Басты бет » Білім » Мектеп құрылыстары неге кешіктіріліп жатыр?

Мектеп құрылыстары неге кешіктіріліп жатыр?

Облыстық тамыз кеңесінде облыс әкімі Оңдасын Оразалин аудан әкімдеріне, облыстық білім басқармасының басшысына кезек күттірмей шешілуі тиіс бес міндетті жүктеген болатын. Сол міндеттердің бірі — жылдарға созылған, дер уақытында тапсырылмаған құрылыс жұмыстарын аяқтау.  Облыс басшысы: «Құрылыс жүріп жатқан мектептердің ішінде жұмыс көлемі 65-80 пайыз аралығында орындалған нысандардың уақтылы пайдалануға берілмеу қаупі бар» деп жұмыстарды бақыламаған тиісті мекемелердің басшыларын сынға алған-ды. Бұл білім беру мекемелері: Ақтөбе қаласы «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы,  Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылындағы (80 пайыз), Байғанин ауданы Бұлақтыкөл ауылындағы (65 пайыз),  Ырғыз ауданы Шеңбертал (80 пайыз) және Жаныс би елді мекендеріндегі мектептер. Содан бері екі айға жуық уақыт өтті. Құрылыс қарқыны қалай? Сыннан қорытынды шықты ма? Біз осыған байланысты тиісті мекемелердің басшыларымен сөйлескен едік.

Жауапты кім?

Облыс әкімі сынға алған 5 мектептің бесеуінің де құрылысы бұдан 2 жыл бұрын, 2017 жылы басталған. Соның 4-еуінің сыйымдылығы осыншама уақытқа созылатындай үлкен де емес: небары 60 және 100 балаға арналған мектептер. Осы шағын ғана құрылыстардың соншалықты созылуының себебі неде деген сауалымызға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары: «Бұл сауал бізге қатысты емес, тапсырыс беруші — құрылыс басқармасы. Солар жауап беруі тиіс» десе, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы: «Бізге тиісті ақша бөлінсе, өзбектер сияқты әп-сәтте-ақ тұрғызып тастар едік. Ақша уақытында бөлінген жоқ. Ал қаржы неге бөлінбеді, оған мен жауап бере алмаймын, мұнымен облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы,  облыстық мәслихат депутаттары жауапты» деді.

Ал облыс әкімі тамыз кеңесінде: «Құрылыс жұмыстарының баяу жүріп, қарқынының төмендеуіне әрине ең алдымен құрылыс басқармасы жауапты, осы басқарманың жауапкершілігінде. Алайда, облыстық білім басқармасына аудан әкімдіктерімен, құрылыс басқармасымен бірлесіп мектеп құрылыстарының уақытылы берілуін, сапалы салынуын бақылауға алуды тапсырамын» деген болатын.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасарынан аталған құрылыстардың келісімшартқа сәйкес аяқталу мерзімін сұрағанымызда, бұл сұраққа да мардымды жауап бере алмады. Берген уәжі: «Рас, бұл құрылыстардың тапсыру мерзімі өтіп кетті. Бірінікі жазда тапсырылуы тиіс болатын. Облыстық құрылыс басқармасы құрылыстардың аяқталу мерзімін бермей отыр ғой…», — деді. Сосын бір бума қағаздарды беріп тұрып: «Біз де құрылысты бақылаймыз. Қадағалап отырмыз. Құрылыстың мерзімін, сапасын, жұмысшыларының белсенділігін сұрастырып, әлсін-әлсін облыс әкіміне хат дайындап жатырмыз. Міне, мынау сол хаттар», — деп толықтырды жауабын.

Жалпы биыл өңірде 20 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатта 4 721,3 миллион теңге бөлініп отыр. Мұның 3 172,3 миллион теңгесі — Ұлттық қор мен республикалық бюджеттен бөлінген қаржы.  Осы 20 мектептің 15-ін биыл ел игілігі үшін пайдалануға беру жоспарланған болатын (Қалған 5 мектептің құрылысы келесі жылы да жалғасады). Қыркүйектің 1-іне дейін соның 12-сі ашылуы тиіс-тін. Дегенмен, 2-еуі — Байғанин ауданы Бұлақтыкөл ауылындағы және Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылындағы мектептер дәл уақытында қолданысқа берілген жоқ. Осы екі мектеппен бірге тамыз кеңесінде үлкен мәселе ретінде көтеріліп, уақытында берілмеу қаупі бар мектептер қатарында құрылысы жіті бақылауда тұрған жобалардың 3-еуі «Нұр Ақтөбенің» 4-шағын ауданындағы және Ырғыз ауданындағы екі мектеп.

Жалпы мектеп құрылыстарының уақытында пайдалануға берілмеу дерегі тек осылар ғана емес. Мысалы, Байғанин мен Ырғыз аудандарында Білім күні пайдалануға берілген  әрқайсысының сыйымдылығы 300 орындық мектептер келісімшартқа сәйкес негізі былтыр берілуі тиіс-тін.

Бақылап отырмыз, мониторинг бар

Марал МЫРЖЫҚБАЕВА, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

— Біз құрылысы ұзаққа созылған 5 мектептің де жұмысын жіті бақылап, әр ай сайын мониторинг жүргіземіз. Сондай-ақ, облыс әкіміне құрылыс қарқыны туралы ақпарат беріп отырмыз. Қазір Жаныс би және Шеңбертал елді мекендеріндегі мектептердің жұмысының 90 пайызы орындалды. Ал Құмжарған мектебінің 85 пайызының ғана жұмысы істелді. Бұлақтыкөл мектебінің құрылысы бойынша жасалған жұмыс көлемі 75 пайыз болса, «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы 900 орындық мектептегі атқарылған жұмыс көлемі 80 пайыздан асады. Құрылыс жұмыстары баяу жүргізіліп жатыр. Қазір Құмжарған, Бұлақтыкөл ауылдары және «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы мектептердің құрылысы әлі де өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Күні кеше ғана басқарма басшысы Байғанин ауданына іссапармен барып келді. Бұлақтыкөлдегі мектеп желтоқсанда пайдалануға беріледі.

Былтыр Құмжарғандағы 60 орындық мектептің құрылысына қажетті қаржысының 85 пайызы бөлінді, биыл 22 миллион теңге берілді. Қаржысы бөлінсе де неліктен осы уақытқа дейін созылып кеткеніне облыстық құрылыс басқармасы жауап беруі керек. Біздің басқарма бұл бюджеттік бағдарламаның әкімшісі емес. Сол себепті де, әрі қарай кірісе алмаймыз. Тапсырыс беруші — облыстық құрылыс басқармасы. Аталған басқарма мердігерді анықтап, келісімшарт жасайды. Сол келісімге сәйкес, құрылыстың аяқталу мерзімі көрсетіледі, тағы да басқа жұмыстар, міндеттемелер белгіленеді. Мұның бәрін қадағалаушы — құрылыс басқармасы. Дегенмен, біз аудан әкімдерімен, облыстық сәулет, құрылыс және қала құрылысы басқармасымен тығыз байланыстамыз. Өз тарапымыздан құрылыс барысын бақылап отырмыз. Алайда жобалардың уақтылы аяқталмағаны үшін біздің басқарма тапсырыс берушіге ешқандай шара қолдана алмайды, біздің қолымыздан бақылаудан басқа нәрсе істеу келмейді.

Қаржы уақытында бөлінген жоқ

Нұрлан ИМАНАЛИН, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

— Жалпы бұл жағдай журналистер араласатындай мәселе емес.

Байғанин ауданындағы Бұлақтыкөл ауылындағы мектептің құрылысы  қарашаның 20-сы күні аяқталады. Заңды шарты бар сол бойынша аяқтап, тапсырады (келісімге сәйкес қыркүйекте тапсырылуы тиіс — Г.Б).

Құмжарғандағы мектептің құрылысы уақытында қаржыландырылған жоқ. Сол себепті де 2017 жылдан бері созылып келе жатыр. Оның да қаржы мәселесі әлі шешілген жоқ, енді реттелуі керек. Бұл жоба да желтоқсанның 16-сына дейін берілуі тиіс.

«Нұр Ақтөбедегі» мектептің де құрылысы жүргізіліп жатыр. Оны да жыл аяғына дейін пайдалануға береміз. Ал Шеңбертал мен Жаныс би ауылдарындағы мектептер жақында аяқталуы тиіс.

«Нұр Ақтөбе». 4шағын аудандағы 900 орындық мектеп

Жобаның құны — 1523,5 миллион теңге.

Бюджет — республикалық бюджет.

Мердігер — «АктобеЭлектросетьСтрой» ЖШС.

Басымдылық — үш ауысымды мектеп — Ақтөбе қаласы, №60 орта мектеп.

Жобаның іске асырылу кезеңі — 2017-2019 жж.

Қолданысқа беру мерзімі — желтоқсан, 2019 жыл.

Ырғыз ауданы Жаныс би ауылындағы 100 орындық мектеп

Жобаның құны — 377,7 миллион теңге.

Бюджет — облыстық бюджет.

Мердігер — «Реал трэк Актобе» ЖШС.

Басымдылық — ескі ғимарат, саманнан салынған.

Жобаның іске асырылу кезеңі — 2017-2019 жж.

Биыл қолданысқа беру жоспарланған.

Ырғыз ауданы Шеңбертал ауылындағы 100 орындық мектеп

Жобаның құны — 353 миллион теңге.

Бюджет — облыстық бюджет.

Мердігер — «Фагот и К» ЖШС.

Басымдылық — ескі ғимарат, саманнан салынған.

Жобаның іске асырылу кезеңі — 2017-2019 жж.

Биыл қолданысқа беру жоспарланған.

Мұғалжар ауданы Құмжарған ауылындағы 60 орындық мектеп

Жобаның құны — 269,8 миллион теңге.

Бюджет — облыстық бюджет.

Мердігер —  «Сауран Инжиниринг» ЖШС.

Басымдылық — апаттық мектеп орнына салынып жатыр.

Жобаның іске асырылу кезеңі — 2017-2019 жж.

Қолданысқа беру мерзімі — қыркүйек 2019 жыл.

Байғанин ауданы Бұлақтыкөл ауылындағы 100 орындық мектеп

Жобаның құны — 350,1 миллион теңге.

Бюджет — облыстық бюджет.

Мердігер — «БМ72» ЖШС.

Басымдылық — ескі ғимарат, ағаштан салынған.

Жобаның іске асырылу кезеңі — 2017-2019 жж.

Қолданысқа беру мерзімі — қыркүйек 2019.

P.S.

Бұл 5 мектептің құрылысынан басқа құрылысы басталған тағы 5 мектеп бар. Олар: Темір ауданы Шұбарқұдық ауылындағы 320 орындық мектеп (60 орындық интернаты бар), Қарғалы ауданы Бадамша ауылындағы 300 орындық мектеп (70 орындық интернаты бар), Ақтөбе қаласындағы Шилісай және Рауан тұрғын үй массивтеріндегі  мектептер және «Нұр Ақтөбе» тұрғын үй алабы, 1шағын аудандағы  900 орындық мектеп.

Облыстық облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Иманалиннің айтуынша, Рауандағы мектептің құрылысы келесі жылы басталып, сол жылы аяқталады. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен  351 миллион теңге бөлінуі тиіс. Шилісай ауылындағы мектептің құрылысы 2021-2022 жылдары салынады. Жобаның жалпы құны 1 миллиард 500 миллион теңге.

«Нұр Ақтөбенің» 1шағын ауданындағы мектептің құрылысы үшін келесі жылы 1 миллиард 200 миллион қаржы бөлінуі тиіс.

P.S.S.

Келесі жылы білім беру мекемелерін жөндеу, құрылысын салу, қалпына келтіру мақсатында біздің облысқа республикалық бюджет есебінен 3,9 миллиард теңге беру жоспарланып отыр.   

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.