Әлеумет

Нәтижелі жұмыспен қамтудың жаңа қырлары

Ақтөбе қаласында жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтардың саны былтырғы жылмен салыстырғанда төмендеген. Бұл — елімізде қолға алынған «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының жемісі.

Биыл көпбалалы, жалғызбасты және әлеуметтік жағынан аз қамтылған аналарды қолдау мақсатында гранттар бөлініп, жаңа мамандықтарды меңгеруге жол ашылды.

9890 адам жұмысқа орналасты

Бүгінде аталған бағдарлама бойынша нарықта сұранысқа ие мамандықтарды игеруге мүмкіндік мол. Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығының берген мәліметтеріне сүйенсек, биыл 14 579 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

—  Елімізде Мемлекет басшысының қолдауымен нәти­желі жұмыс­пен қамту, әлеу­меттік жұмыс орын­­дары, бос жұмыс орын­да­рының жәрмеңкесі, қысқа мерзімді оқыту курстары, т.б. көптеген жобалар мен бағ­дарламалар жүзеге асырылып келеді.

Ақтөбе қаласында «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту»  бағдарламасы аясында биылғы жылдың қыркүйегіне дейін 9 890 адам жұмыспен қамтылды.

Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша, қысқа мерзімді кәсіптік даярлауға 945 адамды бағыттау жоспарланып, 514 адам еңбек нарығына қажетті мамандықтар бойынша қайта даярлау курстарынан өтті. Оның ішінде аспаз, тігінші, тәттігер, электрик, автоэлектрик, газдәнекерлеуші, жүк тиеуші-жүргізуші, шаштараз тәрізді т.б. мамандықтар бар.

Техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау үшін 330 адамды және «Серпін» бағдарламасы бойынша 142 адамды 1 қыркүйектен бастап оқыту басталды, — дейді Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Алтынай Маханова.

Ал бағдарламаның екінші бағыты бойынша, биыл 114 адамға өз ісін ашуға немесе кеңейтуге шағын несие беру жоспарланып, 79 адам  711,9 миллион теңге көлемінде несие алды.

Сондай-ақ биыл өңірімізде «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша жастар қатарындағы жұмыссыз азаматтарды тегін оқыту басталғаны белгілі. Бүгінде аталған жоба аясында 1 айлық кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсына 18 жастан 29 жасқа дейінгі 340  және аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шаққан 10 жас бағытталды.

Бағдарламаның үшінші бағыты — жұмыссыздарды әлеуметтік, тұрақты және қоғамдық жұмыс орындарына орналастыру. Бұл бағытта 107 адам әлеуметтік жұмыс орнын аяқтап, 66 адам тұрақты жұмысқа орналасты.

Сондай-ақ Жастар тәжірибесін 497 адам аяқтап, қоғамдық жұмыстарға 463 жұмыссыз бағытталды. «Гүлдене бер, туған ел!» акциясы аясында жазғы демалыс кезінде 522 адам қала аумағын көркейту және көгалдандыру жұмыстарына атсалысты.

Сондай-ақ Еnbek.kz. интернет порталы арқылы 1120 бос жұмыс орны және 1433 түйіндеме жарияланған. 3846 адам өз бетінше аталған портал арқылы тіркеліп, жұмысқа орналасты.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың, бірыңғай жиынтық төлемнің енгізілуіне байланысты тіркелмеген жұмыссыз, нәтижесіз өзін-өзі қамтушылар санатындағы азаматтарды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру, атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мақсатында, жұмыспен қамту орталығының мамандары халық көп шоғырланатын қала базарларында, сауда орталықтарында, Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, Халықтық кеңсе, «Анаға тағзым» ғимаратында ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.

Көпбалалы аналар кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруде
Көпбалалы аналардың бірі — Айнұр Ғұсманова Ақтөбе қаласындағы «Легенда» оқу орталығынан қысқа мерзімді қайта даярлау курсын бітіріп, өз кәсібін ашты.

Көпбалалы анаға биыл ақпан айынан бастап атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, қазіргі таңда 93 662 теңге көлемінде жәрдемақы алып отыр.

Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығының жолдамасы арқылы шаштараз мамандығын бітіріп шықтым. 3 ай тегін оқу барысында 16 мың теңге шәкіртақы берілді. Оқуды аяқтаған соң 100 айлық есептік көрсеткішке дейін мемлекеттік грантты жеңіп алдым. Бүгінде қала маңындағы Құршасай ауылынан бір ғимаратты жалға алып, шаштараз орталығын аштым.

Кәсіптің көзін табамын деушілерге мүм­кіндік мол. Кәсіп ашамын десең, мемлекет қолдау көрсетеді. Бұл жұмыссыз жүрген азаматтардың өз кәсібін ашуына немесе жұмыс табуына зор мүмкіндік берері сөзсіз, — дейді ол.

Тігінші —  еңбек нарығында танымал, халыққа қызмет көрсету саласында қажетті мамандықтардың бірі. Бүгінде бұл мамандыққа сұраныс та жоғары. Ақтөбелік тұрғын Нұржанат Өтемағамбетова «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы»  аясында  қысқа мерзімді курс арқылы өз білімін жетілдіріп шықты.

— Биыл мамыр айында жалғызбасты ана ретінде атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, қазіргі таңда жәрдемақы алып отырмын. Екі балам бар. Негізі медбике мамандығы бойынша оқу бітірдім. Алайда өзіме тігіншілік кәсібі ұнайтын. Биыл көктемде «Үміт» оқу орталығынан үш айлық тігін курсын оқыдым. Бұдан кейін мемлекеттік грантты жеңіп алдым. Бүгінде тапсырыспен қыз жасауын дайындап, көрпе тігумен айналысып жатырмын. Алдағы уақытта киім тігу курстарын да оқып, кәсібімді одан әрі кеңейтуді көздеп отырмын, — дейді Нұржанат Өтемағамбетова.

Бірыңғай жиынтық төлем жүйесі

Биыл қаңтар айынан бастап елімізде Бірыңғай жиынтық төлем жүйесі енгізілді. Қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының міндетін атқарушы Алтынай Маханованың айтуынша, бұл азаматтарға жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей-ақ өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік береді.

 — Бірыңғай жиынтық төлем — табыс табу үшін формалды емес кәсіп жүргізіп отырған жеке тұлғаларға, жалдамалы жұмыс күшін пайдаланбай, дара айналысатын, қызмет көрсететін басқа жеке тұлғаларға, қосалқы шаруашылығын жүргізіп отырғандарға арналған.

Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілерге бірқатар мүмкіндіктер беріліп отыр. Мәселен, олар міндетті медициналық сақтандыру аясында барлық медициналық қызмет түрлеріне қол жеткізе алады. Медициналық ұйымды таңдау құқы болады. Екіншіден, зейнетақы жүйесінде еңбек өтілін жинап, базалық және жинақталған компоненттер есебінен зейнетақы алатын болады. Бұл орайда Бірыңғай жиынтық төлем төлеушілердің базалық зейнетақы көлемі еңбек өтіліне қарай есептеледі. Үшіншіден, еңбекке жарамсыз болып қалған кезде, асыраушысынан айырылған жағдайда, жүктілік кезінде және бала туу, бала асырап алу кезінде немесе 1 жасқа дейін бала күтімінде отырғандарға Әлеуметтік сақтандыру қорынан сақтандыру төлемдерін алуға мүмкіндік бар. Тағы бір артықшылығы — өзінің кіріс көзін көрсете алудың арқасында несие рәсімдеу мүмкіндігі артады, — дейді Алтынай Маханова.

Төлемдерді Қазпошта, Халықбанк, Цеснабанк, БанкЦентрКредит, ФортеБанктерде төлеуге мүмкіндік бар. Толық ақпаратты жұмыспен қамту орталығының 44-57-54 телефон нөмірінен білуге болады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.    

Басқа жаңалықтар

Back to top button