Басты жаңалықтарЭкономика

Шекаралас аймақтар арасында ынтымақтастық арта түсті

Бүгінде Ақтөбе мен Орынбор өңірлерінің сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы екі ел арасындағы келісімнің аясында тиімді жүзеге асырылып келеді. Өткен аптада облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің Ресей Федерациясының Орынбор өлкесіне жасаған алғашқы ресми іссапары шекаралас өңірлер арасындағы осындай ынтымақтастықты одан әрі бекіте түсті. 

Негізгі экспорт — шикізат

Ақтөбе және Орынбор облыстары арасындағы шекара ұзындығы — 1030 шақырым. Ақтөбенің бес (Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк, Хромтау, Қобда) және Орынбордың 9 (Светлинский, Ясненский, Домбар, Новоорский, Гайский, Кувандыкский, Беляевский, Ақбұлақ, Тұзтөбе)  ауданы географиялық жағынан бір-бірімен шекаралас жатыр.

Бүгінде Ресей Федерациясы Ақтөбе облысының негізгі сауда әріптесі саналады.

Ресейге экпорттың негізгі үлесін хром, мыс және мырыш кендері мен концентраттары (шамамен 76 пайыз), феррохром (шамамен 10 пайыз) құрайды. Сонымен қатар қара металдардың қалдықтары мен сынықтары, мұнай өнімдері, алюминий қалдықтары мен сынықтары, қызанақ және басқалары экпортталады. Негізгі экспорт — шикізат.  Сол сияқты Ақтөбеге Ресей Федерациясынан импортталатын тауарлардың да түрлері жеткілікті. Жыл сайын ресейліктердің қатысуымен өңірімізде кәсіпорындар саны өсіп жатыр.

Қазір екі ел арасында ірі кәсіпкерлік саласында тығыз және өзара тиімді қарым-қатынас орнаған. Атап айтсақ, «Ақтөбе рельс-арқалық  зауыты» акционерлік қоғамы мен «Металлоинвест» компаниясы бірлесіп жұмыс жасауда. Отандық өндіріске ресейлік кәсіпорынның шикізаты пайдаланылады. Сол сияқты, «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ Новотроицк хром қосындылары зауытына шикізат жеткізеді. Сондай-ақ екі жақтың өзге де кәсіпорындары арасында цемент, мұнай және мұнай өнімдері, азық-түлік тауарлары, қара және түсті металл жеткізу ісі тығыз байланыста жүзеге асырылуда.  Мұндай игі қадамды шағын және орта бизнес саласында да байқауға болады. Атап айтсақ, осыдан үш-төрт жыл бұрын Ақтөбедегі «Ваниль» кондитерлік желісі Орынбор қаласында өзінің дүкенін ашты. Қазір мұнда 12 адам жұмыс жасайды. Орынбордағы «Ваниль» дүкенінің өзінде 200-ге жуық кондитер өнімі Ресей нарығына шығарылады.

Соңғы жылдары Ақтөбе мен Орынбордың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері арасында тұқым өсіру, өсімдіктерді қорғау саласындағы шараларды нығайтуда ынтымақтастық айтарлықтай беки түсті. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімі көлемін арттыруға мүмкіндік берді. Бүгінде Ресейдің «ЖеЛен» ашық акционерлік қоғамы облысқа шұжық және жартылай фабрикатталған ет өнімдерін жеткізсе, «Октябрьское молоко» кәсіпорны өндіретін ірімшік, қышқыл сусындар Ақтөбенің сауда нүктелерінде сатылады. Ресейлік кәсіпорындармен тығыз ынтымақтастықта жұмыс жасаудың нәтижесінде «Рокос» серіктестігінің тауарлары ішкі нарықтан бөлек, Ресейге шығарылуда. «Айс Плюс» ЖШС сүт өнімдерін өндіру саласында Орск қаласымен байланыс орнатты. Осылайша, Орынбор облысы нарығына отандық өнімдер жеткізіледі.

Сауда айналымы көлемі — 42 миллион доллар

Жыл сайын Ақтөбе мен Орынбор облыстары арасындағы тауар айналымын кеңейтуге қолайлы жағдайлар жасау мақсатында «Еуропа-Азия. Шекарасыз ынтымақтастық» тақырыбында өткізілетін халықаралық көрменің ықпалы зор.

Ресей өңіріне жасаған сапары аясында облыс әкімі Оңдасын Оразалин Орынбор облысының губернаторы Денис Паслермен кездесті. Екі жақты кездесу барысында сауда-экономикалық, транзиттік қатынас, кәсіпкерлікті дамытуға қатысты мәселелер талқыланды.
Қазақстан мен Ресей — стратегиялық әріптес мемлекеттер. Бүгінде Ресей Федерациясы Ақтөбе облысының негізгі сауда әріптесі саналады. Екі ел арасында кәсіпкерлік саласы бойынша тығыз қарым-қатынас орнаған. Ағымдағы жылдың қаңтаршілде айлары аралығында Ақтөбе мен Ресей арасындағы сауда айналымының көлемі 586 миллион АҚШ долларын құраса, экспорт 212 миллион АҚШ долларына жетті. Ал Ақтөбе мен Орынбор арасындағы тауар айналымының көлемі 42 миллион АҚШ долларын құрады, — деді Оңдасын Оразалин.
Денис Паслердің айтуынша, Орынбор мен Ақтөбе облыстарын ежелгі достық байланыстар нығайта түсуде. «Біз қолдаймыз, дамытамыз, барлығын позитивті түрде сақтаймыз және қазіргі заманғы тенденцияларға негізделген бағыттарда бірлесіп жұмыс жасайтын боламыз. Ресей мен Қазақстан — серіктес елдер арасындағы қатынастар өзгеріссіз қалады, бірақ экономикалық қиындықтар, әлеуметтік жаңашылдықтар маңызды шешімдерді талап етеді. Кездесу барысында біз екі ел арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқыладық. Атап айтқанда, бір ай ішінде алдыңғы келісімдерді жаңартып, бірлескен жұмысымызда «жол картасын» құрамыз. Бұл біздің өңірлерімізді одан әрі жақындастыратынына сенімдімін. Біздің тарихи байланыстарымыздың арқасында ынтымақтастықтың негізгі бағыттары алдын ала анықталған, бұл —  экономикаға жаңа серпін беретін, Орынбор және Ақтөбе облыстарының инфрақұрылымын дамытуға мүмкіндік туғызатын сауда, логистикалық және көліктік жобалар», — деді Денис Паслер.

Алғашқы кездесу, айтулы жобалар

Сапар аясында Оңдасын Оразалин  Орынборда білім алып жатқан ақтөбелік студенттермен, Орынбор облысы қазақтары қауымдастығының мүшелерімен кездесті. Н.К.Крупская атындағы Орынбор облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында  ұйымдастырылған басқосуда  екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынас, мәдени, саяси-әлеуметтік байланыстар жайлы әңгіме өрбіді.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, қазір Орынборда 200-ге жуық ақтөбелік студент білім алады. Мұндағы облыс тұрғындарының 6 пайызы — қазақтар.

Кездесу барысында облыс басшысы жиналғандарға Ақтөбенің Ресей, Өзбекстан өлкелерімен шекаралас орналасуы өз кезегінде сауда-экономикалық, көлік-логистикалық байланысты арттыра түсетінін атап өтті.

Бүгінде Қазақстан Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерін бекіте отырып, XXI ғасырдың үшінші онжылдығындағы мақсатына нық қадам басып, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруді көздеп отыр. Өздеріңіз білетіндей, біздің еліміз тәуелсіздік жылдары барлық қиындықтарды еңсере отырып, экономиканы және жалпы қоғамды дамытуда көп нәрсеге қол жеткізді. Ірі мұнай өңірінің бірі, сондай-ақ тау-кен металлургия және агроөнеркәсіп саласындағы өз әлеуетін арттырушы, төртінші мегаполис атанғалы отырған Ақтөбе облысы республикада ерекше орын алады. Бүгінгі күні облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері өсудің оң серпініне ие. Ақтөбе мен Орынбор — өте жақын орналасқан көршілес өңірлер. Жыл сайын экономикалық, рухани байланысымыз нығайып келеді, — деген Оңдасын Оразалин екі ел арасындағы ежелгі достық байланысты нығайтуға ықпал ету өзінің облыс басшысы ретіндегі маңызды міндеті екенін де атап өтті.

Кездесуде «Орынбор қазақтары қауымдастығы» облыстық қоғамдық ұйымының жетекшісі Базарғали Ермеков алғашқылардың бірі болып сөз алды. Оның айтуынша, бүгінгі күні Орынбор өлкесінде 120 мыңға жуық қазақ ұлтының өкілдері тұрады. 2010 жылғы санақ бойынша, мұндағы қазақтардың дені Орынбордың орталық және шығыс бөлігінде шоғырланған.

Ұлттық құндылықтарымызды насихаттау, салт-дәстүрімізді дәріптеу мақсатында Орынбор өлкесінде қазақтардың 13 қоғамдық бірлестігі жұмыс жасайды. Олардың әрқайсысының өз міндеті бар. Бүгінгі күні бұл орталықтар Орынбор облысы Үкіметімен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Сол сияқты Орынбордағы 16 мектепте қазақ тілі факультативті сабақ ретінде оқытылады. Сондай-ақ, алпысқа жуық шығармашылық ұжымдар қазақ тілінің мәдениеті мен өнерін өркендету, насихаттау жолында еңбек етіп жатыр, — деген ол Оңдасын Оразалинге осындай кездесуді өткізудің мұндағы қазақтарға, әсіресе жастарға берер тәрбиелік мәні зор екенін атап өтті.

Орынбордағы «Халықтар Достығы Үйі» қоғамдық ұйымының жетекшісі Сәуле Таикешеваның айтуынша, аталған ұйымның жұмыс жасағанына ширек ғасырға жуық уақыт болған. «Бұл кездесуге тек қазақтар қауымдастығының ғана емес, өзге ұлт өкілдері ұйымдарының мүшелері де қатысып отыр. Мұндай кездесу Орынбор өлкесінде бірінші рет ұйымдастырылды. Сол үшін де қуаныштымыз», — деген ол Оңдасын Оразалиннің  осындай форматта өткізген кездесуі өзге өңірлердің басшыларына үлгі болатынын жеткізді.

Біз Ақтөбемен тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Екі облыс арасында осы күнге дейін көптеген қайырымдылық жобалар жүзеге асырылды. Өз басым, ақтөбелік тұрғындарға тегін медициналық кеңес беремін. Бұл бағытта орынборлық дәрігерлерді Ақтөбеге де апардық, ондағы тұрғындарға медициналық қызмет көрсетілді. Сол сияқты, тіл тақырыбында екі жақты ұйымдастырылған шеберлік кластарынан көп нәтижеге қол жеткіздік. Осындай қарым-қанытасты одан әрі нығайту жолында жұмыстанатын боламыз, — деді С.Таикешева.

Кездесу барысында осындай рухани байланысты нығайту жолында өзекті мәселелер сөз болып, нақты проблемалар да айтылды. Облыс әкіміне жастар тарапынан да сауалдар қойылды.

Шекара мәселесі шешілсе екен…

Орынбордағы қазақ қауымдастығы мүшелерімен, жастармен кездесу барысында Жайсаң-Сағаршын өткізу бекеті тұсындағы толық шешімін тауып үлгермеген мәселелер сөз болды. Ақтөбе мен Орынбор сияқты шекаралас аймақтар арасындағы жол — «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі арқылы тоғысады. Бұл жолдың Ақтөбе аймағындағы ұзындығы — 628 шақырым. Сондықтан автокөлік пен жүк тасымалының негізгі бөлігі осы жол арқылы өтеді. Алайда Ресей жағындағы «Сағаршын» өткізу бекеті тұсында әлі шешімін таппаған мәселелер бар. Яғни өткізу бекетін кеңейту, ұлғайту шаралары кешеуілдеп тұр.

Себебі бүгінгі күні «Жайсаң» халықаралық автомобиль өткізу бекетінде тәулік бойы 8 жолақ (әр бағытқа 4 жолақтан — авт.) жұмыс жасайды. Ал Мәртөк ауданымен шектесетін «Сағаршын» өткізу бекетінде бар болғаны 4 жолақ қана жұмыс жасайды. Жолаушылар құжаттарын рәсімдеу залында бақылаушыларға арналған 5 терезе және сыртқы 4 терезе ғана орнатылған. Бекеттің тәулігіне 500-550 көлікті ғана өткізуге мүмкіндігі бар.

Бұл мәселе өз кезегінде екі ел кәсіпкерлерінің де жұмысына айтарлықтай кедергісін тигізуде. Ресей жағындағы өткізу бекетінде жолаушылардың 5-8 сағаттап, тіпті тәулік бойы аялдауына тура келеді. Әрине, бұл мәселе кәсіпкерлер тарапынан  жақында облысқа жасаған сапары кезінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаеваға да айтылған еді.

Мәлім болғандай, аталған проблеманы шешу үшін нақты жұмыстар да қолға алынған. Соның бірі — екі тарап та мәселені жедел шешу үшін «Шекаралас облыстардың іскерлік мәселелерінің тізілімі» жалпы онлайн сервисін құруды ойластырыпты. Мұнда бизнес проблемалары тоқсанына бір рет шешілетін әрі  атқарылған жұмыстардың есебі болады. Қазіргі күні бұл жобаны екі жақ та әзірлеуде.

Екі аралықтағы өткізу бекетінде мәселе бар. Әрине, бұл Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара ынтымақтастық қарым-қатынасқа мүлдем байланысты емес, бірақ техникалық әрі өзекті мәселе саналады. Жақында ғана Орынбор облысы губернаторы қызметіне кіріскен Денис Паслер осы мәселемен хабарласқан болатын. Сол үшін де алғысым шексіз. Бүгінгі күні Ақтөбе және Орынбор облыстары шекарасында 2 өткізу бекеті бар. Олар — Жайсаң-Сағаршын және Әлімбет-Орск бекеттері. Бұл екі бекет те халықаралық мәртебеге ие. Яғни бұл жерлерде көліктің қандай түріне де шектеу жоқ. Сол сияқты Жиренқопа-Первомайское, Жиренқопа-Ивановка, Әйтеке би-Союзный сияқты екі аралықта көліктерді жеңілдетілген түрде өткізетін 13 өтпе бар, — деген облыс әкімі бұл мәселеде Ақтөбе тарапынан жасалып жатқан жұмыстармен қатар, айтылған  ұсыныстарға да тоқталып, Орынбор облысы Үкіметі басшылығының осы мәселеге бейжай қарамай, оңтайлы шешу жолында күш салып жатқанын атап өтті.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Ақтөбе-Орынбор-Ақтөбе.

Басқа жаңалықтар

Back to top button