Спорт

Хоккейшілеріміз жаңа маусымды жеңіспен бастады

Өткен сейсенбіде «Ақтөбе-Арена» мұз айдынында «Ақтөбе» хоккейшілері Павлодардың «Ертіс» командасын қабылдады.

Шайбалы хоккейден жоғарғы лига командалары арасында басталған ҚР чемпионатының ашылу салтанатына облыс әкімі Оңдасын Оразалин арнайы қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

«Өңірде салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында көптеген спорттық нысандар бой көтеріп, спорттың дамуына ерекше көңіл бөлінуде. Оның ішінде хоккей спортына деген қызығушылық жоғары. 2019-2020 жылдары Қазақстан Республикасы чемпионатына қатысу үшін ерлер командасын құрдық. Командамызға барлық ақтөбеліктердің атынан тілектестік білдіремін», — деді облыс басшысы.

Облыс әкімі жергілікті командаға жанкүйер болып, ойынды соңына дейін тамашалады. Командалар арасындағы кездесу 3:2 есебімен ақтөбелік хоккейшілердің пайдасына шешілді.

Биыл алғаш рет ересектерден құралған «Ақтөбе» хоккей командасының аға жаттықтырушысы Сергей Мирошниченко команда құрамына іріктелген кәсіби ойыншылар таңдалғанын айтады. Облыс басшысы тартысты ойын соңында спортшылармен кездесіп, жеңістерімен құттықтады. Ойыншылармен сұхбаттасып, алғысын жеткізді.

Ақтөбе облысының намысын қорғап жүрген жас команда аз уақыт ішінде бірнеше жетістіктерді бағындырды.

Чемпионат желтоқсан айының соңына дейін жалғасатын болады. Ал «Ақтөбе» хоккей командасы 21-22 қыркүйек күндері «Altay Torpedo» командасымен кездеседі.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button