Спорт

40 шахматшы жиналды

Халықаралық турнир

Өнер орталығында жасөспірімдер арасында шахмат төрешісі Владимир Дворкевичті еске алуға арналған  халықаралық командалық турнир басталды. Жыл сайын ФИДЕ аясында өтетін шахмат турнирі биыл Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр.

Турнир барысында 16 жасқа дейінгі жасөспірім ұлдар мен қыздар қыркүйектің 22-26 қыркүйек аралығында өзара әлемнің үздік құрамаларын анықтайды. Владимир Дворкевич өз уақытында Ресей шахмат федерациясының төрешілер алқасында жасөспірімдер, оқушылар мен студенттер арасындағы сайыстарда төрағалық еткен. Аты аңызға айналған шахмат төрешісінің тағдыры Ақтөбе облысында аз уақыт болса да қызмет еткендігімен тығыз байланысты.

Аталған турнир алғаш рет 2005 жылы ұйымдастырылған болатын. Бұл жарыста Алжир, Армения, Әзірбайжан, Белоруссия, Канада, Қытай, Үндістан, Иран, Ресей және Қазақстан елдерінен 40 спортшы шахматтың командалық рапид және жеке блиц түрлері бойынша бақ сынайды. Жарысты ұйымдастырушылар қатарында ФИДЕ, Қазақстан шахмат федерациясы, академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми білім беру қоры, Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігі және облыс әкімшілігі бар.

Жарыста бас төреші Евгений Метеленко, бас төрешінің орынбасары Валерий Мин, Мұрат Әбілов, Қуанышқали Ернияшов, Дмитрий Попов, Жалғас Орынбасаров және Кирилл Кудериновтерден құралған төрешілер алқасы қазылық етеді. Әр елдің намысын қорғайтын командалар 2 ұл және 2 қыз баладан, сондай-ақ бір жаттықтырушы-капитаннан құралып, жарыс жүлделерін сарапқа салмақ.

Халықаралық деңгейде өткізіліп жатқан турнир болғандықтан Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан әлемдік аренада сынға түсіп жүрген тәжірибелі шахматшылар ел намысын қорғайды. Елімізде соңғы жылдары шахмат ойынына ерекше көңіл бөлініп жүр. Оның бірден-бір дәлелі, республика бойынша 84 мектепте шахмат бағдарламасы енгізілген. Қазақстандық шахмат шеберлері бұған дейін 4 жыл ішінде халықаралық турнирлерде жалпы саны 125 медаль жеңіп алған. Оның ішінде 47 спортшы халықаралық аренада топ жарып, алтын медаль иегері атанған.

 Бекет АЙСҰЛТАН.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button