Ақтөбеге үкіметтің жұмыс тобы келді
Жолдау
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев арнайы жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына келіп, аймақтың бірқатар әлеуметтік нысандарын аралап, қоғам белсенділерімен кездесті. Кездесулер Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, Мәдениет және спорт Вице-министрі Елдос Рамазанов, Ақпарат және Қоғамдық даму вице-министрі Данияр Есин, Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Ботагөз Жақселекова және облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің қатысуымен өтті.
Шығармашылық академиясында өткен кездесудің модераторы облыс әкімі Оңдасын Оразалин Бердібек Сапарбаев бастаған Үкімет мүшелерін таныстырып,
мәртебелі қонақтардың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы негізгі басымдықтарды түсіндіру және талқылау мақсатында облысымызға арнайы келіп отырғанын айтты.
Кездесуде сөз алған Бердібек Сапарбаев арнайы баяндама жасап, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде жүргізіліп жатқан мемлекеттік бағдарламалар аясында білім, денсаулық, атаулы әлеуметтік көмек, бизнес, әлеуметтік медициналық сақтандыру салаларына бөлінген қаржылар және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар туралы кеңінен тарқатып өтті.
- Өздеріңіз күнделікті бұқаралық ақпарат құралдары беттерінен жақсы біліп отырсыздар. Кездесудегі басты мақсатымыз — Мемлекет басшысының Жолдауында Үкіметке берген тапсырмаларының қалай орындалып жатқаны және келешекте атқарылатын жұмыстары туралы мәлімет беру. Қандай да бір саяси дағдарыстар мен экономикалық қиындықтар болса да халықтың тұрмысын жақсарту — Үкіметіміздің ең негізгі міндеттерінің бірі, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Әңгіменің негізгі өзегі әлеуметтік көмек пен оған мұқтаж жандарды қолдау болды.
- Мемлекет саясаты халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған. Жыл өткен сайын әлеуметтік саланы қаржыландыру өсіп отыр, айталық, биыл атаулы әлеуметтік көмектің өзіне 247 миллиард теңге бөлінді, 2,2 миллион адамға атаулы әлеуметтік көмек берілді, оның 1,5 миллионы — бала, — дейді Премьер-Министрдің орынбасары.
«Еститін мемлекет» тұжырымын іске асыруда Қоғамдық кеңестің маңызды рөл атқаратынын айта келе, Бердібек Сапарбаев азаматтық қоғамды маңызды мәселелерді талқылау мен шешуге белсене араласуға шақырды.
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес білім саласын жаңарту бойынша үлкен жұмыстар жүргізілуде: «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы жасалды, төрт жылда екі рет мұғалімдердің жалақысы өсетін болады. Ауыл мен қала мектептерінің материалды-техникалық базасы, мамандардың біліктілік деңгейі біртіндеп теңестірілуі тиіс, ол үшін барлық шара қолданылады, қаржы да бөлінеді. Жоғары және орта оқу орындары еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау қажет, Үкімет бұған ерекше көңіл бөліп отыр. Келесі жыл «Еріктілер жылы» боп жарияланды, мерейтойға толы жыл болғалы тұр: әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы. Аталған мерейтойларға арналған салтанатты шаралар Қазақстанның тарихи мол мұрасын әлемге көрсетуге тиіс, — деді Б.Сапарбаев.
Сондай-ақ, кездесуде Вице-премьер денсаулық сақтау саласына да тоқталды, алдағы жылы көшетін міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру, халықты дәрімен қамтамасыз ету, медициналық қызметтердің сапасын жақсартудың қажеттілігі туралы әңгімеледі. Сонымен бірге отбасы мен балалықты қорғау мәселесі де айтылды. 2020 жылы көпбалалы және мұқтаж отбасыларды қолдаудың кешенді шараларын енгізу жоспарланып отыр. Мүгедек жандарға арналған әлеуметтік қызметтер порталы құрылды, енді оңалту орталығының құрылысы қарастырылып жатыр. Жиында ел Президентінің тұрғындардың зейнетақы жинағын қолдану, азаматтардың жұмысқа орналасуы, жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру туралы да айтылды.
Кездесу барысында ақтөбеліктер ашық микрофон құқығына ие болды. Үкіметтің жұмыс тобы мүшелеріне жергілікті кәсіпкер-меценат Зәмзәгүл Баймағамбетова жеке мектеп, балабақша, жатақхана құрылысының инвестициясына қатысты, облыстық мәслихат депутаты Гүлжанат Ерғазина «Еңбек» бағдарламасын қаржыландыруға қатысты сауалдарын қойды. Одан әрі облыстың жол сапасы, Ауған жауынгерлерінің статусы, үкіметтік емес ұйымдар, мәдениет, денсаулық, білім, тәрбие жөнінде біраз сұрақтар қойылды.
Облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Келдібай Еспағамбетов осындай кездесу үшін қонақтарға алғыс айтып, көпбалалы және мұқтаж отбасыларға жасалатын жаңа кешенді шараларды қолдайтынын жеткізді.
- Облыстың өзім жиі болатын аудандарында тұрғындар көпбалалы отбасын қолдау туралы жақсы пікір айтады. Жаңа жылдан бастап барлық көпбалалы отбасылардың табысына қарамастан мемлекеттен көмек алатыны қуантады, — дейді ол.
Содан кейін Бердібек Сапарбаев облыстың ардагерлер қауымымен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті.
Үкімет мүшелері бастаған топ №64 орта мектепте жиналған мектеп директорлары мен білім саласының қызметкерлерімен кездесті. Осы жерде ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздің білім-ғылым жүйесінде жасалып жатқан жаңалықтарға кеңінен тоқталып, электронды күнделіктің қалыптасуы, ұстаз мәртебесі, жалақының көтерілуі туралы түсіндіріп өтті.
Үкімет мүшелері бастаған топ медициналық Жедел жәрдем станциясының, «Аяла» реабилитациялық орталығының жұмысымен және балалар стоматологиялық емханасы құрылысының жүру барысымен танысты.
***
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған жұмыс тобы түстен кейін Ақтөбе облыстық медициналық орталықтың жұмысымен танысып, денсаулық саласының қызметкерлерімен кездесті.
2017 жылы пайдалануға берілген медициналық мекеме Ақтөбе өңірінің тұрғындарына сапалы медициналық қызмет көрсетіп келеді. Соңғы технологиялық жабдықтармен қамтылған. Дәрігерлермен кездесу барысында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Жауапты хатшысы Ботагөз Жақселекова медициналық кластерді дамыту және міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыруды енгізу жөнінде, 2020 жылдың қаңтар айында енгізілетін жаңа өзгерістер жайын баяндады. Бердібек Сапарбаев халықтың дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілуі, бағасының тұрақтылығын бақылауды ұстау қажеттігін айтты.
Үкімет басшысының орынбасары бұдан соң Ақтөбе облысындағы ірі кәсіпорындардың басшылары, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері мен мемлекеттік органдардың басшыларымен кездесіп, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, жалақы бойынша берешектер, еңбек қатынастарын реттеу мәселесін талқылады. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов еңбек қатынасы қоғам тұрақтылығына тікелей себеп болатын жайт екенін жеткізді.
- Еңбек туралы заң мемлекет, жұмыс беруші тарап және жұмысшылар арасындағы қарым-қатынасты қарастырады. Барлық сұрақтарға берілетін жауап толыққанды көңілге қонымды болуы тиіс, жалақының уақтылы төленуін жұмыс беруші қамтамасыз етуі тиіс, оның іске асуын мемлекет қадағалайды. Еңбек инспекциясы 10 айда 5 миллиард теңгенің уақтылы өтелуін қамтамасыз етіп, 37 мың жұмысшының арыз-өтініштерін қараған, — дейді министр Біржан Нұрымбетов.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында Үкіметке еңбекақы төлеу қорын арттыру үшін жұмыс берушілерді ынталандыру мәселесін пысықтауды тапсырған. «Жыл басынан бері облыстағы 164 ірі және орта кәсіпорынның 118-і 51,2 мың қызметкердің жалақысын орташа 15 пайызға арттырды. Бүгінгі күні 249,3 миллион теңге сомасында берешегі бар 15 кәсіпорынның 123,6 миллион теңге сомасында берешегі өтелді», — деп атап өтті облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Жастармен кездесті
Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму Вице-министрі Данияр Есин және аймақ басшысы Оңдасын Оразалин ақтөбелік жастармен кездесті.
Жастар сарайының кіреберісінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті, суретші Айя Спамбетованың көрмесі ұйымдастырылыпты. Айя Спамбетова мүмкіндігінің шектеулі екендігіне қарамастан, өнерге шексіз ғашық. Сурет салуды жанындай жақсы көретін Айяның портрет жанрында 60-тан аса еңбегі бар. Студент Айяның есімі халықаралық дарынды балаларға арналған энциклопедия беттерінде жазулы тұр. Ал жас суретшінің анасы үнемі қызын қолдап, жанынан табылып, демеп отырады.
- Облыстың бұрынғы басшысы Бердібек Сапарбаевтың Ақтөбеге келе жатқанын естіген сәтте оған өзінің қолынан келетін өнер туындысын сыйлауды ұйғарды. Сөйтіп, экс-әкімнің портретін салып, өзіне сыйға тартты, — дейді Айяның анасы.
Жиында мүмкіндігі шектеулі бола тұра қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүрген «Алаш» қоғамдық ұйымының төрағасы Әлібек Елеусізов, «Қызыл жарты ай» қоғамының Ақтөбе облыстық филиалының координаторы Ералхан Дияров, жас кәсіпкер Абыз Берік және тағы да басқа белсенді жастар өз тәжірибелерімен бөлісіп, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар үшін алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, белсенді жастар замандастарын жалқаулықтан арылып, еңбек етуге, білім алып ізденуге шақырды.
Астаналық делегация облыс әкімдігінде қала, аудан әкімдерімен кездесіп әлеуметтік еңбек саласына қатысты жиын өткізді. Үкімет басшысының орынбасары сенбі күнгі жұмыс сапарын Мұз сарайында өткен Ақтөбе-Алматы хоккей командалары арасындағы тартысты ойынды тамашалаумен қорытындылады.
Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.