерінің айтуынша, мұнда 4 жастан жоғары балалар қабылданады.

Бұл — киокушинкай-кан каратэ спортымен айналысушылар үшін үлкен сый. Ақтөбелік кәсіпкердің ықпалымен ашылған мұндай орталықтың жұмыс жасауы  спортшыларға үлкен мүмкіндік туғызбақ. Бүгінгі таңда Ұлттық республикалық киокушинкай-кан каратэ федерациясы елімізде 7 мыңнан астам спортшыны қамтиды. Оның 6 мыңнан астамы — мектеп жасындағы балалар. Мұндай орталықтар жастардың үлкен спортқа келуіне жол ашпақ. Осындай біздің қолдаушыларымыз, спортқа жанашырлық танытатын азаматтарымыз болса, әлде де жастарымыздың үлкен спортқа деген сүйіспеншіліктерін арттыра түсетін боламыз. Биыл 7-8 желтоқсан күндері Нұр-Сұлтан қаласында спорттың осы түрінен әлемдік чемпионат болмақ. Қазақстан бірінші рет үлкен дәрежеге жетіп, осындай әлемдік деңгейде чемпионат өткізу мәртебесіне ие болды. Бұл — елімізде спорттың осы түрінің дамуының нәтижесі. Бұл өз кезегінде федерацияның да абыройын арттыра түспек, — деді Омархан Өксікбаев.

Екі қабатты ғимараттың төменгі қабатында федерацияның облыстық филиалы кеңсесімен қатар, спортшылар үшін жуынатын бөлме, ал жоғары қабатта «Karate KIDS»  шағын және үлкен залдар жасақталған.

Лента қию рәсімінен кейін қонақтар орталықтың ішін аралап, онда жаттығып жатқан спортшылардың өнерін тамашалады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button