Басты жаңалықтар

Ақтөбе және Орынбор: ынтымақтастық нығая түсті

Кеше облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Ресей Федерациясының Орынбор қаласына барды. Сапар аясында екіжақты маңызды кездесулер өтті.

Облыстың Әйтеке би, Қарғалы, Хромтау, Мәртөк және Қобда аудандары шекаралас жатқан Орынбор өңірі мен Ақтөбенің сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығы бүгінде екі ел арасындағы келісімнің аясында тиімді жүзеге асырылып келеді.

Көршілес мемлекетке жасаған сапары аясында аймақ басшысын вице-губернатордың міндетін атқарушы — Орынбор облысы Үкіметі төрағасының әлеуметтік саясат жөніндег орынбасары Павел Самсонов қарсы алды.

Бұдан кейін  облыс әкімі Оңдасын Оразалин Орынбор қаласындағы қазақ диаспорасымен, ондағы   білім алып жатқан ақтөбелік студенттермен жүздесті. Кездесу Н.К.Крупская атындағы Орынбор облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ұйымдастырылды. Басқосуда екі ел арасындағы мәдени, сауда-әлеуметтік байланыстар төңірегінде әңгіме өрбіді.

  • Қазақстан мен Ресей — стратегиялық әріптес мемлекеттер. Бүгінде Ресей Федерациясы Ақтөбе облысының негізгі сауда әріптесі саналады. Қазір екі ел арасында ірі кәсіпкерлік саласында тығыз және өзара тиімді қарым-қатынас орнаған.
    Қазіргі күні Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында ұлттық тарихымызды, мәдениетімізді түгендеуге, оның көкжиегін кеңейтуге, рухани болмысымызды бүтіндеуге бағытталған іргелі шаралар атқарылып жатыр. Бүгінгі кездесуіміз солардың бірі деп есептеймін.
    Ақтөбе мен Орынбор — өте жақын орналасқан көршілес өңірлер. Жыл сайын экономикалық, рухани байланысымыз нығайып келеді, — деді Оңдасын Оразалин.

Кездесу барысында облыс әкіміне орынборлықтар, жастар тарапынан сауалдар қойылып,  ұсыныс-пікірлер айтылды,  проблемалық мәселелер де көтерілді. Соның бірі — аймақтар арасындағы шекара бекетінде туындайтын қиындықтар.

Қазіргі таңда Орынборда 200-ге жуық ақтөбелік студент білім алады. Мұндағы қазақтар облыс тұрғындарының 6 пайызын құрайды. Бүгінде Орынборда өлкесінде қазақтардың 12 ұлттық мәдени орталығы жұмыс жасайды. Қазақ тілінде оқытатын 40-қа жуық орта мектеп бар.

Облыс әкімімен кездесуге келгендердің бірі — Ақтөбе қаласының Құрметті азаматы, ​ жерлесіміз, Орынбордағы«Серебряный возраст»ансамблінің жетекшісі​ Нина Таранова.  Ол өз сөзінде мұндай кездесудің маңыздылығына тоқталса, ұлты қазақ, М1 Global нұсқасы бойынша әлем чемпионы Дамир Исмағұлов облыс басшысына ыстық лебізін білдірді.  Бір қызығы, Дамир байрақты бәсекелерге Ресей елі атынан шыққанмен, жеңісті сәттерде Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің туын бірге желбірететін көрінеді.  Кездесу барысында облыс әкімі Дамирге құрмет көрсетті. Сол сияқты ол белсенді​ 6 студентке​ Алғыс хат табыс етті.
Содан соң облыс басшысы бастаған делегация іргетасы 1888 жылы қаланған кітапхананың ішін аралап, ондағы кітап қорымен танысты. Кітапханада білімнің барлық саласы бойынша әдебиеттер, 2 миллионнан астам құжат, оның ішінде 30 мыңға жуық шетел басылымы бар.

Бұдан соң аймақ басшысы Оңдасын Оразалин Орынбор облысы Үкіметінің төрағасы Денис Паслермен кездесті.

Облыс басшысының Ресей Федерациясына жасаған сапары Орынбор облысы үкіметінің, сондай-ақ қоғамдық ұйымдар мен бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесумен аяқталды.

(Материалдың толық нұсқасын газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар)

Арайлым НҰРБАЕВА.

Ақтөбе-Орынбор 

Басқа жаңалықтар

Back to top button