Жаңалықтар

Жұмыс тобы жол сапасын қарады

Кеше Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіров бастаған қоғам белсенділері мен блогерлерден құралған жұмыс тобы Ақтөбе қаласы мен елді мекендер аумағындағы жолдардың сапасын қарап шықты.

Жұмыс тобы алдымен Заречный-1 елді мекеніндегі Мағаджан орман шаруашылығына барар көше жолдарының сапасын тексерді. Осыдан бірнеше жыл бұрын төселген асфальт жабындысының бүгінде тозығы жеткен. Әсіресе, көктем, күз айларында бұл көшелермен жүрген көліктер барар жеріне қиындықпен жетеді.

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Жангелді Әубәкіровтің айтуынша, қазіргі таңда көше жолдарын жөндеу бойынша 40 жоба әзірленуде. Оларды келер жылдың бюджетіне енгізу жоспарланған.

— Бұл көшелерге келер жылы орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Өкінішке қарай, келер жылы қалаға жақын орналасқан елді мекендерге ғана емес, қала ішіндегі көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек. Біз бұл жұмыстарды алдағы уақытта кезең-кезеңмен қолға аламыз. Сондай-ақ халықтың белсенді тобы мен блогерлердің қатысуымен басқосулар өткізіп, жол құрылысын жүргізетін мердігер компаниялардың жұмысындағы кемшіліктер мен олқылықтарды да тексеріп, оларға ескерту жасаймыз. Бұл жұмыстарды біз бір жыл ішінде толық қамти алмаймыз. Сондықтан алдағы уақытта қала бойынша барлық көше жолдарының сапасын назарға аламыз, — деді ол.

Бұдан кейін жұмыс тобы Қызылжар-2, К.Нокин елді мекендері мен Мәскеу ауданындағы бірқатар көшелерді аралап, тұрғындармен тілдесті. Көше жолдарының сапасын көріп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарды пысықтады.

Мәселен, К.Нокин ауылындағы Ақтөбе ауылшаруашылық колледжі аумағындағы көшелердің жайы көңіл көншітпейді. Көктем-күз айларында бұл көшелер балшыққа айналады. Сондықтан ауыл тұрғындары әкімдіктен тым болмаса қиыршық тас төсеп берулерін сұрайды. Сондай-ақ тұрғындар ауыл шетіндегі бірқатар көшеге жарық шамдары жүргізілсе деген тілегін де білдіріп жатты.

Ақтөбе қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Руслан Төреғалидің айтуынша,

биыл Ақтөбе қаласы бойынша 18 жобаға 4,2 млрд теңге бөлінген. Биыл жыл аяғына дейін 33 шақырым жол жөнделмек.

 Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button