Басты жаңалықтар

Нарқыз Испаниядан бас жүлдемен оралды

Ақтөбелік жас әнші Нарқыз Жанұзақова Испания мемлекетінде өткен «Tu Onda» халықаралық байқау-фестивалінде бас жүлдені жеңіп алды. Аталған өнер бәйгесіне оннан астам елден жүзге жуық өнерпаз қатысқан.

Малага қаласында ұйымдастырылған байқаудың өзі 3 аталым — вокал, би, музыкалық аспаптарда ойнау бойынша өткізілген. 1-7 қазан күндері аралығында өткен өнер мерекесінде 13 жастағы жерлесіміз қазақ және орыс тілдеріндегі әндерді орындады.

— Біріншісі — танымал әнші Мархаба Сәбидің репертуарындағы «Қай заман», екіншісі орыс тіліндегі «Боль» деген ән. Байқауға жақсы дайындықпен бардым. Ұйымдастыру жағы да өте жақсы болды.

Осы орайда сол жаққа барып-қайтуыма қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне алғысымды айтқым келеді, — дейді Нарқыз.

Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің вокал сыныбында дәріс алатын жеңімпаз қыз сондағы ұстазы Гүлжамал Манасоваға да ризашылығын білдірді. Диплом және Кубокпен марапатталған Нарқыз енді Беларусь Республикасының астанасы — Минск қаласында өтетін сазды сайысқа жолдама алған.

Нарқызды әуежайдан құшақ-құшақ гүлмен бір топ жерлестері — туыстары, ұстаздары, достары, сондай-ақ сала мамандары күтіп алып, оны жеңісімен құттықтағанын айта кетейік.

Жалпы, Нарқыз туралы «Ақтөбе» газеті бұған дейін де бірнеше рет жазды. Былтыр Ақтөбе қаласында өткен халықаралық «Baqytty bala-2018» балалар шығармашылығы байқауында топ жарған талантты жас Димаш Құдайбергеннің Лондондағы «DQ» деп аталған концертіне қатысып, «Астана — елімнің жүрегі» әнін орындаған еді. Ол, сондай-ақ, «Сиқырлы микрофон» халықаралық байқауы (Нұр-Сұлтан қаласы, I орын), «Әлемталантstars» халықаралық байқау-фестивалі (Ақтөбе қаласы, бас жүлде), «Таланттар шоқжұлдызы» халықаралық байқауы (Шымкент қаласы, бас жүлде),  «Сырым бар жүрегімде» республикалық байқауы (Алматы қаласы, I орын), «Жас талант KZ»  республикалық байқау-фестивалі (Ақтөбе қаласы, бас жүлде), т.б. олжалы оралған болатын.

Жеңіс құтты болсын, Нарқыз!

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button