Жаңалықтар

Ұсыныстар ескеріліп, өзгерістер енгізілді

Сессия

Кеше облыстық мәслихаттың кезектен тыс отыз тоғызыншы сессиясының жалпы отырысы өтті. Жиынға облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова төрағалық етті. Сессия жұмысына облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысты. Сондай-ақ шараға облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты.

Күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Олар: облыстық мәслихаттың 2018 жылғы 10 желтоқсандағы №347 «2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу, облыстық мәслихаттың 2015 жылғы 11 желтоқсандағы №361 «Ақтөбе облысының 2016-2020 жылдарға арналған аумақты дамыту бағдарламасы туралы» шешіміне өзгеріс енгізу және Ақтөбе қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын бекіту туралы.

Бірінші мәселе бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева баяндама жасады. Ол облыстық бюджетті нақтылау бойынша жалпы құны 1 млрд 580 млн 800,3 мың теңгеге шығындар тізімін ұсынды. Оның ішінде білім, мәдениет, ауыл шаруашылығы, құрылыс, т.б. салаларға бөлінетін шығындар бар.

Бұдан кейін Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллиннің шаһардың 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын бекіту туралы баяндамасы тыңдалды.

Ақтөбенің 2050 жылға дейінгі стратегиялық құжатын республикалық мемлекеттік қала құрылысы және кадастр орталығы жасапты. Қала әкімінің айтуынша, осы уақытқа дейін бұл құжат бірнеше рет тексеруден өтіп, өзгертіліп, Ұлттық экономика министрлігі тарапынан қолдау тапқан. Сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттарының алдында да екі рет тыңдалып, қойылған 20 сұрақтың 7-еуі бойынша өзгерістер енгізіліп, 13-і бойынша түсініктемелер беріліп, қоғамдық кеңестің ұсыныстары да ескерілген.

Жалпы стратегия екі кезеңнен тұрады: қаланың дамуын талдау және шаһардың 2050 жылға дейінгі дамуын жоспарлау.

Статегиялық сараптамаға сәйкес, халық санының динамикасы: 2009-2018 жылдары халық саны 23,4 пайызға артқан, биыл жылдың басындағы көрсеткіш — 500 мыңға жуық адам. Ал халықтың құрылымы: тұрғындардың басым бөлігі — еңбекке қабілетті жастағы адамдар (2009-2018 жылдардағы үлесі шамамен 61-75 пайыз), 15 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің жалпы саны 29,2 пайыз (былтырғы дерек), зейнеткерлердің саны — 9,9 пайыз.

Мавр Абдуллин өз сөзінде Ақтөбе қаласын дамытудың стратегиялық бағыттарына да тоқталды.

Қазіргі заманғы технологиялар бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу, атмосфераға шығаруды төмендету жөніндегі шаралар бар. Осыған байланысты бірнеше стратегиялық бағыттарға тоқталғанды жөн көрдім. Олар: «Таза ауа», «Қалдықтарды басқару мен өңдеудің қазіргі заманғы жүйесін құру», «Таза қоршаған орта және «жасыл» инфрақұрылым», «Жасыл қала», «Төтенше жағдайлардан қорғау» стратегиялық міндеттері. Сондай-ақ қоғамдық кеңестің ұсынысымен күрделі минералдық тыңайтқыштарды өндіру, Жилянское калий тұздары кен орны базасында минералдық тыңайтқыштарды өндіру, жарылғыш заттар өндірісін жаңғырту жоспары стратегиялық құжаттан алынып тасталды, — деді қала әкімі.

Бұдан кейін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева аумақты дамыту бағдарламасына түзетулер енгізу бойынша баяндама жасады.

Аталған бағдарламаны түзету 2018 жылғы әкімдік қызметінің тиімділігін бағалау қорытындылары бойынша Ұлттық экономика министрлігінің ұсынымдарына, түйінді ұлттық индикаторлардың стратегиялық картасын және биыл қаңтардың 1-інен бастап күшіне енген жаңа базалық көрсеткіштер тізбесін бекітуге байланысты болып отыр. Күшін жойған базалық тізбе 81 нысаналы индикатордан тұрған-ды. Ал жаңа базалық тізбеде өзекті емес индикаторлар алынып тасталды. Олардың саны 40-қа дейін қысқарды, — деді Г.Сүйінтаева.

Оның айтуынша, бұдан басқа облыстың даму ерекшелігін ескере отырып,  аумақты дамыту бағдарламасына 5 қосымша индикатор қосу жоспарланып отыр. Осылайша, аумақты дамыту бағдарламасы 3 негізгі бағытты, 17 мақсатты және 45 индикаторды қамтиды.

Шара барысында баяндамашыларға облыстық мәслихаттың депутаттары Нұрлан Сағыналин, Асхат Айтжанов, Әсел Сарманова, Сәлім Ізімбетов, т.б. сауалдар қойды. Мысалы, Асхат Айтжанов облыс бойынша кредиторлық берешек көлемі қанша және бұл мәселе қашан шешілетінін сұраса, Сәлім Ізімбетов қоғамдық көліктерде зейнеткерлер жеңілдетілген жолақымен жүретіндігін, дегенмен әлі күнге дейін бұл жеңілдік түрі заңдастырылмағанын айтып, заңды құжаттың қашан дайын болатынын сұрады.

Облыстық мәслихаттың кезектен тыс отыз тоғызыншы сессиясында қаралған барлық  мәселелер бойынша депутаттар тиісті шешімдер қабылдады.

Жиында облыс әкімі Оңдасын Оразалин сөз алып, аумақты дамыту бағдарламасына түзету енгізу де, шаһардың 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын бекіту де маңызды құжаттар екенін айтып, осындай ел ертеңі үшін  үлкен маңызға ие жобаларды талқылауда шынайы тілектестік білдіріп, шешім қабылдағандары үшін облыстық мәслихаттың депутаттарына, қоғамдық кеңес мүшелеріне ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, ол өз сөзінде бюджетті нақтылауда біршама өзгерістерді енгізуге тура келгенін, бөлінген қаражаттың біразы халықтың әл-ауқатын, тұрмысын түзеуге бағытталғанын (тұрғын үй көмегі, атаулы әлеуметтік көмек) айтты. Сонымен қатар кредиторлық берешек мәселесінің де шешілетінін жеткізді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button