БілімБасты жаңалықтар

Балаңызды кім оқытады? 34 педагог. 35 жалған диплом

Ақтөбе қаласындағы білім беру мекемелерінде жалған дипломы бар 34 педагог жұмыс істейтіні анықталды. Олардың біреуінің бір емес екі «жоғары білімі бар» болып шықты. А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка колледжінің бір оқытушысы  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін де, Абай атындағы Алматы ұлттық педагогикалық университетін де «тәмамдапты». 34 педагогтің бәрі де Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «түлектері». Алдының «жоғары білімді» болғандарына 20 жылға жуық уақыт өткен. Соңғы лек былтыр «дипломды» болған. Бұлардың арасында жоғары санатты «ұстаздар» да бар екен. І, ІІ санатты педагогтер де жетерлік.

Біз құзырлы органдардан, тиісті мекемелерден мәселенің анық-қанығын білген едік.

БІЛІМ САПАСЫНА ТАЛДАУ:

РАСТАЛМАҒАН ҚҰЖАТТАР ЖӘНЕ «ЖОҒАРЫ БІЛІМДІ «ҰСТАЗДАР»

Бақытжан ЕШМАҒАМБЕТОВ: Ақтөбе қаласы Алматы ауданы прокурорының орынбасары:     

  • 2017 жылы прокуратура органдарында үлкен реформа жасалды. «Прокуратура туралы» жаңа Заң қабылданды. Соған сәйкес, бұрынғыдай кез келген арыз-шағымды қарай бермейміз. Талдау жұмыстарын жүргіземіз. Жақында Ақтөбе қаласы Алматы ауданының прокуратурасы білім беру заңнамаларының қолданылуына, қаладағы білім беру мекемелеріндегі білім сапасына талдау жүргізді. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының талаптарында арнайы педагогикалық немесе тиісті салаларға сәйкес кәсіби білімі бар адамдар ғана педагог болатындығы көрсетілген. Кешенді жұмыстардың барысында жалған диплом иелері анықталды. Бұл білім саласында жүргізілген үлкен жұмыстың бір бөлігі ғана. Талдау, сараптау жұмыстары барысында балдырғандарға, оқушыларға, студенттерге білім беретін педагогтердің бәрінің бірдей кәсіби білікті маман еместігі анықталды.

Облыстық білім басқармасынан облыс орталығындағы педагогтердің жалпы тізімін алдық. Бүгінде шаһарда 9682 педагогикалық қызметпен айналысатын маман бар. Оның ішінде 5956-сы  мектепте еңбек етеді. Мектепке дейінгі ұйымдарда — 2106, коледждерде 1620 педагог жұмыс жасайды. Бұл тізімді осы мамандар тәмамдаған жоғары оқу орындарына жібердік. Яғни осы мамандардың сол оқу орындарынан диплом алғандықтарын растау туралы анықтама сұраттық. Талдау жұмыстары бір айға созылды. Қорытындысында 34 жалған диплом иесі бар болып шықты. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін «бітіргендігі» туралы дипломы бар  34 адам анықталды. Сондай-ақ Абай атындағы Алматы ұлттық педагогикалық университетінің бір «түлегі» де  бар. Бұл 34 педагогтің 13-і — балабақшаларда, 11-і — мектептерде, 6-ауы — колледждерде, 3-еуі — басқа да білім беру мекемелерінде жұмыс істеп келген. Қазір олардың 6-ауы өз еріктерімен жұмыстан кетті. Қалғаны тергеу амалдары біткенше уақытша жұмыстан шеттетілді.

Ахмет Жұбанов атындағы  Ақтөбе музыка колледжінде дәріс беретін  5 оқытушы Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін фортепиано мамандығы бойынша «тәмамдаған». Дегенмен, аталған жоғары оқу орнында бұл мамандық бойынша маман мүлде даярланбайды екен.

Талдау қорытындылары бойынша жалған құжатты пайдаланғаны  үшін  кінәлілерді жауапқа тарту, сондай-ақ жасанды дипломдар әзірлеген адамдарды анықтау үшін материалдар ішкі істер органдарына  жолданды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ақтөбе қаласы әкімінің  және облыстық білім басқармасы басшысының атына бұдан кейін заңбұзушылықтарды болдырмау және  заң бұзушылықты жою туралы ұсынымдар жіберілді.

Сондай-ақ, бұдан әрі жалған диплом алушылар мен оларды әзірлеушілердің заңсыз әрекеттерін жою  мақсатында жоғары білім туралы жалған құжаттарды әзірлеу мен сату (өткізу) бойынша  еліміздегі 19 интернет сайттың қызметін тоқтату жөнінде сотқа талап арыз жаздық. Аталған талап арыз Ақтөбе қаласы №3 сотының шешімімен  толық көлемде қанағаттандырылып, осы сайттардың қызметі заңсыз деп танылды, әрі Қазақстан Республикасының аймағында тыйым салынды. 34 педагогтің бәрі бірдей осы 19 интернет сайттары арқылы жалған құжаттарды рәсімдеді деп айта алмаймыз. Белгілі бір тұлғалардың көмегімен де алуы мүмкін.

Болашақта бұл жұмыстар облыс көлемінде жалғасуы әбден мүмкін.

ТҮРЛІ СТАТУС. БІРКЕЛКІ ҚОЛ

Лаура ЕСЕНАЛИНА, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті қызметкерлерді басқару және құжат айналымы бөлімінің басшысы:

  • Шілденің 10-ы күні Ақтөбе қаласы Алматы ауданының прокуроры Жасұлан Даулембаевтан хат келді. Хатқа 17 мың адамның тізімі қоса жолданып, олардың біздің оқу орнын бітіргендігін анықтауымыз керектігі көрсетілген. Содан шұғыл іске кірістік. Әрісі 1981 жылдан бастап күні бүгінге дейінгі құжаттарды ақтардық. Қорытындысында 34 адамның дипломы расталған жоқ. Олардың ішінде тіптен қисынға келмейтін «құжаттар» да болды. Мысалы, сол кездері университетті басқармаған ректордың фамилиясы жазылған «дипломдар» да шықты. Қойылған қолдар ректорлардың қолдарына мүлде ұқсамайды. Сондай-ақ, сол жылдары жұмыс істемеген оқытушылардың да қолы қойылған. Оқу орны педагогикалық институт болған кезде берілген «дипломдарға» университеттің статусы жазылған.  Әрі бірнеше құжаттағы толтырылған жазулар біркелкі, бір адамның қолынан шыққаны байқалады.  Сорақысы сол — біздің университетте мүлде жоқ мамандықтар бойынша да «диплом» әзірленген. Мысалы, 5 адамның «дипломында» біздің университеттің фортепиано мамандығын бітіргені туралы көрсетілген.

Білім беру мекемелерінің басшылары мамандарды жұмысқа аларда дипломдарының растығына көз жеткізу үшін жоғары оқу орындарынан анықтама алдыруы керек. Сонда мұндай заңсыздықтар болмас еді.

20 ЖЫЛҒА ЖУЫҚ «ТӘЖІРИБЕ»

Гүлжанат ЖАНТӨРИНА, облыстық білім басқармасы әкімшілік жұмыстар бөлімінің басшысы: 

  • 34 жалған диплом иесінің 11-і мектепте (№6, №8, №20, №24, №26, №31, №38, №42, №60, №73 және Қарғалы қазақ орта мектебі) жұмыс істейді. Олардың бірде-біреуінің жоғары санаты жоқ. І санатты — 4, ІІ санатты — 3 педагог бар. Қалған төртеуінің санаты жоқ. І санатты педагогтердің алды жалған құжаттарымен 2006 жылдан бері жұмыс істейді. І санатты 3 педагог бастауыш сыныптарда сабақ береді. Төртіншісі дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі.

Мектептерде жұмыс жасайтын мамандардың «жоғары білім» алғаннан бастап жұмыс өтілдері әртүрлі. Алдының жұмыс өтілі — 14 жыл, №20 мектеп-лицейде жұмыс істейді. Соңының «құжаттары» былтыр берілген. Олар №60 және №73 мектептерде еңбек етеді.

Осы 11 педагогтің 6-ауы — бастауыш сынып мұғалімдері, 2-еуі — орыс тілі мен әдебиетінің маманы, қалғаны химия, дене тәрбиесі пәндерінің мамандары. Сондай-ақ, 1-еуі — мектеп психологі.

Қазір олардың екеуі жұмыс істеп жүр, қалғаны сот процесі аяқталғанша жұмыстан шеттетілді.

Балабақшаларда 13 жалған диплом иесі жұмыс жасап жатыр. Олардың 2-еуі —  жоғары санатты тәрбиешілер («Тұлпар», «Құлагер»). І санатты 2 («Арман», «Бұлақ»), ІІ санатты 4 тәрбиеші («Тұлпар», «Балақай», «Аққайың» және облыстық түзетім балабақшасы) бар. 5 тәрбиешінің санаты жоқ.  Айта кету керек, «Тұлпар» балабақшасында жалған құжатпен жұмыс жасап жатқан 2 тәрбиеші бар. Олардың біреуі — жоғары санатты, екіншісі — ІІ санатты тәрбиешілер.

Балабақшалардағы мамандардың «жоғары білім» алғандарының алды 2006 жылдан бастап жұмыс жасайды. Соңы 2015 жылы «дипломды» болған.

Колледждерде жалған дипломы бар 7 педагог жұмыс істеуде. Олардың 2-еуі Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар және басқару колледжінің және 5-еуі Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің оқытушылары. Музыка колледжіндегі 5 оқытушының бесеуі де «фортепиано маманы». Бесеуі де жоғары санатты. Бесеуі де жоғары санатқа былтыр ие болған. Ал Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар және басқару колледжіндегі 2 педагогтің екеуі де санатсыз, бала күтіміне байланысты демалыста.

Қосымша білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін 3 педагогтің дипломы жалған болып шықты.  Оқушылар сарайында 2 педагог жұмыс жасайды. Оның біреуінің ІІ санаты бар.  Үшіншісі қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру орталығында әлеуметтік педагог болып жұмыс істеді. Жалған дипломмен жұмыс істеушілердің көшін осы мамандық бастап тұр. 2000 жылы «жоғары білімді» болған. 15 жыл бойы үздіксіз осы мекемеде жұмыс жасаған маман прокуратура талдау жұмыстарын жүргізіп жатқан кезде, тамыз айында өз еркімен жұмыстан шығып кетті.

P.S. Талдау жұмыстарының қорытындысы көрсеткендей, мектептерде жұмыс жасайтындардың көпшілігі — бастауыш сынып мұғалімдері. Мұндай келеңсіздіктің кесірі әріпті енді танып, санауды енді үйренген балапандарға тіптен қиын тиетіні анық. Оның үстіне балдырғандардың арқалайтын жүгі де жеңіл емес: әлемдік тәжірибенің озық үлгісі саналатын 12 жылдық білім жүйесіне көшуге бет алған тұста жаңартылған білім мазмұны бойынша білім алып жатыр. Сол үздік үлгіні бала бойына сіңіретін «ұстаздарының» жағдайы бұлай болса,  балаға не дейміз? Білім сапасы туралы не айтамыз?

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button