Басты жаңалықтарБилік

Дариға НАЗАРБАЕВА, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы: Шекара мәселесін дипломатиялық тұрғыда шешуіміз керек

Облысқа іссапары кезінде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева жергілікті депутаттармен кездесті.

Облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлованың төрағалығымен өткен кездесуге облыс әкімі Оңдасын Оразалин, ҚР Парламенті Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед, Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Серік Жақсыбеков, Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Мұхтар Жұмағазиев, сондай-ақ облыстық, қалалық мәслихаттың депутаттары қатысты.  

Ақтөбе облысының даму бағдарламасы, аймақтағы өзекті мәселелерді шешу мен халықтың өмір сүру деңгейін арттыру бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жұмыс жүргізу барысын талқылауға арналған жиында Сәния Қалдығұлова облыстық мәслихат депутаттарының атқарған жұмысына тоқталды.

Оның айтуынша, облыстық мәслихат депутаттары корпусы 196 халық қалаулысынан жасақталған. Оның 165-і — қала және аудандық мәслихат депутаттары. Облыстық мәслихаттағы 31 депуттаттың 7-еуі — әйел адам. Яғни жалпы құрамның 22,6 пайызын құрайды.

— Облыстық мәслихатта 4 саяси партия өкілдері бар. Олар — «Ауыл», «Бірлік», «Ақжол» және негізгі саяси күш «Nur Otan» партиясы. Көпұлтты депутаттардың жалпы саны — 22 адам бизнес және коммерциялық құрылымдардың өкілдерінен құралған. Ал 9-ы — әлеуметтік сала өкілдері. Мәслихат сессияларына депутаттардың қатысым көрсеткіші орташа есеппен — 89 пайыз, — деген С.Қалдығұлова бүгінгі күнге дейін 38 жалпы отырыс өткізілгенін, оның 19-ы мәслихаттың кезектен тыс сессиялары екенін атап өтті.

Оның айтуынша, мәслихаттың барлық сессиялары ашық сипатта және онлайн режимде өткізіледі. Сессия жұмысына әрдайым облыс әкімі, басқармалар мен департамент басшылары, қалалық және аудандық мәслихаттардың хатшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысады.

Сондай-ақ ол өз сөзінде мәслихаттағы бес  тұрақты комиссияның жұмысына тоқталып, осы уақытқа дейін комиссиялардың 182 отырысы өткізілгенін, онда 296 мәселе қаралғанын атап өтті. Онда аймақтың даму бағдарламасын жүзеге асыру, инвестициялық жобалар мәселелері мен бюджеттік бағдарламаны іске асыру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясын кеңейту сияқты өзге де әлеуметтік проблемалар көтерілген. Сондай-ақ, тұрақты комиссиялардың мүшелері қоғамдық кеңес өкілдерімен бірге көшпелі жиындар өткізуді де басты назарға алған. С.Қалдығұлова өз сөзінде жұмыс процесінде қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылатынын да айтты.

Қасиетті Ақтөбе жеріне келгеніме қуаныштымын. Бұл өңірге келгеніме осыдан  он бес жыл уақыт өтіпті. Содан бері қалада бірталай өзгерістер орын алған, әдемі ғимараттар бой түзеп, жолдар салынған. Әсіресе, түнгі Ақтөбенің келбеті тіпті ерекше. Шынымды айтсам, қалаға қараңғы түсе келгенімізде: «Ақтөбеге келдім бе, әлде Еуропадағы әдемі бір қалаға келдім бе?!» деп ойланып қалдым. Осындай жақсы өзгерістерге қуанып жатырмыз. Осы жылдар ішінде басшылар қаланың көркейіп, аймақтың дамуына қатысты жақсы жұмыстар атқарды, сондай-ақ Ақтөбе тұрғындары да бұл бағытта өзіндік үлес қосты, — деген ҚР Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева өз сөзінде  депутаттарды мәслихаттардың құрылғанына 25 жыл толуымен құттықтады.

Дариға Назарбаеваның айтуынша, аймақтық өкілетті органдар жергілікті мемлекеттік басқару жүйесінде маңызды рөл атқарады.
Өңірлермен ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру үшін Сенатта жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылды. Кеңес мәслихаттардың рөлін одан әрі нығайту, мәслихат хатшысының мәртебесін арттыру, сондай-ақ босатылған депутаттар институтын енгізу жөнінде үкімет үшін ұсынымдар пакетін дайындады. Осының барлығы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңға енгізілген түзетулерде көрсетілген.

Дариға Назарбаева жиында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын осы құжатты талқылауға белсенді қатысуға шақырды.

Сенатта жергілікті мәслихаттармен тікелей  жұмыс жасау үшін арнайы кеңес құрылды. Енді өздеріңізбен тығыз байланыста боламыз. Үкіметтегі, жергілікті жердегі өзекті мәселелерді талқылап отырамыз. Біз жақтан қандай кеңес, көмек керек болса, әрқашан қол ұшын беруге дайынбыз. Бізге жергілікті  әлеуметтік-экономикалық немесе саясат жағынан туындаған мәселе болсын, сіздердің тараптарыңыздан ақпарат алсақ, соның өзі үлкен жетістік. Себебі біз Сенатта отырып шешім қабылдаймыз, Заңдарды талқылаймыз. Алдағы уақытта біз бір-бірімізбен тығыз байланыста жұмыс жасасақ, үлкен жетістіктерге жететініміз аян, — деді Д.Назарбаева.

Кездесу барысында мәслихат депутаттары Сенат Төрағасына облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында түрлі сала бойынша ұсыныстарын жеткізіп, тұшымды жауаптар алды.

Сенат төрағасы жақын арадағы Мәскеуге жасайтын іссапары барысында облыстық мәслихат депутаттарынан түскен өткір мәселелерге назар аударып, Ресей Федерациясы мен Ақтөбе облысы арасындағы Жайсаң шекара қызметіне қатысты түйткілдің шешілуіне атсалысатынын жеткізді.
Нақтырақ айтсақ, Жайсаң шекара бекетінен өтетін азаматтар Ресей тарапынан  кептеліс мәселесінен қиындықтарға тап болуда. Шекара бекетінде азаматтарға дұрыс жағдайдың жасалмауынан сағаттап тұруға тура келеді. Бұл жағдай, әсіресе, сал ауруына шалдыққан тұрғындарға ерекше қиындық туғызып отыр.

Бұл орайда Д.Назарбаева Ресей Федерациясы Федерация Кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенкомен екі рет кездескенін, оның бірі Мәскеуде, екіншісі биыл көктемде Санкт-Петербургте ұйымдастырылғанын айтып: «Кездесу кезінде осы мәселені көтергенбіз. Қазан айының аяғында ресми сапармен Мәскеуге бармақпын. Кездесулерде тағы да осы мәселені көтеретін боламын. Бұл мәселені дипломатиялық тұрғыда шешуіміз керек. Сондықтан  көбірек көтергеніміз дұрыс», — деген Сенат Төрағасы өз сөзінде аталған проблема бойынша еуразиялық экономикалық комиссияға жолығатынын да айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button