Жаңалықтар

 «Нео Плюс» ЖШС 5 көлік сатып алды

Ақтөбе қаласының аумағындағы қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға жауапты мекемелердің бірі — «Нео Плюс» ЖШС 5 жаңа көлікпен толықты. Аталған серіктестік жақында ғана жұмысын тоқтатқан «Таза Лайф» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі аумақтағы тазалық жұмыстарын осы аптаның ішінде реттеуді жоспарлап отыр. 

— Қыркүйектің 12-сі күні қаладағы қоқыстарды шығаратын «Таза Лайф» жеке кәсіпкерлігі өз еркімен жұмысын тоқтатқан болатын. Соған байланысты басқа мердігер мекемелерді қоқыс шығаруға көмекке шақырдық. Қазір «Ерхат жолдары» мен «Табыс Ақтөбе» серіктестіктері қаланы тазалауға кірісіп кетті. Мысалы, «Ерхат жолдары» серіктестігі 20-дан астам техниканы, ал «Табыс Ақтөбе» 6 техниканы жұмылдыруда,

— дейді қалалық тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Хасен Юсупов.

Қазір қалада қоқыс шығарумен айналысатын екі компания бар: олар — «Нео Плюс» ЖШС  және №27 басқару компаниясы. №27  басқару компаниясына негізінен қаланың ескі бөлігі, Сүт зауыты шағын ауданы, Заречный және т.б. аумақтар тиесілі. Ал қаланың ортаңғы аумағындағы үйлердің қоқыстарын шығаруға «Нео Плюс» ЖШС  жауапты. Қала әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Нео Плюс» ЖШС  және №27 басқару компаниясына тұрғындардың қарызы 100 миллион теңгеге жуық.

— «Таза Лайф» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі аумақтардағы тазалық жұмыстары «Нео Плюс» серіктестігіне жүктеліп отыр. Жақын күндері қоқыс шығаруға қатысты мәселе шешіліп, қоқыс жинайтын кесте қалыпқа келетін болады, —

дейді Хасен Юсупов.

«Нео Плюс» ЖШС Ресейден қоқыс жинайтын 5 арнайы техника сатып әкеліпті.

— Облыстық және қалалық әкімдіктердің тапсырмасы бойынша қоқыс жинайтын техника сатып алдық. Бүгін таңғы сағат 8.00-ден бастап, «Нео Плюс» серіктестігі бұған дейін «Таза Лайф» жеке кәсіпкерлігіне тиесілі болған аумақтардағы (Әлия Молдағұлова даңғылынан Промзонаға дейін) қоқыстарды жинауға кірісіп кетті. Осы аптаның ішінде тазалық жұмыстарын ретке келтіреміз деп жоспарлап отырмыз, — дейді «Нео Плюс» ЖШС-ның өкілі Владимир Проскурин.

Оның айтуынша, қоқыс үшін ай сайынғы төлем — 104 теңге қоқыс шығарушы компаниялардың шығынын ақтамайды. Оның үстіне тұрғындардың бәрі бірдей қоқыс шығару үшін уақытында ақша төлемейді.

— Сондықтан қоқысқа қатысты қолайсыз жағдайларға байланысты тұрғындардың түсіністік танытқандары жөн. «Таза Лайф» жеке кәсіпкерлігінің жұмысын тоқтатуына себеп болған мәселенің бірі де осы — тұрғындардың уақтылы төлем жасамауы. Тұрғындардың біздің мекемеге қоқыс үшін қарызы 50 миллион теңгеден көп. Біз «қарызың көбейіп кетті» деп, пәтерлердің жарығын сөндіре алмаймыз, «берешегі көп» деп ыстық немесе салқын суды тоқтата алмаймыз. Бұл тұрғыда, яғни қарызды талап ету тұрғысында қоқыс жинайтын компаниялардың мүмкіндігі аз, — дейді «Нео Плюс» ЖШС-ның өкілі.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button