Басты жаңалықтарЭкономика

«MilkyLand»: сүт әлемінің «қаймағы»

Жақында қазақстандық кәсіпкерлер «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қолдауымен АҚШ-та арнайы іскерлік тәжірибеден өтті. «Даму» қорыныңSABIT жобасы арқылы сүт өнімдерін өңдеу, сүт шаруашылығын дамытуға қатысты өткізілген тағылымдамаға Қазақстаннан екі кәсіпкер қатысты. Олар —«Агрофирма Тау» ЖШС басшысы Мирболат  Агдаутов пен жеке кәсіпкер Бақыт Арқабаев. Кәсіпкерлер21 қыркүйек- 6қараша күндері АҚШ-тың Вашингтон, Мэдисон, Чикаго қалаларындағы сүт шаруашылығымен айналысатын ірі өндіріс орындарына барып, тәжірибе алмасты. 

Ақтөбелік  «Агрофирма Тау» серіктестігінің өнімдерін тұрғындар «MilkyLand» бренді арқылы жақсы біледі. Жергілікті сауда орындарының сөрелеріндегі шетелдік һәм отандық сүт өнімдерінің қатарына осыдан 4-5 жыл бұрын «жайғаса» бастаған ақтөбелік бренд аз уақыттың ішінде тұтынушылардың таңдауына ілікті. Ол заңды да. Себебі аталған серіктестік басшысы Мирболат Агдаутов бұл кәсіпті сүт өндірісі саласының қыр-сырын әбден зерттеп қолға алғанын, ұдайы ізденіс үстінде жүретінін айтады:

—Америкада іскерлік тәжірибеден өтуге мүмкіндік беретін SABIT арнайы бағдарламасы аясында АҚШ-тың бірқатар штатында болып, осы елдің ауылшаруашылығы министрлігі, жем-шөп рационы жөніндегі консалтингтік компания, ірімшік жасаушылар қауымдастығы өкілдерімен, ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін басқа да азаматтармен кездесіп, фермерлік қауымдастықтар мен шаруашылықтардың жұмысымен таныстық, ірімшік пен йогурт өндіретін зауытқа бардық, «World Dairy Expo-2019» көрмесін тамашалап, кәсіпкерлікті дамытуға, бизнес пен мемлекеттің қарым-қатынасы, маркетинг жөнінде бірнеше лекциялар тыңдадық. Осы алған білім мен тәжірибе, әлбетте, біздің жеке кәсіпкерлігімізді ғана емес, өңірдегі сүт индустриясының дамуына да септігін тигізетіні ақиқат, — дейді «Агрофирма Тау» ЖШС басшысы Мирболат  Агдаутов.

«Агрофирма Тау» компаниясының негізі2015 жылы Хромтау ауданынан шамамен бес шақырым қашықтықтағы Молодежный шахтасы маңында қаланған болатын. Бұрын «Казхром» компаниясының жұмысшыларына азық-түлік әзірлейтін мекеме болған бұл серіктестік кейін аукцион арқылы сатылған.

Мирболат Агдаутовтың айтуынша, тозған ғимаратты, оның барлық коммуникация желілерін қалпына келтіруге бір жылдан астам уақыт кеткен.

— Кезінде тек зауыт жұмысшылары үшін ғана тұрғызылған компанияны жаңартып, сыртқы нарыққа шығу мақсатында кеңейту үшін де қыруар қаржы, әрі уақыт қажет болды. Компанияны өз қаражатымызға сатып алдық, содан соң «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының «Даму-Өндіріс» бағдарламасы арқылы жаңа жабдықтар сатып алдық, «Даму-Аймақтар»  бағдарламасы бойынша айналымға қажет қаражат алдық.  Цехты жаңарту үшін үш рет «Даму» қоры арқылы мемлекеттің қолдауына ие болдық, оған қоса брендбук қалыптастыру үшін Еуропалық қайта құру және даму банкі арқылы да грантқа ие болдық. Осылайша 2015 жылдың 25 тамызы күні қолымызға алғашқы өнімді алдық, — дейді компания басшысы.

Алғашқы өнімді алғанша Мирболаттың соңынан ерген энтузиаст команда төрт жыл бойы күні-түні еңбек етті. Мирболат Агдаутов сүт шаруашылығының қыр-сырын толық зерттеп, бұл бизнеске өз білімі мен тәжірибесіне сеніп келгенін айтады. Кезінде Ақтөбедегі «Айсфуд-Ақтөбе» компаниясында, одан кейін Қостанайда сүт-тауарлы фермасында директор болып еңбек еткен. Осы уақыттарда Қазақстанның түкпір-түкпірін, Азия, Еуропа елдерін аралап, сүт шаруашылығын дамытудың заманауи әдіс-тәсілдерін меңгерген. Сүт өнімдері саудасында трейдерлікпен де айналысқан. Алайда, оның арманы сүт зауытын ашу болатын. «MilkyLand» бренді — сол арман мен тынымсыз еңбектің, ізденістің нәтижесі. «Вимм-Билль-Данн» маркасынан бастап жергілікті «Айсқа» дейінгі аралықтағы барлық әлемдік, мемлекеттік, аймақтық, облыстық, өңірлік бәсекелестікке төтеп беруге бағыт алған «MilkyLand» — бүгінде өзінің тұтынушысы бар бренд. Ендігі мақсат — осы жеткен жетістікпен тоқтап қалмай, уақыт сұранысына сай даму.

— Уақыт бір орында тұрмайды, соған сай тұтынушылардың да сұранысы өзгеретіні заңдылық. «MilkyLand»деп ағылшынша атау бергенім де болашақты ойлағаным. Себебі біздің компанияның болашақтағы тұтынушысы — қазір «Z буыны» деп атап жүрген біздің балаларымыз бен немерелеріміз ағылшын тілін өте жақсы біледі. Әрі сыртқы нарыққа шыққан жағдайда әлемге түсінікті атау бергенім дұрыс деп шештім.Біздің ендігі мақсатымыз — одан әрі даму, компанияны жетілдіре түсу, тек жергілікті деңгейде ғана емес, әлемдік деңгейдегі тұтынушының сұранысына жауап беру. Сондықтан, «Даму» ұсынған SABIT бағдарламасына қуана қатыстым. Оны маған «Дамудың», «Атамекен» ұлттық палатасының өкілдері хабарласып айтты. Бірден өтініш бердім. Бағдарламаға өту үшін екі кезеңнен тұратын іріктеуден өттік. Бірінші кезеңде сауалнамаға жауап бердік, екінші кезеңде сұхбаттасу болды. Аталған бағдарлама бойынша Қазақстаннан екі кәсіпкер бардық. Одан өзге Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Ресей, Грузия, Әзірбайжан елдерінен жалпы 19 адам барды. Бұлардың барлығы да ірілі-ұсақты сүт шаруашылығы компанияларының, корпорациялардың өкілдері. Бұл сапарымда Американың сүт индустриясының әлдеқайда жақсы дамығандығын түсіндім. Азия да, Европа да  сүт индустриясында Американың қасында жіп есе алмайды, — дейді М.Агдаутов.

Мәселен, Америкада сиырдың бір басынан жылына 14-15 мың литр сүт алынады, ал Еуропада бұл көрсеткіш — 10-11 мың. Ал біздің ең мықты деген сүт фирмаларында 6,5-7 мың литр ғана.

— Американың сүт фермаларында голштино-фриз және джерсей тұқымды сиырларға сұраныс жоғары екен, себебі осы екі тұқым мол өнім береді. Олардың сүтінің ақуызы көп, бір қызығы, Америкада барлық алынатын сүттің 92 пайызынан ірімшік жасалады екен. Тұрғындардың айран мен сүттен гөрі, ірімшікке, йогуртке деген сұранысы өте жоғары, — дейді кәсіпкер.

Мирболат Агдаутовтың айтуынша, америкалық әріптестерінің бір айырмашылығы — олар өз саласының бүгіні мен ертеңін өздері шешетінінде.

— Шаруалар, өңдеушілер өздері конгресс, дебат ұйымдастырып, заң, актілер, құжаттар қабылдайды, себебі бұл саланың қыр-сырын өздерінен артық ешкім білмейді, олар сырттан, биліктен көмек күтпейді, уақыттың талабына өздері бейімделіп, өз күндерін өздері көреді. Сүт өндірушілер өңдеушілерді құдайдай көреді, себебі өңдеушілер тоқыраса, өндірушілердің болашағы жоқ. Сондықтан, сүт өндіруші фермалары өңдеуші компаниялардың қасында орналасқан. 2001-2010 жылдары көптеген сүт фирмалары өз жанынан өндірістер ашып тастаған. Себебі, көптеген сүт компаниялары өнімді өңдеу арқылы ғана өз кәсіптерін ұстап қалған. Соңғы 30-40 жылда Америкада сүт фермаларының саны 4-5 есе азайған. Мәселен, 1980 жылдары бірнеше сүт өндірушілер қауымдастығының бірінде 15 000 мүшесі болса, бүгінде 3500 ғана қалған. Ұсақ фермалар біріктірілген. Олай етпеген жағдайда сүт индустриясы құлдырайтын еді. АҚШ-тың сүт индустриясының бізден бір айырмашылығы да осында, — дейді кәсіпкер.

Берік Нұрғалиев,

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының аймақтық филиалының директоры:

— Америкада іскерлік тәжірибеден өтуге мүмкіндік беретін SABIT арнайы бағдарламасы бойынша ТМД елдерінен барған 19 адамның бірі ақтөбелік кәсіпкер екендігін мақтанышпен айтамыз. «Агрофирма Тау» компаниясының басшысы Мирболат Агдаутовтың АҚШ-тағы тағылымдамадан алған білімі мен тәжірибесі тек аталған компанияның ғана емес, өңірдегі сүт индустриясының да дамуына тың серпін береді деп сенеміз. 

Тағы бір ерекшелік, бәлкім, артықшылық — Америкада сүт шаруашылығының ғылымсыз алға аттап баспайтынында. Сондықтан болар, фермерлер өндірілген сүттің әр галлоны (галлон — 3,79- 4,55 литрге сәйкес келетін өлшем бірлігі)үшінғылымның дамуына 15 цент қаржы аударады. Ал ғалымдар шаруалар үшін зерттеу жұмыстарын жүргізіп, олар үшін арнайы стандарттар қалыптастырады. Генетика саласын, асылдандыру, шаруашылықты, сүт өндіру, өңдеу ісін тиімді жүргізу мәселелерін зерттеп, осы салаға қажетті мамандарды даярлайды.

— Америкада аутсорсинг жүйесі — ветеринарлық қызметтер, жем-шөп әзірлеу, көң тазалау, одан биогаз алу секілді жұмыстар жақсы дамыған. Тіпті құстың саңғырығының өзі текке кетпейді, барлық көң биогаз әзірлеу үшін жиналады.

Бір мәселе — ауылшаруашылығы саласына жастардың келмеуі. Жастарды тарту үшін штаттық, федералдық бағдарламалар қабылданған. Балаларды мектеп кезінен бастап ауылшарушылығы саласының қыр-сырымен таныстырады. Сапар барысында ауылшаруашылығын дамыту идеологиясын насихаттау мақсатындағы «World Dairy Expo-2019» атты көрмеге қатыстық. Бұл салаға жасөспірім кезден қызыққан балалар кейін мықты маман болып шығуы мүмкін. Ал бізде мұндай жұмыс жүргізіле ме?.. Жастарсыз ешқандай бизнесті дамыту мүмкін емес, оларсыз экономика мүлде алға жылжымайды. Бізге осы жағын көбірек ойлау керек, —  дейді кәсіпкер.

Бұл сапар «Агрофирма Тау» серіктестігіне тың серпін әкелетіні анық. Бүгінде жылына 300 тонна өнім шығаратын кәсіпорын тұтынушысына 25 түрлі тауар ұсынып отыр. Өнім Ақтөбеден бөлек, Астана, Түркістан, Қызылорда, Орал, Атырау қалаларына жөнелтіліп жатыр. Болашақта одан әріге экспортқа шығу жоспарда бар. Ақтөбе, Хромтау қалаларында фирмалық желісі, 12 сауда нүктесі жұмыс істейтін кәсіпорын үшін өндіріс аясы мен өнім түрлерін көбейту үшін алған білімнің, үйренген тәжірибенің берері мол.

— Сырттан көмек күтудің қажеті жоқ, тек өзіңе — біліміңе, тәжірибеңе, күш-қайратыңа сену керек. «Елу жылда ел жаңа» дейді, әлемде соңғы жарты ғасырда адам сенгісіз өзгерістер болды. Қазір біз бүкіләлемдік экономикалық майданның көрінбейтін жауынгерлеріміз. Біз өз еліміз, жеріміз, ұрпағымыз, тұтынушыларымыз үшін күресуіміз қажет. Қазіргі адамдар не ішеді, не жейді? Кейінгі буынның айран мен сүттен басқа да сүт өнімдеріне сұранысы қандай болады? Ішкі, сыртқы бәсекеге төтеп бере аламыз ба? Осы сұрақтарға жауап бере отырып, дамуымыз керек. Америкада іскерлік тәжірибеден өтуге мүмкіндік беретін SABIT арнайы бағдарламасы бізге осы сұрақтардың бірқатарына жауап табуға септігін тигізді, — дейді М.Агдаутов.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button