Жаңалықтар

Ауылдың алаңы — табиғаттың тазалығы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын насихаттау жұмыстары  жалғасуда. Төрт-бес  адамнан құралған ақпараттық-насихат тобы Шалқар ауданына барып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Олардың ішінде еңбек ардагерлері, жоғары оқу орнының ұстаздары және басқарма басшылары бар. Сонымен қатар Шалқар ауданының мәслихат хатшысы Сқақ Бигеев пен бірқатар бөлім басшылары бірге жүрді.

Алдымен Бершүгір ауылдық округінде болған топ ауылдың ахуалымен танысты. 450 отбасы бар округте 2200 тұрғын бар. 18 кәсіпкер мен 11 шаруа қожалығы жұмыс жасауда. Орталық ауызсу жүйесі іске қосылған. Ауыл тұрғындарының ендігі тілегі — көгілдір отын. Округ әкімі Айтқали Жұбаназардың айтуынша, алдағы жылға жобалық-сметалық құжаттар жасалуда. Бұрын Ембі қаласынан тартылады деп жоспарланғанымен жаңа жоба бойынша көгілдір отын Мөңке би ауылынан келмек. Округте бірде-бір жұмыссыз жан жоқ. Ауыл іргесіндегі қиыршық тас өңдейтін 9 зауыт жақын маңдағы ауылдарды жұмыспен қамтып отыр. Орташа жалақылары — 100 мың теңге.

Кезінде санаторий орналасқан ауылдың көркі қашқан.  Жергілікті тұрғындар ауа райының тазалығына алаңдап отыр. Тап қасындағы зауыттардан көтерілген шаң жел қай жағынан болса да ауылды басып қалады. Жергілікті зауыттар техника жағынан көмек көрсетіп, басқалай да демеушіліктер танытып отырғанымен, осы бір шаң-тозаңды ауыздықтауға күші жетпей тұр. Ауыл үйлерінің қақпалары мен көшелері ретке келтіруді, тазалықты қажет етеді.

Одан соң  Ақтоғай мен Мөңке би ауылдық округтеріне барған қонақтар қос ауылдың тазалығын көрді. Төрт жыл бұрын көгілдір отын кірген Ақтоғай ауылына ауызсу биыл қосылды. Жаңа үйлер салынып, ажарлана бастапты. Тұрғындардың біразы теміржолда істейді. Мұнда 140 үйде 900 адам тұрады.

Ауданда көгілдір отынды алғашқылардың бірі болып игілігін көрген Мөңке би ауылында 238 үй, 1136 тұрғын бар. Бұл ауылдың басты мәселесі — ауызсу. Округ әкімі Нұрбек Бисеков ауызсу келесі жылы келетінін айтты. Екі ауылда да тазалық мәселесі шешілген.

Соңғы екі жылда бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ. Округ тыныш. Әкімшілік қызметкерлерімен бірге рейд жасап тұрамыз. Оқушылар арасында құқықбұзушылықтар байқалмады. Мектеппен үнемі байланыстамыз. Тазалық жөнінде тұрғындардың түсінігі оянды. Ешкім бұрынғыдай кез келген жерге қоқыс төкпейді. Сондықтан да келген адамға ауылдың тазалығы бірден көрінеді, — дейді екі округке жауапты учаскелік инспектор Самат Князбаев.

Ақпараттық топ мүшелері кездесу барысында ауыл тұрғындарының сауалдарына жауап берді. Бұрынғыдай жеке бастың мәселесін қозғамай, тұтас ауылдың ортақ мәселесін алға тартқан ақсақалдар  табиғаттың тазалығына алаңдайды.  Е.Ерімбетов, Т.Әмірәліұлы, Д.Қуандықовтар көптің атынан сөйлеп, бүгінгі күннің басты тақырыбы — зейнетақы қорындағы ақшаны жарату, Шалқар көлінің тартылып бара жатқандығын жеткізді.

Топ басшысы облыстық табиғи ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Асхат Көбенов Шалқар көлін тазарту жұмыстарына жобалық-сметалық құжатын жасау үшін мемлекеттік сатып алу басқармасы конкурс жариялап, оның жеңімпазы анықталғанын айтты. Демек, Шалқар көліне көңіл бөлініп, жүйелі жұмыстар іске асатын болады.

Ақпараттық-насихаттық топ мүшесі, облыстық ішкі істер қызметкерлері ардагерлері кеңесінің төрағасы Ғалым Дәулеталин қоғамдық тәртіпті сақтау, ел бірлігі туралы әңгімеледі.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы Халел Құсайынов Жолдауда айтылған кәсіптік білім берудің маңызын түсіндірді.

— Президент білімнің сапасына қатты көңіл бөліп отыр. Біздегі жастардың көбі ауылдан келіп оқиды. Биыл 5 мыңдай студент қабылдадық. Дегенмен сол оқып жүрген баланы қадағалау, тәртібін бақылап отыру керек. Біз талдау жасап қарағанда қала мектептері мен ауыл мектептерінде білім сапасы жөнінен айырмашылық бар. Қазіргі таңдағы сапасыз білімнің бастауы — мамандықтың дұрыс таңдалмауы. Сондай-ақ жоғары оқу орындары түлектерін жұмыспен қамту деңгейі төмен. Өйткені кадр жоқ. Ауыл мектептерінде баланың қабілетіне қарай 5- сыныптан бастап  бейімдеп, жоғары немесе арнаулы мамандыққа түсіру білікті мамандарды қалыптастырады. Ауыл жастары кәсіптік білім алып, ауылда кәсіппен көбірек айналысуы тиіс. Президент Жолдауындағы білім сапасын арттыру дегені — осы, — деді Х.Құсайынов.

Самат НАРЕГЕЕВ,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button