Билік

Жаңа бағыттар жүйеленді

Наурыз мерекесі қақпа қағып тұрғанда жиналған қала активі Елбасы Жолдауын басты әңгіме өзегіне айналдырды. Облыс орталығының басшысы Архимед Мұхамбетов осында бас қосқан мекеме-кәсіпорын жетекшілері, саяси партиялар өкілдері, ақпараттық-насихаттық топ мүшелері алдында биылғы Жолдаудың негізгі арқауына баса тоқталды.

«Осы Жолдау – біздің алдағы бағыт-бағдарымыздың да айқындаушысы, – деді Архимед Бегежанұлы. – Елбасы Жолдауы халықтың рухын көтеріп, сенімін тұрақтандыратыны сөзсіз. Нұрсұлтан Әбішұлы Жолдауында біздің тәуелсіздігіміздің өзі дағдарыстан басталғанын еске салды. «Біз оған да төтеп бергенбіз. Сырттан келген өткінші дағдарыстың да көрігінде шыңдалып, әлдеқайда мықты және қуатты мемлекет болып шығатынымызға сенемін», – деп Елбасымыз халықты жігерлендіре түсті. Президент Жолдауының басты мазмұны – дағдарыс жағдайында болсақ та, еліміздің стратегиялық басымдықтарын сол күйінде қалдыру. Атап өтер болсақ, барша қазақстандықтардың өркендеуі, қауіпсіздігі мен әл-ауқатының жақсаруы біздің  мемлекетіміздің аса маңызды үштұғырлы міндеті болып қала бермек. Сондықтан бұл тұрғыдағы сіздердің ой-пікірлеріңізді білу де біз үшін бағалы».

Қала әкімі 2008 жылы әлеуметтік саланы дамыту, экономика өсімі қарқынын ұстау, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, жұмыссыздықты болдырмау бағытындағы барлық міндеттердің орындалғанын атап өтті. Ал алдағы міндеттер бұдан да күрделі болмақ. Биылғы жылғы қаңтар айында А.Мұхамбетов қаладағы 100-ден астам шағын және орта бизнес кәсіпорнымен шаруашылық қызметтерінде экономикалық дағдарыстар туындаған жағдайда әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету мақсатында меморандумға қол қойды.

Алдағы уақытта уақытша жұмыссыздар 2 мыңнан астам қоғамдық және уақытша төлемді жұмыстарға жіберілмек. Сондай-ақ, 29 мамандық бойынша 595 адам қайта даярлықтан өткізілмек.

Қала үшін бүгінгі шаруа коммуналдық желілерді жөндеуден өткізіп, модернизациялау болып отыр. Оған республикалық бюджеттен 311 млн. теңге бөлінді. Сондай-ақ, инженерлік желілер құрылысына да республикалық бюджеттен 1 586 млн. теңге қарастырылды.

Облыс орталығында мектеп, балабақша құрылысы одан әрі жалғастырылады. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге 500 млн. теңге бөлініп тұр. Жастар практикасы мен әлеуметтік жұмыс орындарын кеңейтуге әрқайсысына 100 орыннан жоспарланды.

Осындай шаралар ретін саралаған қала әкімі ортақ мүддені көп болып бірігіп, орайластырып шешуге шақырды.

Бірінші болып сөз алған М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің ректоры Ербол Бекмұхамбетов дәрігер кадрларын даярлау барысындағы басымдықтарға тоқталды. Бүгінгі студент, қай кезде де айтылып жүргендей, ертеңгі маман. Оның біліктілігі, өз ісін жетік білуі университет қабырғасында алған тәлім-тәжірибесіне қатысты. Жоғары оқу орнының басшысы өз сөзін осы желімен өрбітті. Қазіргі уақытта медицина университетінде әлеуметтік жағдайы нашар студенттерге белгілі дәрежеде қамқорлықтар жасалады. Қамқорлығы жоқ жастарға жатақхана тегін беріледі, түскі тамақтану да сондай дәрежеде шешілген. Он алты студент облыс әкімінің грантын иеленген. Басқа да мемлекеттік дәрежедегі жеңілдіктерді алып жүрген талапкерлер баршылық. Енді бірнеше студент ұзақ мерзімге арналған жеңілдікпен несиелендіруге құжаттар тапсыруда.

Мамандардың білімін жетілдіру, қайта даярлау бағытында да біраз шаралар қолға алынуда. Уақыт талабы ескеріліп, жаңа курстар ашылды.

«Ақтөбебасжабдықтау» жабдықтау-өткізу жөніндегі компаниясы» ААҚ президенті Борис Петухов әлемдік дағдарыстың салқыны қалай да сезілетіндігіне назар аударды. «Біз оның әсерін мейлінше азайту, мүмкіндігімізше оңды шаралар қабылдау үшін «Нұр Отан» партиясының жергілікті филиалында да кеңескен болатынбыз, – деді ол, – Рас, жағдайға байланысты біздің компанияда да жұмыс көлемі біршама азайды. Барлық мүмкіндіктерді ескергеннің өзінде бес адамды қысқартуға тура келді. Басқа жұмысшыларды өзге бағыттарда пайдалану жолдарын қарастырудамыз».

Тәжірибелі маман, өндірістің білгірі болып саналатын Борис Васильевич бізде әлі де киім-кешектердің сырттан көптеп тасылатынын, бұрынғы тігін, тоқыма фабрикаларының жұмысын жандандырып, сол проблеманы жергілікті жерде шешу реттерін қарастырса қайтер еді деген пікірін білдірді. Қазақстанның өзінде, яғни Алматыда мақта-мата комбинаты бар, соның шикізатын пайдалану мүмкіндігін бірлестіріп қарастырсақ деген пікір көпшілікке ой салғандай еді.

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы, экономика ғылымдарының докторы Үбайдолла Мәмбетов мәселеге ғылыми тұрғыдан келді. Ол ең алдымен дағдарыстың әлемдік сипатын тануға назар аудара отырып, оның ауыр зардаптарын болдырмау мүмкіндіктеріне қатысты ойларын өрбітті. Елбасы Жолдауында айтылған мемлекетіміздің мүмкіндіктеріне тоқталды. Ғалым кәсіпкерлерге бағыттаған сөзінде «Ақша ақша жасау үшін емес, халыққа қызмет көрсету үшін қызмет істеуі тиіс» деген философиялық тұжырымын да білдіре кеткенді артық санамады. Сондай-ақ, ол жұмыссыздықты болдырмаудың саяси мәні бар мәселе екендігін әлемдік деңгейдегі тәжірибелер арқылы түйіндеп, жергілікті өндіріс басшыларының бұл жайға бейқамдықпен қарамауы керектігін  айтты.

Активке жиналғандар арасынан қаладағы тұрғын үй кооперативтері жұмысына қатысты, сондай-ақ тұрғындардың жеке малдарын жаю проблемасына орай мәселелер көтерілді. Бұған қала басшысы қазіргі уақытта аталған кооперативтермен жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. «Сондай-ақ, қаланың бас жоспарына сәйкес көптеген құрылыстар жүргізілуі мал жаю мүмкіндіктерін шектегені рас, соған байланысты енді қай тұрғын-жай бөліктерінде мал ұстауға болатын-болмайтыны қарастырылуда, оны жақын маңда шешеміз, сонымен бірге қала тұрғындарын арзан жем-шөппен қамтамасыз ету жайлары да назарда ұсталмақ», – деді әкім.

Сонымен, қала активінде Жолдау жаңа бағыттарға серпін бергені айтылды. Қала әкімі осында жиналғандарда жақында өткен халық санағының қорытындылары бойынша облыс орталығында 400 мыңнан астам адам тұратындығын хабарлады. «Қала дамуының ендігі жоспары, әлеуметтік бағыттағы жоспарлар осы дерекке қатысты қайта қаралады, – деді А. Мұхамбетов, – Тиісті орындар алдына шешілуі тиіс мәселелерді де осы тұрғыдан қоямыз».

Ақтөбе қаласы қазір 2009-2012 жылдарға арналған экономика және қаржы секторын тұрақтандыру жоспарына сәйкес шараларды жүзеге асыруға кірісті. Қала бойынша бюджет қаржыларын пайдалануға қатысты апта сайын мониторинг жүргізілуде. Алдағы уақытта мемлекеттік сатып алу жұмыстарында жергілікті тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілерге басымдықтар берілмек. Сондай-ақ, қоғамдық негізде жұмысқа тарту, басқа мамандықтар бойынша қайта даярлау шаралары тұрақты жүргізіледі. Қысқасы, дағдарысқа қарсы әрекеттер негізінде дамудың түрлі мақсаттары айқындалуда.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

«Ақтөбе»

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button