Басты жаңалықтар

Ақтөбелік ата-әжелер алматыдан бас жүлдемен оралды

Ақтөбе  қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жанынан құрылған, ұлттық өнерді ту еткен «Атамекен» ардагер аталар мен «Асылым» аналар ән ансамблі Алматы қаласында өткен «Өнерлі елдің өресі биік»  атты IV республикалық ата-әжелер арасындағы өткен байқауда өнер көрсетіп, Гран-при иегері атанды.

Кеше Ақтөбе теміржол вокзалында өнерлі ұжымдарды Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айгүл Арынғазиева бастаған жергілікті билік өкілдері және қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты Мәдениет үйлерінің ұжымдары зор құрметпен күтіп алды.

Құрылғанына бір жылға жуық уақыт болған қос ұжым байқауда 9 номинацияның 7-не қатысып, жүлдегер атанды.  Атап айтсақ, «Бата беру», «Ақындық өнер», «Жеке дауыс», «Дәстүрлі ән», «Хормен ән салу» т.б.

Бұл ретте ансамбльдердің көркемдік жетекшісі Қаракөз Сағынованың еңбегін ерекше атап өткен жөн.

— Байқаудың негізгі мақсаты — ата-әжелеріміздің бос уақыттарын көңілді өткізіп, кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай ұлттық өнерімізді насихаттау. Байқауға еліміздің 13 өңірінен келген зейнеткерлер қатысты. Біз 7 номинация бойынша жүлдегер атандық. Оның ішінде «Хормен ән салу» номинациясы бойынша екі ансамбль де бас жүлдеге ие болды. Байқауда «Құстар қайтып барады», «Жағадағы ару қыз», «Тербеледі тың дала», жеке дауыста «Дудар-ай» әндері орындалды. Қарттарымыз кезінде әртүрлі салада еңбек еткен бүгінде зейнеткерлер. Соған қарамастан, өте жақсы деңгейде өнер көрсетіп шықты. Осындай қарттарымызға  қолдау білдірген азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз, — дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі.

Айта кетейік, аталған ансамбльдер былтыр Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында зейнет жасындағы қариялармен жұмысты жандандыру, қарттарды мәдени шараларға тарту мақсатында құрылды.

Бүгінде олар елді мекендерді аралап, мерекелік кештерде ұйымдастырылатын концерттерге белсене араласып жүр.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button