Әлеумет

 «Сені іздеймін…»

Ақтөбедегі танысу агенттіктері арқылы табысып жатқандар бар ма?

Адам — нәзік жаратылыс. Арқа сүйер азамат, жаныңды ұғар жарсыз өмір сүру оңай емес… «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» деп те жатамыз. Бірақ әртүрлі себеппен сыңарын кездестіре алмай, дара күндерден дегбірі қашқандарға қайтпек керек? Олардың біразы бұрынғыдай апа-жеңгелеріне қолқа салғаннан гөрі, ғаламтордағы арнаулы сайттарға тіркеліп, танысу агенттіктерінің қызметіне жүгінгенді тәуір көреді. Мұндай заманауи танысу һәм табысу құралдары арқылы арманындағы адамын тауып жатқандар да бар…

11 жыл. 278 жұп

Нұр-Сұлтан мен Алматы сияқты орталық қалалардай емес, Ақтөбеде танысу агенттіктері жоққа тән. Қоғамдық орындар, мерзімдік баспасөз беттерінде де мұндай қызмет түрлері туралы хабарландыруларды көзіміз жиі шала бермейді. Өйткені бұл ділімізге сай келмесе, екінші жағынан, шағын ғана қалада «сондай жерге бардым…» деп айтуды ұят санайтындар кездеседі. Дегенмен біздің өңірде де ұзақ жылдан бері жалғыз жүргендерді жұп қылатындар, соған кәдімгідей маманданғандар бар.

— «Моя вторая половинка» танысу агенттігімнің ашылғанына биыл 11 жыл болды. Осы аралықта 278 жұптың үлкен өмірге аяқ басып, отбасылы болуына өз үлесімді қосыппын. Яғни маған келген 139 жігіт пен қызды бір-бірімен таныстырдым. Осынша уақыт үшін бұл, әрине, өте аз көрсеткіш. Неге десеңіз, менің танысу агенттігіме жолыққан ер-жігіттердің көпшілігі ажырасқан болса да, баласы бар әйелмен отау құрғысы келмейді. Қызығы сол, олардың бұған дейінгі некесінде кемінде 1 баладан бар. Осыдан барып заңды түрде ерлі-зайыпты атанатындар соншалықты көп емес. Бәріне күйеуге шықпаған, баласы жоқ, өзі сұлу әйел керек. Олардың талабына сәйкес келетін, қай жағынан да жақсы қыздар танысу агенттіктеріне келе ме?! Мәселе сонда ғой. Сол сияқты қыз-келіншектердің дені қалталы, өзі келбетті әрі жас жігіттерді іздейді…

Ауылдық немесе қалалық деп бөлмеймін, тіпті шетелдік азаматтармен де байланыс орнатуға қарсылығым жоқ. Ең бастысы, танысуға сұраныс білдіргендер бұрын-соңды сотталмаған, маскүнем немесе нашақор, сосын жұмыссыз болмауы керек. Шынымен отбасылы болуға ниетті келушілермен асықпай әңгімелескен соң, олардың суретін алып, арнайы сауалнама толтырып, өзіне сай жар іздеуге көшемін. Менің аталған қызметім 6 мың теңге тұрады. Белгілі бір уақыт аралығында сыңарын тауып беремін деп уәде бермеймін, бірақ жұмысымды адал атқаруға тырысамын. Мысалы, егер жасы 20-дан енді асқандар серіксіз едім деп келсе, ондайлардан бірден бас тартамын. Себебі олардың теңі агенттігімнің базасында бәрібір жоқ қой, — деп сыр бөліседі жеңгетайлықты негізгі табыс көзіне айналдырған Лия Гараева.

Танысу агенттігінің басшысының сөзіне қарағанда, оған бөріктілер мен бұрымдылар теңдей келеді. Ал жасына тоқталсақ, 30-65 жас аралығында. Осы орайда әңгімелесушімізден агенттікке тіркелген ер адамдардың талап-тілегі тез орындалатынын білдік. Бұның сыры қыз-келіншектердің көптігінде жатса керек. Оған Лияның жұмыс үстелінде жатқан қалың бума — «тірі дәлел».

«Жақсы жігіттің етегінен ұстасам…»

«Тұрақты жұмысым бар. Қалада орналасқан 1 бөлмелі пәтердің иесімін. Хас сұлу болмасам да, бір көрген жан екінші рет бұрылып қарайтындай келісті келбетім де жоқ емес. Бірақ әлі күнге тұрмысқа шыққаным жоқ. Өткен айда 36-ға толдым…» деп әңгімесін бастаған бикештің есімі Динара екенін кейін білдік. Толық аты-жөнін жасырып қалуды құп көрген оны әлгіндей агенттікте кезіктіргенімізді айта кету керек.

Осыдан 10-15 жыл бұрын «кәрі қыз» деген құлаққа түрпідей тіркесті естігенде, күліп, қыздардың күйеуге шығуды неге бұлай ұзатып алатынын түсінбейтінмін. Тіпті «Әр адам — өз өмірінің қожасы» дегенді апаларыма шегелеп айтып, бар кінә өздерінен екенін өзгелердің көзінше мықтап ескертуді жаным сүйетін (жымиып). Жылдар өте келе, олардың кейбірінің жолы болып, теңін тапты. Тағы біреулері ақыры өз үйінен алыстай алмады…

Шыны керек, тұрмыс құрып, бір азаматқа жар болуым керектігі, перзент сүю үлкен бақыт екендігін соңғы төрт-бес жылда ғана түсіндім. Баласын жетектеген жас жұбайларды көргенде, қызығып қарап, «Ана әйелден менің қай жерім кем?» деп өз-өзіме іштей сұрақ қоятын болдым. Әйел бақыты, отбасылық береке туралы жазылған көптеген кітаптарды оқып тауысқаным да бар. Сөйтіп, білім аламын, жақсы қызметке орналасамын деп біраз уақытты жоғалтып алған мен нақтылы әрекетке көштім. Ғаламтордағы бірнеше танысу сайттарына тіркеліп, жігіттермен компьютердің арғы жағынан сырласуды әдетке айналдырдым. Ол жақта кіл уақытша ермек іздеген отбасылы ер адамдар, болмаса қай жағынан да келіспегендер отыратынына көп ұзамай көзім жетті. Өмір өтіп бара жатыр, менің кезінде жұрт қызығып-қызғана қарайтын ажарым да бұрынғыдай емес. Қалайша бос отырамын? Не де болса, танысу агенттігінде бағымды сынап көруді ұйғардым. Мұндағылар 2-3 адам ұсынды. Бірақ бұрын отбасылы болған, жасы үлкен кісілер екен. Әлі ешқайсысымен жүзбе-жүз кездеспедім, тек анкетасын көрдім.

Бүгінгі таңдағы барлық ой-арманым — жақсы жігіттің етегінен ұстап, отбасылық бақытқа кенелу, ана атану, — деп ағынан ақтарылды қаржы саласында еңбек ететін кейіпкеріміз.

Ашығын айтпасақ болмас, танысу агенттіктерінде жар іздеп жабыққандардың басым бөлігі — жастардың тобына жатпайтын, қарттардың қатарына қосылғысы келмейтіндер. Сондай-ақ мұнда сыңардан бұрын сырлас қарастырғандар баршылық… Сөз басында агенттік басшысы келтірген көрсеткіштің төмен болуының бір себебі осында жатса керек.

…ДЕЙДІ

Лия Гараева өз сөзінде ер-әйелдердің отбасын құрмай, жалғыз жүріп қалуының себебін былай деп түсіндірді:

— Қыздардың оң жақта отырып қалуының басты себебі — олар карьера, байлықты ойлап, соған беріліп кетеді. Жасы 40-қа жақындағанда ғана өмірдің қызығы тұрмыс құрып, ұрпақ өрбітуде екенін түсінеді. Ал жігіттер ше? Оларда қазіргі таңда өз-өзіне деген сенімділік аз, «әлгі қыз мені менсінбейді» деп өзі ұнатқан аруға жақындай қоймайды. Бұл дұрыс емес. Жақында, сөйлес, сөз сал. Ұсынысыңды қабылдамаса, онда тұрған ештеңе жоқ, оны ойлама. Қыз көп қой…

Осыдан барып жігіттер мен қыздар көп уақытын өткізіп алады. Ал кез келген нәрсенің шектеулі екенін ұмытпаған жөн…  

Үміт пен күдік

Кез келген әлеуметтік желілерде — Facebook, ВКонтакте, Instagram, WhatsАpp, т.б. басы бос азаматтар мен арулардың шоғырланатын арнаулы топтар бар. Бұлардың атауы да әрқилы: «Танысу алаңы», «Кел, сырласайық», «Сені іздеймін», «Танысу бұрышы»… Барлығында да өмірлік жарын іздегендер аты-жөні мен жасын, бойы-салмағын жазып қалдырады. Ғаламтор арқылы танысудың шарапатын көріп, шаңырақ көтергендер Ақтөбеде де аз емес…

Сол сияқты, әсіресе, орыстілді газет-журналдарға хабарландыру беріп, серік іздейтіндердің саны біршама екен. Барлығы дерлік телефон номерін қалдырыпты… Жасы негізінен 45-тен жоғары екені де көрсетілген. Оған осы материалды дайындау барысында қанық болдық. Десе де, олардың адами сезімдерін талқыға салып, қызықтағандай әсер қалдырмайық деп сөзге тарта қоймадық.

Бұдан бөлек, мұндай топтағылар үшін танысу һәм тақырыптық кештер ұйымдастырылады екен. Әсіресе, біз айтып отырған басқосулар Алматы қаласында көптеп өткізіледі. Біздің шаһарда бұл анда-санда көрініс табады… Асылы, ақылы негіздегі кездесулердің басы-қасында жүріп, талапқа сай өтуіне мұрындық болатындар тапшы. Және онда қандай адамдардың жиналып, соңы қалай аяқталатыны да белгісіз. Бұл әлеуметтік желілердегі таныстыққа да қатысты. Солай болса да, «Үмітсіз шайтан» деген жалғызілікті жандар қайткен күнде де өз бақытын табуға тырысады… Әйтпесе, белгілі әнде айтылатындай, «іздемеген жігітке қыздар қайда?..»

Сауалнама

ЖАРЫҢЫЗДЫ ҚАЛАЙ ЖОЛЫҚТЫРДЫҢЫЗ?

Арман ТҰРҒАЛИЕВ,

мәдениет саласының қызметкері:

— Келіншегіммен осыдан тура үш жыл бұрын «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде таныстым. Алғашында «Менің әйелім болады, екеуміз отбасын құрамыз» деген ой мүлде болған жоқ. Сыныптасымның парақшасындағы «достарының» арасынан әдемі қыздың суретін көріп қалып, танысып көрейінші деп шештім. Екеуміз 2 ай уақыт аралығында ғаламтор арқылы хат жазысып жүрдік те, кездесуге бекіндік. Кейін жақын араласып, бірігіп түтін түтетеміз деп ой-ниетке тоқтадық. Былтыр отбасын құрдық. Қазір екі айлық тәтті қызымыз бар.

Меніңше, жарыңмен қалай танысқанында тұрған ештеңе жоқ. Тек жақсы адам болсын деңіз…

Назгүл ЖОЛДАСБАЕВА,

мұғалім:

— Жолдасыммен 2009 жылдың 27 қыркүйегінде ойда жоқта таныстым. Құрбым екеуміз серуендеуге шыққанда көшеде оның досы ұшырасып қалып, сөйтіп, бір-бірімізді көргеніміз бар. Қызық болғанда ең алғаш кездесіп, танысқан жеріміз көлік жуу орталығының қасында (күліп). Екеуміз 7 жылға жуық уақыт бойы кездесіп, шаңырақ көтердік. Қазір кішкентайымыз бар.

Күйеуіңмен, болмаса әйеліңмен қайда, қашан танысқаның маңызды емес деп есептеймін. Ең бастысы, кешігіп жолықпай, жас кезде танысып-табысқаның дұрыс.

P.S. Құстың қос қанаты секілді адамдардың да жұп болып тіршілік кешіп, отбасылық өмірдің қызық-қуанышына бөленгені, сөзсіз, қажет-ақ. Ол үшін сыңарыңмен қай жерде һәм қашан танысқаның аса маңызды емес… Ең бастысы, табысқан өмірлік жарыңның сені сыйлап, екі адамның жарасып кеткені болса керек.

P.S.S. Ерекше жағдайда танысып, отау құрған ерлі-зайыптылардың қызықты махаббат хикаясы болса, тыңдауға әзірміз… «Өмірдің өзі — новелла» демекші, ғашықтық оқиғасы шытырман романға бергісіз отбасылар Ақтөбеде аз емес болар…

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button