Басты жаңалықтарДенсаулық

Бірыңғай жиынтық төлем: кім және қанша төлейді?

Бұл — елімізге биылдан бастап енгізілген жаңа салық түрі.

Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, биыл 10 190 адам  бірыңғай жиынтық төлем төлеуі тиіс. Бірыңғай жиынтық төлем дегеніміз не?

Бұл —  жылына 1 175 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын табысы бар, өзін-өзі  жұмыспен қамтып отырған азаматтардың кәсібін тіркеу тәртібін жеңілдетуді қарастыратын жаңа режим.  Бірыңғай жиынтық төлемді енгізудің негізгі мақсаты —  өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтардың кәсібін тіркеу және оларды әлеуметтік қорғау, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуын қамтамасыз ету.  Бірыңғай жиынтық төлемнің мөлшері  республикалық және облыстық маңызы бар қала тұрғындары  үшін —  1 айлық есептік көрсеткіш (2019 жылы 2 525 теңге), елді мекендердің тұрғындары үшін —  айлық есептік көрсеткіштің жартысы (2019 жылы 1 262,5 теңге).

Бірыңғай жиынтық төлем төрт міндетті төлемнің басын бір төлемге біріктіреді.

Олар:

— 10%  жеке табыс салығы;

— 20 %  мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар;

— 30 % бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына зейнетақы жарнасы;

— 40 % әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударымдар.

Қазіргі уақытта облыс бойынша 11 059 адам аталған төлемді  төлеген. Бұндай төлемді өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар төлейді.

Бірыңғай жиынтық төлемнің мөлшері нақты белгіленген. Жеке тұлға өз бетінше әлеуметтік қорларға жарналар мен төлемдерді есептеп, аудара алмайды.

Қалай төленеді?

Бірыңғай жиынтық төлем банктер мен жекелеген банктік операциялар жасайтын ұйымдар арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының банктік есепшотына аударылады. Бірыңғай жиынтық төлемді әркім  өзі төлей алады немесе үшінші жақ оның пайдасына жылдық күнтізбенің айын көрсете отырып төлеуіне болады. Бірыңғай жиынтық төлемді төлеу  азаматтың жеке куәлігі арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік корпорация 3 күн ішінде келіп түскен соманы тиісті әлеуметтік төлемдерге (МӘСҚ, БЖЗҚ, ӘМСҚ) және төлем жасаушының тұрғылықты жері бойынша бюджетке салық түрінде аударады.  Бірыңғай жиынтық төлемді «Қазпошта» сайты мен терминалдары және «Каспий банктің» kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы төлеуге болады. Қазіргі таңда өзге банктердің мобильді қосымшасы арқылы да төлеу әдісі әзірленіп жатыр.  Сондай-ақ  ҚР Салық Кодексіне сәйкес, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы жеке сәйкестендіру нөмірінің базасында бірыңғай жиынтық төлем төлеушілердің есебін жүргізеді. Аталған төлемнің төленгені туралы мәліметті мемлекеттік корпорацияның бөлімшелерінен алуға болады.

Бірыңғай жиынтық төлемнің пайдасы қандай?

1) Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілер медициналық мекемені таңдай отырып, міндетті медициналық сақтандыру аясында барлық медициналық  қызмет түрлеріне қол жеткізе алады.

2) Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыса отырып, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер ала алады (еңбек ету қабілетінен айырылу, асыраушысынан айырылу, жүктілік және босану, жаңа туған нәрестені асырап алу және 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша).

3) Зейнетақы жүйесінде еңбек өтілін жинап, базалық және жинақталған компоненттер есебінен тиісті көлемде зейнетақы алатын болады.

Бірыңғай жиынтық төлем аясында неғұрлым көбірек төлем жасаса, соншалықты оның зейнетақы төлемдерінің көлемі де көп болады.

Өзге режимдерден айырмашылығы неде?

Біріншіден, бірыңғай жиынтық төлемді төлегенде кәсібі автоматты түрде тіркеледі. Екінші, төлем көлемі нақты бекітілген және әлеуметтік аударымдарды қосымша есептеудің қажеті жоқ. Үшінші, табысы бойынша салық есебін берудің қажеті болмайды.

Қандай медициналық қызмет  түрін ала алады?

Кепілдендірілген медициналық көмектен бөлек мынадай қызметтерді алады:

— амбулаторлық медициналық қызметтер (маманның кеңестері);

— диагностика, оңалту және стационарда жоспарлы емделу;

— лабораториялық қызмет түрлері және рецептімен берілетін дәрі-дәрмек.

Төлем барысында қателік жіберілген жағдайда төлем сомасы қайтарыла ма?

Қате төленген сомаларды қайтару үшін төлеуші  банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын мемлекеттік корпорацияға өтініш береді. Оған қоса жеке төлем құжатының немесе бірыңғай жиынтық төлем төленгенін растайтын құжаттың көшірмесін бірге беруі керек.

10 550 адам актуализацияланбаған

Медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуіне санаулы ғана айлар қалды. Қаңтардан бастап жүйе бірден іске қосылуы үшін азаматтарды заңдастыру жұмыстары уақытында аяқталуы керек. Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың төрағалығымен өткен жиында осы мәселе жан-жақты талқыланып, төраға тиісті орындарға тапсырмалар жүктеген болатын.

Қазіргі күні облыста бейресми жұмыспен қамтылған азаматтарды заңдастыру және оларды жұмысқа орналастыру шаралары жүріп жатыр. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бибігүл Бисенғалиеваның мәліметінше, қазіргі таңда 107 585 адамның ішінен 97035 адамның статустары актуализацияланды, яғни ол адамның сақтандырылатыны немесе сақтандырылмайтыны анықталды.  Статустары актуализацияланбаған 10 550 адам бар. Оның ішінде 906 адам жалдамалы жұмысшылар, өз бетінше жұмыс істейтін жұмысшылар —  4 336, жұмыспен қату орталықтарына тілкелмеген жұмыссыздар саны —  757 адам.

Облыста азаматтардың статустарын өзектендіру бойынша жұмыстар жүріп жатыр.

Плагин арқылы статусыңды біл!

Медициналық сақтандыру қоры кез келген сайтта сақтандыру мәртебесін анықтауға мүмкіндік беретін интернет плагин жасап шығарды. Бұл плагинді еліміздің кез келген тұрғыны пайдалана алады. Арнайы ресурсқа кіріп, әр тұрғын өзінің ЖСН нөмірін енгізіп, сақтандыру мәртебесін, яғни статусын біле алады. Қазіргідей адамдардың барлығы  гаджет қолданатын заманда, бұл ыңғайлы әрі уақытты үнемдейді. Егер «сақтандырылған» деген жауап келсе, онда алаңдамауға болады. Ал егер жауап «сақтандырылмаған» болса, онда себебін анықтау керек. Жүйе арқылы жұмысшы өзі жұмыс істейтін ұйым, ол үшін медициналық сақтандыруға төлем жасап отырғанын немесе төлемнің жасалмай жатқанын анықтай алады. 2020 жылдың 1 қаңтарынан  бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, яғни МӘМС жүйесі жұмысын бастайды.

Сондықтан еліміздегі барлық тұрғын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында сақтандыру мәртебесін анықтап алуы керек, — деді  «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Ақтөбе филиалының директоры Гүлмира Қожаниязова.

Егер тұрғын сақтандырылмаған болса, онда ол тек тегін кепілдендірілген пакеттегі учаскелік дәрігердің көмегі, жедел, шұғыл стационарлық, әлеуметтік маңызы бар аурулар кезінде көрсетілетін медициналық көмек түрлерін ғана ала алады. Ал МӘМС пакеті бойынша берілетін медициналық көмек түрлері тек сақтандырылған азаматтарға ғана қолжетімді болады. Осылайша, егер әр адам МӘМС жүйесінде өзінің сақтандыру мәртебесін анық білсе, 2020 жылдан бастап барлық  қажетті  медициналық қызметтер түрін алады.  Плагин әмбебап форматта жасалған. Ол кез келген сайтқа тіркеуге ыңғайлы. Өз ресурстарында плагинді орнатқысы келетін сайт иегерлері «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Ке АҚ-на өтініш жаза алады. Байланыс  e-mail: p.andreev@fms.kz. Плагинді көрнекті зерттеу үшін «МСҚ» КЕАҚ-ның www.fms.kz ресми сайтын ашу керек.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button