Басты жаңалықтар

Түбімізге лудомания жетпесін

Көлеңкелі экономика

Бәске барын тігетіндер көбейіп тұр…

«Ойынға ойсыз құмар», «Ой түбі — алтын, ойын түбі — от» деп бабаларымыз текке айтпаса керек. Жалпы құмар ойын деген атау қазақ ұғымында болған емес.  Бұл — бүгінгі қоғамның дерті. Елімізде үш жыл ішінде көлеңкелі экономика деңгейін 40 пайызға төмендету — Үкімет алдына қойылған нақты міндет. Көлеңкелі экономикаға қарсы күрестің негізгі бағыттарының бірі — осы заңсыз құмар ойындарына қарсы күрес. Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің басқарма басшысы Артур Хайрутдиновпен болған әңгіме осы тақырыпта өрбіді.   

Үкім және әлемдік тәжірибенің үш себебі

Құмар ойын — экономикалық қатынастарға қол сұғады, қылмыстық ортаның көбеюіне ықпал етеді. Заңсыз құмар ойындарының қауіпті салдарының бірі — психикалық тәуелділік. Жалпы құмар ойыншы немесе ойын-сауыққа берілген адам — лудомания қоғамдық мораль мен денсаулыққа, отбасылық құндылықтарға, дәстүрге қауіп төндіреді.

Мамандардың айтуынша, заңсыз ойын бизнесіне қарсы әрекет республикада, оның ішінде біздің аймақта да жоғары деңгейде жүзеге асырылып жатыр. «Бұл проблемамен жалпыреспубликалық экономикалық сипатта күресу —  біздің ортақ ісіміз», — дейді Артур Хайрутдинов.

Азаматтардың ойынға басында тынығу, эмоционалды күйзелістен арылу, жағымсыз проблемалардан алшақтау үшін келіп, соңында бұл механизм өзіне біртіндеп тарту мен тәуелділікке алып келетінін әлемдік тәжірибе растайды. Мамандар әлемдік тәжірибеде  құмар ойындарға патологиялық тәуелділік мәселесі үш негізгі себеппен қарастырылатынын айтып отыр. Оның біріншісі — патологиялық ойыншылардың арасында әлеуметтік және қаржылық проблемалардың пайда болуы. Яғни мұндай ойындарды ойнайтындардың 23 пайызы қаражат тапшылығынан, 35 пайызы ажырасқан, ал 80 пайызы некеде қатынастары бұзылған адамдар болып келеді. Екіншіден — заңсыз әрекеттердің дамуы. Құмар ойынға тәуелді адамдардың  60 пайызы құқық бұзады. Үшіншіден — өз-өзіне қол жұмсау қаупі. Бұл жерде, әлемдік тәжірибе растағандай, 13-40 пайызға дейін патологиялық ойыншылардың өз-өзіне қол жұмсайтыны, 32-70 пайызы өз-өзіне қол жұмсау туралы ойланатын көрінеді. Мұндай себептерді мына жағдай да дәлелдеп отыр:

Осындай құмар ойындарды ойнау нәтижесінде барлық үй-жайы және мүлкінен айырылған К есімді азаматтың психикалық халы бұзылғаны анықталған. Яғни ол көшеде кінәсіз, бұрын-соңды ешқандай байланыста болмаған әйелді пышақтаған. Осы жағдайға байланысты К есімді азаматқа Ақтөбе қалалық сотының үкімі шықты, — деді А.Хайрутдинов.

Ойын автоматтарына осал топтағылар келеді

Елімізде заңсыз ойын бизнесіне қатысты Қылмыстық кодекстің 307-бабы, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 444-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылған.

Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» Заңының 11-бабына сәйкес, казино мен ойын автоматтар залын жергілікті атқарушы органдардың анықтауымен Алматы облысындағы Қапшағай су қоймасы жағалауы мен Ақмола облысындағы Шучинск ауданы аумағында ашып, орналастыруға ғана рұқсат берілген. Мұндай ойын түрлерінің басқа жерлерде  ашылуы заңсыз, — деді басқарма басшысы.

Оның айтуынша, қоғамдық орындардың әр жерінде орналасқан ойын автоматтарына тұрақты келетіндер — халықтың осал топтары. Яғни кәмелет жасқа толмағандар, студенттер, жұмыссыздар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының мүшелері және басқалары. Дегенмен Заңға сәйкес, ойын бизнесі орналасқан жерлерге 21 жасқа дейінгі азаматтардың кіруіне тыйым салынған. Алайда ойнайтын орындар жоғары және арнаулы білім беретін оқу орталықтарының айналасында, дүкендер мен аялдамаларда орналасқандықтан, мұндай жерге кәмелет жасына толмағандар мен студенттердің келуін ешкім қадағалай алмайтын көрінеді.

Облыс аумағында заңсыз құмар ойындарына қарсы іс-қимылдар және осы құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарының нәтижесінде 2018-2019 жылдар  аралығында құмар ойындар саласындағы қылмыстық істерді тергеудің сот-тергеу практикасы экономикалық тергеу қызметінің тиімділігін айқындатты. Яғни жедел-іздестіру жұмыстары нәтижесінде Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша 19 іс және аталған кодекстің 262-бабы бойынша екі іс тіркелді. Сол сияқты 47 орында іс-шаралар тоқтатылды. Заңсыз айналымнан  109 ойын терминалы, 353 процессор, 206 монитор, 256 теледидар, 13 моноблок, 3 ноутбук, 10 бейнетіркеуіш, 29 термопринтер, 20 сканер, 12 модем, 5 кассалық аппарат, 49 флэшкарта және 3 миллион 700 мың теңге көлемінде ақша тәркіленіп, 21 адамның қылмыстық әрекеті әшкереленді, — деді Артур Хайрутдинов.

Сол сияқты департамент мамандары заңсыз букмекерлер мен ойын автоматтарын 10 нүктеде ұйымдастырған 12 адамнан құралған ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесіпті. Бұл — республика аумағында осы салаға қатысты ең алғаш ұсталған қылмыстық топ. Алдын ала есеп бойынша, көлеңкелі айналымнан қылмыстық жолмен алынған қаражаттың көлемі  170 миллион теңгеден асқан. Осы бағытта атап айтсақ, әшкереленген 47 заңсыз ойын орындарының 37 нүктесі Ақтөбе қаласында, жетеуі —  Хромтау, ал 3-еуі Қандыағаш қалаларында орналасқан. Мамандардың айтуынша, анықталған заңсыз ойын орындарының 15-і жалға берілген үйлерде орналасқан.

Заңға сәйкес, ойын орындарының тұрғын үйлер мен кәсіпорындар, мемлекеттік органдар орналасқан ғимараттарда, әуежай, теміржол вокзалы, қоғамдық көлік аялдамаларында орналасуына тыйым салынған. Алайда  дүкендер мен кафелер, сыра барларының барлығы тұрғын үй ғимараттарында орналасады. Сондықтан бұл мәселеге тек қана қадағалаушы органдар емес, барлық қоғамның қатысуы арқылы әсер ете аламыз деп ойлаймын, — деді А.Хайрутдинов.

Бүгінде аталған мәселеге байланысты тергеу жұмыстары кезінде де бірқатар қиындықтар туындайды. Ең бастысы — Ақтөбе облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінде аудандық бөлімшелер жоқ. Осыған байланысты облыстың барлық ауданында осындай іс-шараларды жүргізу департамент мамандарына қиындық туғызады. Дегенмен тек соңғы 1,5 ай ішінде аталған департамент мамандарының жүргізген профилактикалық шараларының нәтижесінде облыс тұрғындарынан түскен мәліметтер негізінде 17 заңсыз ойын нүктесінің жолы кесіліпті.

Де-юре немесе деградация

Заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес әкімдік тарапынан да кең қолдау тауыпты. Осының негізінде әлеуметтік желілер мен қоғамдық орындарда «Лудомания» шартты атауымен бейнероликтер көрсетіліп жатыр. Сол сияқты заңсыз ойын бизнестеріне қарсы тұру және оны толығымен жою мақсатында биыл 15 тамыз-15 қазан аралығында жалпыреспубликалық «СТОП ИГРА» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы да жүзеге асырылды. Осындай жұмыстардың барысында облыстың барлық оқу орындарында арнайы дәрістер оқылып, әлеуметтік желілер арқылы насихаттауға блогерлер тартылыпты. Сондай-ақ барлық қала аумағында орналасқан екінші деңгейдегі банктерде және қоғамдық орындарда «Ойынқұмарлық және оның салдары» тақырыбында жасалған буклеттер, күнтізбелер, кітапшалар көпшілікке ұсынылған.

Заң талабына сәйкес, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушыға кеңсесін жалға бергені үшін де меншік иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Профилактикалық шаралар барысында меншік иелеріне ескертулер жасалды. Себебі заңсыз ойын ұйымдастыруға кеңселерді жалға берушілер де қомақты ақшаға кенеледі. Осының өзі — үлкен мәселе, — дейді мамандар.  

Облыс аумағында заңсыз құмар ойындарын толықтай жою жолындағы проблемалық мәселе — қылмыстың бұл түрінің күн сайын өзгеруі.

Айта кетсек, 2007-2009 жылдары ойын автоматтары залдары ақшаны қолма-қол төлемейтін әдісте жұмыс атқарды. Бұл құмар ойындарының бірден-бір жасырын тәсілдері болды. Дегенмен ойынның мұндай түрлерінде кейін қайта жаңа ойынға бәс тігуге мүмкіндік тудыру үшін ұялы байланыс бірліктері ұтыс ретінде берілді. Ал 2010-2012 жылдары заңсыз ойын бизнесі «де-юре» спорттық іс-шаралар лицензиясы негізінде әрекет етті. Яғни іс жүзінде карта құмар ойыны ұйымдастырылып, нәтижесінде «спорттық покерлық клубы мен қоғамдастығы» дамыды. 2013-2014 жылдар аралығында электрондық онлайн-казинолары көптеп таратылды. Ал 2015-2019 жылдарда барлық республика аумағында лотерея түрінде ойын автомат залдары қызмет етуге кірісті. «Заңсыз ойын бизнесі адамдарды психологиялық тәуелділік пен деградацияға әкеледі, екіншіден, ол экономикалық қатынастарға қол сұғып, қылмыстық ортаның көбеюінің қуатты катализаторы саналады», — деді Артур Хайрутдинов.

Жақында осы мәселе облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен жиында да кеңінен талқыланған болатын.  «Жалпы бұл мәселенің алдын алу керек. Заңсыз ойын бизнесі — қоғамдық індеттің бір түрі», — деген облыс басшысы осы іспен айналысатын құзырлы мекемедегілерге жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарымен бірлесіп бұл бағытта жұмысты күшейтуді тапсырды.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button