Жаңалықтар

Ауыл тұрғындары қола дәуірінің қорымын тапты

Қазан айының басында облыстық тарихи-өлкетану музейі қызметкерлерінен құралған археологиялық топ Ырғыз ауданындағы Шеңбертал I қорымында зерттеу жүргізді.

Бұл жөнінде облыстық музейдің баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған қорым Шеңбертал ауылының солтүстік жағынан ағып өтіп жатқан Ырғыз өзенінің сол жағалауында орналасқан. Қорым өткен ғасырдың екінші жартысында А. Формозов ашқан тас дәуірі тұрағы маңында орналасқан.

Музейдің археология және этнография бөлімі әзірлеген деректер бойынша, Шеңбертал I қорымы құмды дөңесте орналасқан және 2,5 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Қабірлердің беткі жағында шеңбер түрінде, сопақ және қисық пішінді тасты қоршаулар бар. Қоршаулар үсті-үстіне, тігінен қойылған тастар мен араларын байланыстыратын материал қолданылмай қаланған кварц тектес құмтастардан тұрады. Ал қабірлер аса терең емес.

Зерттеу барысында әрқайсысына бір адамнан жерленген екі қабір қазылды. Қабірлерде марқұмдардың сүйегі оң жаққа бүгілулі күйде жерленген. Олардың бас жақтарынан өрнектелген екі керамикалық құмыра табылған. Сонымен қатар қоладан жасалған білезіктер, сырғалар және орақ пішінді құралдар шықты. Осы табылған заттарға қарап, зерттеушілер екі қабірде де әйел адам жерленген деген болжам жасап отыр. Жалпы, қорым қола дәуіріне жатады деп жорамалданған. Бұл Батыс Қазақстан аумағында андроновтық (алакөлдік) тайпалар өмір сүрген мерзімнен қалған қорым болуы мүмкін.

«Ғылыми тұрғыдан бұл қорымды зерттеу маңызды болып табылады. Шеңбертал I қорымы қазір апаттық жағдайда тұр, сондықтан мұндағы қазба жұмыстарын жалғастыру қажет», — дейді зерттеушілер.

Сондай-ақ зерттеушілер көне қабірдің табылғаны жөнінде дер уақытында хабар берген С. Молдабеков, Е. Көшпамбетов, С. Қоблашев және басқа жергілікті тұрғындарға алғыс білдіретіндерін жеткізді.

А. САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button