Басты жаңалықтарӘлеумет

Үйіңіз жылы ма?

Биыл қыркүйек айының соңы бірнеше күнге жалғасқан қара суыққа ұласқасын, тұрғындардың жылыту уақытын асыға күткені рас. Ақтөбеде жылдағыдай жылыту маусымы 1 қазанда басталды. Бүгінгі күні облыс орталығындағы 1470 көппәтерлі тұрғын үйдің 80 пайыздан астамы жылуға қосылған.

ПИК жетекшілері қырсығып отыр…

Жылыту маусымы басталса, қаладағы көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындарынан шу шығатыны үйреншікті жағдайға айналды. Себебі мұндай үйлердің бәрі бірдей дер кезінде жылуға қосылмайды. Өйткені пәтер иелері кооперативтері мен кондоминиум иелігіндегі үйлердің бірсыпырасының жылу қабылдауға арналған паспорты уақтылы дайын болмай шығады. Ал қаладағы иесіз тұрған үйлердің әңгімесі тіпті бөлек.

Ақтөбе қаласында 1470 көппәтерлі тұрғын үй болса, қазіргі күні соның 1229-ы ғана жылуға қосылған. Тұрғындар тұтынған жылу үшін уақтылы төлем жасайтын болса да, көп жағдайда пәтер иелері кооперативтерінің жетекшілері  жылу қабылдауға үйдің құжатын әзірлеп болмайды. Осындай салғырттықтың кесірінен шу шығып, іс насырға шауып жатады.

Кейде тұрғындардың уақтылы жылу қабылдамауына тіпті басқаша жағдайлар әсер етеді. Ала жаздай жылу мәселесін ойламайтын ПИК немесе кондоминиумдар маусым басталысымен тұрғын үйлердің жылу құбырларының ескіргенін айтып, тұрғындардың мазасын қашырады. Мұндай күрделі жұмыстар жылу маусымы аяқталысымен қолға алыну керектігін олар жақсы білгенмен, құлықсыздық танытады. Сөйтіп, осындай күрделі шаруалардың күн суытқан шақта жүзеге асырылып жататыны өкінішті.

Бүгінгі күні Ақтөбе қаласында  жылуға қосылмаған үйлер бар. Негізінен көппәтерлі үйлердің шамамен 90 пайызына  жылу жіберілді. Жылуға қосылмай тұрған үйлердің басты себебі — сол үйлерге жетекшілік ететін пәтер иелері кооперативтері мен кондоминиумдар жылу үшін дайындық паспорттарын алмай отыр. Мұндай техникалық құжатты алуға кейбір ПИК жетекшілері қырсығып отыр. Себебі, жылыту маусымының алдында «Трансэнерго» тарапынан үйлердегі құбырларға жоғары қысыммен тексеріс жүргізіледі. Бұл жұмыстардың барлығы ақылы түрде болады. Мұндай шаруалар жылыту маусымының алдында, нақтырақ айтсақ, қыркүйек айында жүзеге асырылады. Кейбір пәтер иелері кооперативтерінің басшылары бұл шаруаны өздері жүргізбейді, болмаса өзгеге жасауға мүмкіндік бермейді. Егер өздері жүргізетін болса, міндетті түрде жылу мекемесі тарапынан өкілдер қатысуы қажет, — деді «Трансэнерго» АҚ бас инженері Айтбай Дауылбаев.

Жылу мекемесі өкілінің айтуынша, маусым кезінде «Трансэнерго» АҚ-ның жұмысына қаладағы иесіз тұрған үйлерден проблема жиі кездеседі. «Қазіргі күні қаламызда ешқандай меншік иесіне жатпайтын үйлер бар. Жылыту маусымы кезінде осындай үйлер жылу қабылдауға дайын болмай шығады. Себебі иесіз жатқан үйлердің жылу құбырлары жарылып, техникалық құжаттары да болмайды. Әсіресе, үйдің төменгі қабаттарындағы жылу құбырлары көп жарылады. Дегенмен біз мұндай үйлерді жылусыз қалдырмаймыз. Көп жағдайда осындай проблемалар біздің жұмысшылардың күшімен жүзеге асырылып жатады», — деді А.Дауылбаев.

Жылу тұрғындар сұранысына сай беріледі

Облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, Ақтөбе қаласы мен аудандарда әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер автономдық қазандықтарға,  орталықтандырылған жылу жүйесіне

1 қазаннан бастап қосылған.

— Бүгінгі күні Ақтөбе қаласы бойынша орталық жылыту жүйесі қызметін тұтынатын 59 мектеп түгелдей жылуға қосылды. Сол сияқты 45 балабақшаның

44-і, яғни 97,8 пайызы жылытылды. Сол сияқты 35 медициналық ұйымның 91,4 пайызы жылу қабылдап отыр. Қазіргі күні Ақтөбе қаласында «Трансэнерго» мекемесінің қызметін тұтынатын 1470 көппәтерлі тұрғын үй болса, соның 1229-ы ғана жылуға қосылды, — деді басқарма мамандары.

Мамандардың айтуынша, қаланы жылумен қамтамасыз ететін «Трансэнерго» мекемесіндегілер тұрғындардың сұранысына қарай тұрғын үйлерді орталық жылу жүйесіне қосып жатқан көрінеді. Алайда бұл мәселе жергілікті атқарушы органдар мен коммуналдық кәсіпорындардың тікелей бақылауында екен.

37 мың тонна көмір қажет

Ақтөбе облысы 2019-2020 жылдардағы жылыту маусымына дайын. Атап айтқанда, қазандықтар, 274,5 шақырым жылу желілері 100 пайыз жөндеуден өткізілген.

— Бүгінгі күні жылыту маусымына дайындық бойынша барлық жөндеу жұмыстары аяқталды. Жалпы дайындық — 100 пайыз. Жылыту маусымының үздіксіз өтуі үшін әлеуметтік нысандарға 39,0 мың тонна қатты және 2,5 мың тонна сұйық отын қажет. Қазіргі таңда  қажетті отын көлемі толығымен жеткізілді. Бұл көрсеткіш те — 100 пайыз, — деді облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бас маманы Нұрберген Бекеев.

Оның айтуынша, биылғы жылыту маусымына халыққа 37 мың тонна көмір қажет. Бүгінгі күнге 124 вагон немесе 8 680 тонна көмір жеткізілген.  Бұл орайда облыс аумағына  апта сайын 7-10 вагон, яғни 500-700 тонна шамасында көмір отыны жеткізіліп жатқан көрінеді. Облыс тұрғындары үшін көмір отыны Шұбаркөл, Майкөбен, Екібастұз, Қаражыра көмір алаптарынан теміржол арқылы тасымалдануда.

Мамандардың айтуынша, қазіргі күні көмірді сату бағасы тоннасына 15 200-16 500 теңгені құрап отыр. Тұрмыстық көмір отыны бірқалыпты сатылуда,  қазіргі таңда күнделікті сату көлемі 40-50 тонна болып отыр.
Жақында облыс әкімі Оңдасын Оразалин аймақтың жылыту маусымына дайындығы турасында өткізген жиында құзырлы орган басшыларына: «15 қазанға дейін жылыту маусымына дайындықты аяқтау қажет,  аудан әкімдері  жергілікті көмір тасушы компаниялармен тиісті жұмыстар жүргізсін,  қажетті отынды тасымалдауды бастап, тұрғындарға қауіпсіздіктің алдын алу бойынша да түсіндіру жұмыстары  тиісті деңгейде атқарылсын», — деп нақты тапсырма берген болатын. Алайда бұл жылыту маусымы кезінде болатын түйткілді мәселелердің алдын алу әрі оларды жүйелі түрде шешудің бірден-бір жолы еді.

— Қазіргі күні 6 вагон көмір жол үстінде келе жатыр. Яғни 420 тонна көмір облыс аумағына 12-13 қазан күндері жеткізіледі. Бүгінгі күні тұрмыстық көмір бірқалыпты сатылып жатыр. Бұл орайда халық арасында қандай да бір мәселелер туындап жатқан жоқ, — деді Нұрберген Бекеев.

Келер жылы 5 жылу қазандығы модернизацияланады

Қазір Ақтөбедегі көппәтерлі тұрғын үйлер «Трансэнерго» мекемесі иелігіндегі 23 жылу қазандығы арқылы жылытылып тұр. Бүгінгі күні оның бесеуі ғана автоматтандырылған. Айтбай Дауылбаевтың айтуынша, келер жылы тағы 5 қазандықтың жұмысы жаңартылып, автоматты режимде іске қосылмақ.

Қазір 5 жылу қазандығын модернизациялау бойынша жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Осындай жұмыстардың нәтижесінде жылу қазандықтарының ішіндегі құрал-жабдықтар, қондырғылар түгелдей алмастырылады. Ескі жүйемен емес, автоматтандыру әдісіне көшеміз. Бүгінгі күні «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында үлкен қазандықтың құрылысы жүргізіліп жатыр. Жоспар бойынша бұл жұмыстар биыл аяқталуы тиіс, — деді ол.

Қазіргі күні «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы көппәтерлі үйлер орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Бұған дейін бұл ауданда бір ғана жылу қазандығы болатын. Жыл сайын мұнда тұрғын үйлердің санының артуына байланысты, қосымша екінші жылу қазандығын салу жоспарланған.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button