Басты жаңалықтарҚұқық

Жанжалдың ақыры

Өлім аузындағы жасөспірімді жеке аурухана неге қабылдамады? 

Ақтөбе қаласындағы Заречный елді мекенінде қарашаның 10-ы күні болған төбелестің салдарынан бір оқушы көз жұмып, екі жасөспірім жеңіл жарақат алды. Жанжалға негізінен жасөспірімдер қатысқан. Оқиғаға байланысты облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов баспасөз мәслихатын өткізді.

 Ата-аналар бақылауды күшейтуі керек

 — Заречный елді мекенінде болған жанжалдың кесірінен №61 мектептің 10-сынып оқушысы  қайтыс болды. Жасөспірімдер төбелесіне себеп болған жағдай аталған білім шаңырағындағы оқушы қыз бала сол мектептегі ер баланың өзін ренжіткенін айтып, колледжде оқитын таныс жігітке шағымданған. Қарашаның 10-ы күні кешкі сағат 20.00 шамасында екі топ «Жалғас» дүкенінің маңында кездесіп, төбелеседі. Жанжал кезінде күдіктілердің тобында 3 жасөспірім, жәбірленушінің маңында 20 шақты жасөспірім болған. Оқиғаның салдарынан 2004 жылы туған бала ауыр пышақ жарақатын алған. Оның жанындағы екі жасөспірім жеңіл жарақаттанды. Оқушылардың бірі пышақталған досын ауруханаға жеткізбек үшін өз ауласынан әкесінің көлігін жүргізіп алып кеткен (Ауласындағы көліктің жоқтығын ата-анасы полиция қызметкерлерінен білді). Дегенмен, көп қан кетіп, жасөспірім теміржол ауруханасының маңында көз жұмды.

Бізге дене жарақатын алған жасөспірімнің облыстық ауруханаға жеткізілгендігі жөніндегі хабарлама кешкі сағат 21.20-да түсті. Іле-шала ауруханаға тергеушілер барды. Оқиға туралы ақпарат сол жерде анықталды. Іздестіру жұмыстары барысында ауладан жүргізіліп әкеткен автокөлік пен ондағы бірнеше жасөспірім ұсталды.  Бұдан кейін теміржол ауруханасының ауласында бір оқушының жатқандығы туралы хабарлама түсті. Полиция қызметкерлері аталған ауруханаға дереу барды. Өкінішке қарай, жасөспірім көз жұмған…

Сол күні таң атқанша күдіктілерді ұстадық. Таңертең жасөспірімнің өліміне себепші болған күдікті де қолға түсті. Қайтыс болған баланы пышақтаған күдікті Ақтөбе автожол колледжінің студенті (былтыр ұрлық бойынша ұсталған). Қазір бұзақылық және кісі өліміне қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Қайтыс болған оқушы қыз баланы ренжіткен баланы жақтап, соны қорғауға келген, бәрі бір мектептің оқушылары.

Жасөспірімдер қатыгез болып барады. Жасөспірімдер құқықбұзушылығы, жасөпірімдер қылмысы ата-ана тарапынан бақылаудың кемшіндігінің салдарынан көбейіп бара жатыр. Әрине, мектеп те, мектеп директорлары, педагогтер мен мектеп психологтары да өз тарапынан тиісті жұмыстарды атқаруы тиіс.

Полиция қызметкерлері тарапынан құқықбұзушылықтың алдын алуда, заңбұзушылықты анықтауда біршама жұмыстар жүргізіліп жатыр. 10 айдың қорытындысы бойынша, жасөспірімдер қылмысы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,5 пайызға (128-ден 112-ге) төмендеді. Жыл басынан бері 3415 кәмелетке толмаған жасөспірім беймезгіл уақытта ата-анасынсыз немесе заңды өкілінсіз жүрген. Кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияға 486 материал жіберілді. Ішкі істер органдарының бақылауына 670 жасөспірім тіркеуге алынды. Сондай-ақ құқық бұзғаны үшін 320 оқушы мектепішілік есепте тұр. 137 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 56 ата-ана ата-аналық құқығынан айырылды.

Облыс бойынша 402 мектеп бар. Онда 151 456 оқушы білім алуда. Олармен тек мектеп инспекторлары ғана емес, мектеп әкімшілігі, ата-аналар комитеті, жалпы қоғам болып жұмылып жұмыс істеуіміз керек, — деді облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов.

Психологиялық көмек маңызды

 Майра ОТАРБАЕВА, №61 мектептің директоры:

— Оқиға жексенбі күні, сабақтан тыс уақытта болды. Соның кесірінен оқушымыз көз жұмды. Мектеп ұжымы, ата-аналар, оқушылар — бәріміз қайғырдық. Жаңа ғана марқұмның жаназасынан келіп тұрмын…

Қарашаның 10-ы күні кешкілік сағат 21.00 шамасында үйге Заречныйдағы полиция бөлімшесінен полиция қызметкері қоңырау шалып, біздің мектептің бір оқушысы теміржол ауруханасының маңында ауыр халде жатқанын айтты. Дереу ауруханаға бардым. Мен жеткенше, бала көз жұмыпты… Денесі аурухана ауласында (!) жатыр. Балалар баланы апарғанда қабылдау бөліміндегілер: «Біз жеке ауруханамыз. Қабылдай алмаймыз. Жедел жәрдем шақырыңыздар» деген мазмұндағы әңгімелерді айтып, есікті тарс жауып алған (Бір оқушым жолдасы қиын жағдайға тап болған соң дереу ауруханаға жеткізу үшін үйінің ауласында тұрған жездесінің көлігін жүргізіп кеткен). Мен барғанда аурухана маңында жедел жәрдем және полиция қызметкерлері болды. Балаларды полиция қызметкерлері алып кеткен. Сол маңда екі сағатқа жуық тұрдым. Сағат түнгі 22.30 шамасында экспертизаның мамандары келді. Одан полиция бөліміне бардым. Сол жерде мән-жайға қанықтым. Оқиға кезінде екі бала жеңіл жарақат алған. Біреуі — біздің мектептің оқушысы, біреуі — мектебіміздің түлегі, колледж студенті. Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жанжалға қыз баланың еш қатысы жоқ. Балалардан оқиғаға не себеп болғанын сұрап, оларға психологиялық қысым көрсеткіміз келмейді. Мектеп ұжымы болып, оқушыларға психологиялық көмек көрсетіп жатырмыз. Кеше ата-аналар жиналысын өткіздік. Онда да ата-аналарға балаларға моральдық, психологиялық қысым көрсетіп, әр нәрсені сұрай бермеуін өтіндік. Біздің оқушылар қатыгез емес. Қыз балаларға да өздерін кінәламау керектігін айтып жатырмын. Ата-аналарға да психологиялық қолдау көрсетіп жатырмыз.

Жалпы мектепте құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында көптеген шаралар ұйымдастырылды. Рейдтер де жүргіздік. Дегенмен, осындай жағдайға тап болдық.. Ата-аналар да «балалардың үйден қалай шығып кеткенін аңғармай қалдық» деп қиналып жатыр. Кешегі оқиғаға қатысқан, куәгер болған оқушыларымның қай-қайсысы да тәртіпсіз емес еді, бәрі де момын, ешкімге жазығы жоқ-тын. Біздің тілек, қылмыс жасаған жасөспірімдер өз жазасын алса екен.

Жалпы мектепте 1019 бала оқиды.

Үш күдіктінің бірі — оқушы, екеуі — колледж студенті

Гүлназ СҮЛЕЙМЕНОВА, облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:  

— Қарашаның 10-ы күні кешкі сағат 21.21-де Ақтөбе қаласы Заречный-3 елді мекеніндегі  «Арлан» спорт кешені  жанында бір топ жасөспірімнің қатысуымен топтық төбелес болды. Оқиға салдарынан 2 жасөспірім жеңіл жарақат алып, 1-еуі көз жұмды. Қайтыс болған жасөспірім 2004 жылы туған, Ақтөбе қаласындағы №61 мектептің 10-сынып оқушысы.

Жүргізілген тергеу жұмыстарының қорытындысында, аталған оқиға бойынша күдікті ретінде 3 жасөспірім ұсталды. Олар: Ақтөбе автожол колледжінің, Ақтөбе құрылыс-монтаж колледжінің студенттері және М.Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебінің 11-класс оқушысы.

Қазір тергеу жұмыстары жалғастырылуда.

9 айдың қорытындысы бойынша облыс аумағында кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыс 13,7 пайызға (117-ден 101 дерекке дейін) төмендеді. Облыста кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында кешенді жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу бойынша 2019-2020 жылдарға арналған ведомствоаралық кешенді жоспар бекітілді.

Жаңа оқу жылында құқықбұзушылық жиі орын алатын 22 білім беру ұйымына металліздегіш құрылғылар орнатылды. Сондай-ақ, бүгінде 48 білім беру ұйымында турникет бар. Аталған мекемелерде ата-аналарына СМС хабар беруге болатын карточкалық өту жүйесін орнату жұмыстары жүргізілуде.

Полиция департаментімен бірлесе жүргізілген рейдтік шаралардың қорытындысында ата-анасының немесе олардың орнындағы адамдардың балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамағаны және оларға жеткіліксіз бақылау жасағаны үшін 119 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 18 ата-ана  ата-аналық құқығынан айырылды.

15 мың әлеуметтік-қорғалмаған отбасы, 730 девиантты мінез-құлықты және қолайсыз отбасы балалары демалыс түрлерімен қамтылды. Сондай-ақ, жергілікті полиция бөлімдерінде есепте тұрған 383 жасөспірім қосымша біліммен қамтылды.

Басқармада педагогикалық-психологиялық кеңес беру мақсатында 55-17-92 сенім телефоны, 54-03-52 жедел телефон желісі, 8-702-031-25-22 Call center жұмыс жасайды.

Қарашаның 10-ы күні болған оқиғадан кейін жергілікті полиция қызметінің басқармасымен бірге білім беру ұйымдары басшыларының қатысуымен жедел отырыс өткізілді.

Қазір барлық білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысының жағдайына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, құқық қорғау органдары өкілдерінің қатысуымен ата-аналар жиналыстары ұйымдастырылып жатыр.

P.S.

Біз №61 мектептің директоры келтірген дерекке — өлім аузында жатқан науқасты қабылдамай, «Біз жеке ауруханамыз. Қабылдай алмаймыз. Жедел жәрдем шақырыңыздар» деген мазмұндағы әңгімелерді айтып, есікті тарс жауып алған теміржол ауруханасындағы медицина қызметкерлерінің әрекетіне байланысты мән-жайды білмек ниетпен облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы  Әсет Қалиевке хабарласқан едік.

Бұл жағдайды білемін. Жалпы, науқас ауыр жағдайға тап болғанда жеке болсын, мемлекеттік болсын, меншік нысанына қарамай медицина мекемесі жедел медициналық көмек көрсетуі тиіс. Келеңсіздікке байланысты тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Ауруханаға қабылдамаған медицина қызметкерлеріне тиісті шара қабылданатын болады, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы  Әсет Қалиев.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button