Жаңалықтар

Ұялы телефон ұрлығы өршіп тұр

Мәслихат

Жұма күні облыстық мәслихаттың депутаттық өкілеттіктер мен этика, заңдылық, құқық тәртібі мәселелері және жұртшылықпен жұмыс жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті.

№8 Пацаев сайлау округінің депутаты Дмитрий Довматенконың төрағалық етуімен өткен жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Рахат Сыдықов, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, тұрақты комиссияның мүшелері мен облыстық мәслихаттың депутаттары, облыстық басқарма басшылары мен департамент басшылары, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері қатысты.

Күн тәртібінде қаралған мәселе — облыстағы құқықбұзушылықтың алдын алу және қылмысқа қарсы күрестің жай-күйі және одан әрі күшейту бойынша шаралар туралы облыстық полиция департаментінің бастығы Атығай Арыстанов баяндады.

Облыстың бас полицейінің айтуынша, ағымдағы жылы өңірде заңбұзушылықтарды болдырмау үшін жүргізілген алдын алу жұмыстарының нәтижесінде қылмыс санының азайғандығы байқалады. Мәселен, биылғы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша тіркелген қылмыстар саны 18,5 пайызға төмендеген.

Атап айтар болсақ, кісі өлтіру бойынша тіркелген қылмыстар саны — 19,6 пайызға, денсаулыққа ауыр зиян келтіру — 19,2 пайызға, ұрлық 24,7 пайызға төмендесе, бөтеннің мүлкін тонау — 31,4 пайызға, ал бұзақылық жасау 13,3 пайызға азайды. Бірақ ұялы телефон ұрлығы өршіп тұр. Жыл басында тек ұялы телефон ұрлығы бойынша 1583 дерек тіркелген, және бұл көрсеткіш күн санап көбейіп отыр.

Департамент жедел жағдайды ескере отырып, құқықбұзушылықтың алдын алу және ескерту мақсатында жыл басынан бастап 60-қа жуық жедел-профилактикалық іс-шаралар мен акциялар, апта сайын жергілікті рейдтік іс-шаралар өткізіліп тұрады, — деген Атығай Арыстанов қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бұрын сотталған адамдар жасаған қылмыстардың 0,4 пайызға өскендігін, ал отбасылық-тұрмыстық қатынастар жағдайындағы 29 қылмыс тіркелгенін атап өтті.

Сонымен қатар, оның айтуынша, жол-көлік оқиғасының саны 46,7 пайыз болып, оның салдарынан жараланғандар саны — 28,0 пайызға, ал қаза болғандар саны 48,8 пайызға өскенін айтты.

— Халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында жол- көлік оқиғасының өсуіне байланысты Қазақстан РеспубликасыныңІшкі істер министрлігінің 2019 жылдың 13 тамызындағы №74 жедел Кеңесінің шешіміне сәйкес, «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының Ақтөбе облыстық филиалының өкілдерімен бірлесіп, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында комиссиялық тексеру жүргізілді. Комиссия нәтижесі бойынша 5 жерге «Жаяу жүргінші жолы» жарық диодты жол белгілері, 1 жерге жылдамдық өлшегіш, 5 жерге «кедергілерді оңнан немесе солдан айналып өту» жол белгілері бар 24 буфер, 6 жерге шулы жолақтар, 4 жерге ақпараттық Панно орнатылды, — дегенА.Арыстанов облыс орталығының да көше-жол желісі ерекше бақылауда тұрғандығын айтты.

Аталған мәселені талқылау кезінде мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері бірқатар сұрақтар қойып, өз пікірлері мен ұсыныстарын айтты.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button