Жаңалықтар

Әке жолын жалғастырған ғалым

Есет Жұбановтың туғанына— 90 жыл

Қазақ ғылымы мен өнеріндеөшпес із қалдырған ағайынды Жұбановтар  мен олардың талантты ұрпақтарының ел игілігі жолында сіңірген еңбектері зор. Тектілерден тараған тұғырлытұлғалардың бірі, филология ғылымдарының докторы, профессор Есет Құдайбергенұлы Жұбановтың туғанына биыл90 жыл толып отыр.

Алматыдағы  А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында аға ғылыми қызметкер болып жұмыс жасап жүрген Есет Құдайбергенұлы 1992 жылы  туған мекеніне оралып, өмірінің соңына дейін, 15 жыл бойы қазіргі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде еңбек етті. Ол өз әкесінің есімі берілген оқу орнының алдыңғы қатардан көрініп, бәсекеге қабілетті мамандар дайындауына ерекше үлес қосты. Әсіресе, жаңадан ашылған қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының қанаты бекіп, тынысы ашылуына, ондағы оқытушылар мен студенттердің ғылыми жұмыстармен шұғылдануына ұйытқы болды.

Оның әкесі Құдайберген Жұбанов белгілі лингвист-ғалым, профессор,  ал анасы Раушан Оспанқызы үй шаруасындағы адам болған.Құдайберген Жұбанов1922 жылы Темір қаласындағы уездік оқу бөлімінде инспектор-әдіскер, 1925 жылы  Ақтөбе губерниялық халық ағарту бөлімі бастығының орынбасары болып, сонымен қатар педтехникумда сабақ берді. 1928 жылы  сол кездегі республика астанасыҚызылорда қаласына, Халық ағарту комиссариатына қызметке шақырылған. Ал 1929 жылдың басында ҚазПИ-ге түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы кафедрасына ғылыми қызметкер ретінде келген Қ.Жұбановты сол жылы ұлттық кадрларды даярлау мақсатында Ленинградтағы Шығыстану институтының аспирантурасына оқуға жібереді. Дымқылды солтүстіктің суық ауасы қырдағы аңызақ құрғақта өскен Құдайберген Қуанұлының денсаулығына қолайсыз тиіп, 1929 жылдың жазында біраз түзелу үшін елге қайтып оралады. Оның отбасы осы Ақтөбе қаласында болған кезде,1929 жылы 22 қарашада Есет  Құдайбергенұлыдүниеге келген.

Бала Есет алғашқы білім жолын 1936 жылы Алматыдағы №12 қазақ орта мектебінде бастаған. Бірақ әкесі 1937 жыл зұлматына ұшырағаннан кейін, анасы   Раушан алты баласын алып, туып-өскен жері — Мұғалжар ауданы, Жұрын  ауылына жақын «Жаңа тұрмыс» колхозына көшіп келеді.  Есет Жұбанов осы ауылдағы Қызылжар жеті жылдық мектебін, одан кейін Ақтөбедегі Н.Байғанин атындағы екі жылдық мұғалімдер институтының даярлық бөлімін бітіріп, туған ауылындағы Қызылжар жеті жылдық мектебінде бір жыл орыс тілі мен әдебиеті  пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасайды.1947-51 жылдары Алматыда ҚазПИ-де оқып,қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын игереді. Одан кейін жас маман ретінде жолдамамен Солтүстік Қазақстандағы Қызылжар(Петропавл) педучилищесіне  жұмысқа келеді. Сол жерде білімді жас маман Есет Құдайбергенұлы облыстық мұғалімдердің білімін жетілдіру институтының, облыстық оқу бөлімінің, облыстық комсомол комитетін саяси үгітшілер тобы,т.б. жұмыстарына белсене араласады.1954 жылы Алматыда қазақ-орыс тілдерінде бір мәтінмен шығатын республикалық «Қазақстан  мұғалімі»газетінің мектеп бөліміне аудармашы-әдеби қызметкер болып жұмысқа орналасады.  Өзінің білімділігімен елге таныла бастаған Есет Жұбановты 1957 жылдың  жазында ҚазақКСР Ғылым  академиясының Тіл және әдебиет институты жұмысқа шақырып, Түсіндірме сөздік бөліміне қабылдап, аспирантураға түсіп, ғылыммен шұғылдануына жол ашады. Ол   Ғылым академиясында жұмыс жасай жүріп,  Қазақ тілінің 2 томдық түсіндірме сөздігін,10 томдық түсіндірме сөздігінің 5-6 томдарын, «Абай» энциклопедиясын, Ахмет Жұбановтың «Ән-күй сапары» жинағын, т.б. көлемді еңбектерді  шығаруға  қатысады.

Тұлпардың тұяғы  Есет Құдайбергенұлы  Ақтөбе  жерінде жұмыс жасай жүріп,  Жұбановтар мұрасы ұлт қазынасы екендігін дәлелдеп,  әкесінің ғылыми мұрасын түгендеп зерттеуге де ерекше үлес қосты. Оның ұйымдастыруымен университетте «Жұбановтану» ғылыми зертханасы жұмыс жасап, осы жерден бірнеше  оқытушыға жетекші болып, ғылым кандидаттығын қорғатты. Атап айтқанда,

М.Мировтың «Профессор Құдайберген Жұбановтың ұлттық ғылым тілін жасаудағы ролі»(1999), М.К.Доспағанбетованың «Лексикографиялық деректердегі космонимдер»(2006),  Ж.Сұлтанның «Тілтанымдағы антропологиялық парадигманың  Қ.Жұбанов мұраларындағы көрінісі»(2007)  атты кандидаттық дисертацияларына ғылыми жетекші болса, сонымен бірге Н.Садуақастың «Профессор Қ.Жұбанов еңбектеріндегі қазақ тілі дыбыстары жіктелімінің фонологиялық негіздері»(1999)  атты дисертациясына профессор Әлімхан Жүнісбек екеуі бірлесе жетекшілік жасады. Университетте жұмыс жасаған кезінде  профессорҚ.Жұбановтың еңбектеріне арналған бірнеше ғылыми халықаралық конференцияларды ұйымдастырып, өткізілуіне басшылық етті.

Фольклортанушы ғалым Есет Құдайбергенұлы еңбектерінде түркі халықтарына кең танымал  «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қобыланды батыр», т.б. жырлар стиль-тілдік тұрғыда жан-жақты терең зерттелді. Ол  1967 жылы  «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» эпосының әдеби-лингвистикалық ерекшеліктері» деген тақырыпта жазған еңбегін қорғайды. Өз кезінде қазақ фольклорын халық әдебиеті деп атап, тынымсыз ғылыми ізденісі нәтижесінде халық әдебиетінің лингвопоэтикасы жөніндегі зерделі зерттеулерімен танылған фольклортанушы, тілші ғалым  Е.Жұбановтың  ғылыми терең ойлары мен мағыналы пайымдаулары, фольклор тілін зерттеудің методологиялық ерекшеліктерін көрсететін ұстанымдар тәрізді, осы саладағы кейінгі зерттеушілерге бағыт-бағдар беретін, ғылыми құндылығын жоймайтын еңбектер  болды. Ал 1997 жылы  «Халық әдебиеті тілін зерттеудің лингвостилистикалық аспектілері»  деген тақырыпта  докторлық  диссертациясын  қорғайды. Ол ауыз әдебиетінің тілін зерттеуде есімі белгілі  болған ғалымдардың бірі ретінде 200-ден астам ғылыми мақалалар мен «Эпос тілінің өрнектері»(1978), «Қазақтың ауызекі көркем тілі» (1996) атты монографиялық еңбектер жазып қалдырды.

Зерек зерде иесі Е.Жұбанов еңбектеріндегі ғылыми құнды ойлардың бірі—ғалымның «әдеби тіл» ұғымы туралы пікірі. Қазақ тіл білімінде «әдеби тіл» жөніндегі танымымыз батыс елдері тілдеріне қатысты заңдылықтар арқылы қалыптасқандығын, сондықтан осы кезге дейін жаңсақ пайымдауларды «малданып» келгендігімізді айтады. «Әдеби тіл» атты «жасанды категория» өзге тіл арқылы енген «дүмбілез қағида» екендігін, сондықтан әр халықтың өзіндік даму жолына байланысты тілінің де қоғамдық қызметі заманына сай болғанын атап көрсетеді. Қазақ халқы тарих сахнасына шықты делінетін XV ғасырға дейін-ақ халық әдебиетінің үлкен қоғамдық қызмет атқарғанын айтып: «Ол—биліктің, шешендіктің, шежіренің, ру басы, қолбасылардың тілі болды, суырыпсалма ақындықты, жыраулық толғауларды, айтыс өнерін дамытып, кәсіп пен харекеттің атауларын біздің заманымызға дейін сақтап әкеліп, мемлекеттік ресми тілімізге ұластырды», — дейді. Қазақтың әдеби тілі барлық тарихи кезеңде халқына қызмет етіп, оның барлық қажеттілігін өтеп келгенін, «мемлекеттік мәртебеден айырылуы тек кешегі қызыл кеңес дәуірінде, орыс тілін ресми тіл етіп зорлықпен енгізу тұсында басталғанын» айтады. Әдеби тіл туралы қағиданың жазумен байланысты қарастырылуы да барлық халық тіліне сәйкес келе бермейтінін, қазақтың ауызекі көркем тілінің мемлекеттік мәртебесін баба тілден іздеу қажеттігін, халық әдебиеті сол бабалар тілінің көзі екендігін, сондықтан «ресми тілді елде жоқ ерекшелігіне қарап танымай, бүкіл қоғам мүшелеріне етене болған ортақ белгілеріне, қасиеттеріне қарап мойындау қажеттігін» тілге тиек етеді. Ғалым Е.Жұбанов «халық әдебиетінің тілі әдеби ме?» деген мәселе жөніндегі өз ойын риторикалық сұрақтан бастап, халық әдебиеті тілі күнделікті қарым-қатынас тілінен биік тұрған, өңделген, көркем тіл, баба тілі, диалект атаулыдан шоқтығы биік тіл, барша жұртқа түсінікті тіл, «әдебиетке түсіп қалыптанған халық тілі» екендігін айтып, сонымен қатар «ауыз әдебиетінің тілінен, оның өз мүмкіндігінен артық ештеңе талап етудің қажеті жоқ, өйткені оның қалыптасқан заманын, дүниеге келу себептерін, атқарған қызметін, көркемдік сапаларын, жанрлық ерекшеліктерін жазба әдебиетінің осы тақылеттес белгілерімен өлшестіруге тіпті де болмайтынын» таза халықтық тілге табан тіреген, ұлтқа дейінгі әдеби тіл міндетін төбе тіл үлгілері атқарғанын айтады. Жазу өнері тумай тұрған кезеңде немесе жазу жалпы қоғам мүшелеріне тегіс қызмет етпей тұрған кезеңде «бұқара көпшілік өзінің поэзия түріндегі тіл өнерін жалпыға бірдей ортақ қарым-қатынас құралы еткен», сондықтан Е.Жұбанов қазақтың фольклоры тілін «ауызекі көркем тіл» атауымен түсіндіреді. Фольклор тілін зерттеудің қыр-сырын жетік меңгеріп, оның теориялық негіздерін қалыптастыруға көп үлес қосқан ғалым Е.Жұбанов ауызекі әдеби тілдің ұлтаралық сипатына да терең барлау жасаған. Тегі бір, тілі жақын туысқан халықтар ауыз әдебиетіндегі тектестіктен туған ұқсастықтарды көрсетіп, жазу мәдениеті пайда болмастан көп бұрын түркі халықтарына ортақ үлгісі болып ұлтаралық төбе тіл қызметін ауызекі әдеби тіл атқарғанын айтады.

Ғалым Е.Жұбанов халық әдебиетінің тілін жырдағы ономастикалық атауларға қатысты зерттеу жолын да көрсетті. Ғалым қазақ жырларындағы топонимдер,  эпонимдер мен этнонимдер халық өмірінің суретін, ел-жұрттың мекенін, халықты танытатын өкілі, яғни кейіпкерлер, адам аттары туралы хабар беріп қана қоймай, бұлар тілдік-стильдік ерекшелігін танытатын лексикалық топ екендігін алға тартады. «Қобыланды батыр» жырындағы жер-су атауларына талдау жасай отырып, эпос арқауына өрілген топонимдердің жырды құрайтын тілдік-эстетикалық жүйеге қатыстылығына, олардың атқаратын қызметін анықтауға, жыр өрнегін әрлендіруші табиғи ролін лингво-поэтика тұрғысынан жыға тануға назар аударып, халық әдебиеті тілін зерттеуде ономастикалық атауларды тану жолдарын көрсетеді. «Қобыланды батыр» жырын зерттеу барысында ғалым жырдағы оқиғаның нақты болған жерін анықтауға да көңіл аударған. Жырдағы «Електен өтсең, Есенбай, қыс қыстауға көңіл жай» деген жолдарды келтіре отырып, Қазақстанның батысындағы Ақтөбе қаласының іргесінен ағып жатқан Елек өзені өз басын  Ишимбай, яғни Есімбайдан алатынын, бұл деректер шындыққа жақын келетінін ескерткен еді. Шындығында да, Қобыланды батыр денесі Ақтөбедегі Жиренқопа жерінде жерленгені  анықталып, батырдың  басына үлкен кесене орнатылып, халық ауызындағы эпос кейіпкері шындық өмірде болғаны анықталған үлкен тойды ғалым Е.Жұбанов көре алмай кетсе де, осы жырдағы жер-су атаулары елдің осы батыс өңіріне сай келетінін  айтып кеткен еді.

Халық әдебиеті тілін зерттеуде Е.Жұбанов жергілікті сөйлеу ерекшеліктерінің жыр тіліне қатысы туралы мәселені де талдай келіп, қазіргі жазба әдеби тіл тұрғысынан жырдағы жергілікті тіл ерекшеліктерінің бірін әдеби, енді бірін әдеби емес деп қарастыруға болса да, «сонау эпос дәстүрі дәуірлеп тұрған шақта халық эстетикасы бұл тұлғалардың бәрін тең дәрежелі сөз қолданыстары деп танығанын» айтады.

Тектінің текті ұрпағы Есет Құдайбергенұлы Ақтөбе жеріндегі тіл-әдебиет, білім-мәдениет, оқу-тәрбие, т.б. қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Қазіргі таңда Жұбанов университеті еліміздің оқу орындарының алдыңғы қатарынан көрініп отырғанын  ескерер болсақ, осындай жетістіктерге  қол жеткізу  жолында еңбектеніп жүрген бірқатар білікті ғылыми мамандарды дайындауға   кезінде  Есет Құдайбергенұлының  да  үлес қосқанын  атап айту керек.  Ол   «Қазақстан Республикасының  Білім  беру ісінің  құрметті қызметкері» төсбелгісі, Ыбырай Алтынсарин атындағы медальмен, сондай-ақ «Қазақстан Конституциясына — 10 жыл» мерекелік  медалімен марапатталып,  2003 жылғы  Ақтөбе облысы  бойынша  «Жыл адамы», «Мұғалжар ауданының құрметті азаматы»,  2004 жылы «Ақтөбе қаласының құрметті азаматы» атанып,  2005 жылы  Мемлекеттік тіл саясатын жүргізудегі еңбегі үшін Ақтөбе облысы әкімінің Алғыс хаты мен «Тіл жанашыры» деген сыйлығына ие болып, марапатталған.

Көрнекті ғалым 2007 жылғы 4 сәуір күні,78 жасында  дүниеден өтті. Көзінің тірісінде өзінің асқақ бейнесімен,  ғылыми еңбектерімен, азаматтық келбетімен  басқаларға үлгі бола білген,   ғылымда өзіндік орны бардарынды лингвист-ғалым Есет Құдайбергенұлы Жұбановты  артында қалған тағылымды істері мен құнды зерттеулеріне қарап, әрқашан жас ұрпаққа үлгі-өнеге етеміз.

Нұрбол СӘДУАҚАС,

филология ғылымдарының кандидаты,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің доценті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button