Спорт

Есе қайтарған ерік-жігер

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Атырау» — 3:2

26-турда «Астана» кезекті қарсыластарының қорғаушысы соққан автоголдың арқасында жеңіске жетсе, «Ордабасы» өз алаңында ұтылып қалды. Ал екі кездесуде жеңіс голы 87-минутта  және 90+1 минутта соғылса, «Тобыл» алтыншы тур бойы қақпасына еш гол енгізбей келеді.

«Ақтөбе» бұл турда өз алаңында «Атырауды» қабылдады. Бірақ, расы керек, қонақтар өзге алаңда жүргендерін ұмытып та кеткен тәрізді болды. Алғашқы он минут ішінде олар жиі шабуылға көшіп отырды. Өте сауатты қорғана білген ақтөбеліктер бірте-бірте бұл екпіннің емін таба бастады. Александр Кицак қақпаға құлдилай шүйілді, нәтиже шықпады, Ардақ Сәулет қиыс тепті, Рустам Сахибов ыңғайлы тұстан соққы жасап үлгере алмай қалды. Қысқасы, ойын алма-кезек шабуылдармен өрбіп жатты. Тек 23-минутта ғана стадион ерекше жаңғырығып кетті. Михаил Габышев «Атыраудың» айып алаңындағы допқа ентелей ұмтылған Абат Айымбетовті ережеден тыс әдіспен құшақтай құлатты да, қостанайлық бас төреші Анатолий Вишниченко 11 метрік нүктені көрсетті. Пенальти орындауға келген Абат еш қателескен жоқ — 1:0.

Бұдан соң қонақтардың да қарап қалмайтыны белгілі ғой. Текетірес шабуылдар жалғаса берді. Жамырай ұмтылған атыраулықтар алаң иелерінің берік қорғанысын бұза алмай діңкеледі. Одан қалды бірде Равиль Нұрмұхамбетов допты қақшып түссе, бірде Бағдат Қайыров тікелей соққының бетін қайырды. Әттең, сол мығымдықты бұрыштама доп жоққа шығарып кетті. 37-минутта Қуаныш Қалмұратов бұрыштамадан соққан добын біздің қақпаның алыс түкпіріне таман, діңгек жанында тұрған Эдуард Сергиенкоға соншама дәлдікпен асырды. Ақтөбелік қорғаушылар назардан шығарып алған Эдуард әлгі допты еш бөгетсіз баспен соқты да, жібек торды бүлк еткізді — 1:1.

Қонақтар екінші голды да тура осыған ұқсас әдіспен соқты. Қуаныш Қалмұратов тағы да бұрыштамадан допты айып алаңына әуелете асырды да, оны баспен қабылдаған Андрей Шабаев сәл төмендете түзеп жіберді, алдына келе қалған допқа Исламнұр Абдулавов аяғын тоса қойды. Бұл бірінші таймның қосымша уақыты, 45+1 минут еді — 1:2.

Футболшылар үзіліске осылай тарасты.

Екінші таймда, сірә, бас бапкерден нақты тапсырмалар алған ақтөбеліктер атқа мінді. Қарсыластар қақпасына біздің футболшылар тайлы-таяғымен ұмтылды. Қақпаны нысанаға алуды жиілетті. Ардақ Сәулет, Маркос Пиззелли, Асланбек Кәкімов, не керек, жігіттеріміз бірінен соң бірі соққы жасайбастады. Осындай сәттердің бірінде, 64-минутта алаң сыртынан тасталған допты сәтті қабылдаған Ардақ Сәулет шалт қимылмен қарсыластардың айып алаңына ентелей енген Маркос Пиззеллиге көлденеңнен әуелете тамаша пас тастады. Маркос ыңғайлы келе қалған допты баспен соғып, қақпаға сүңгітті де жіберді — 2:2.

Әлгінде ғана жеңіліс есебін бастан кешірген алаң иелері енді жеңістің қамын ойластыра бастады. Сөйтіп, жойқын шабуылдарды үдете түсті. Қос таймға қосылған қосымша уақытта, 90+1 минутта жігіттер мақсатына жетті де. Қарсыластар қақпасы алдындағы қарбаласта Асланбек Кәкімов допты Маркос Пиззеллиге тастады да, ілгері қарай заулай берді, ал Маркос допты ілгері тұстағы қолайлы позицияға келе қалған Асланбекке қайтадан бере қойды, Асланбектің соққысына қарсы атыраулық қақпашы Нұрболат Қалменов еш әрекет жасай      алмай қалды — 3:2.

Осылайша «Ақтөбе» соңғы екі ойындағы екінші жеңісіне жетті.

«Ақтөбе»-«Атырау» — 3:2

Гол авторлары: Абат Айымбетов, пенальти, 23-минут (1:0); Эдуард Сергиенко, 37-минут (1:1); Исламнұр Абдулавов, 45+1 минут (1:2); Маркос Пиззелли, 65-минут (2:2) ; Асланбек Кәкімов, 90+1 минут (3:2).

Ескерту қағаздары көрсетілгендер: М.Габышев, 22-минут; И.Абдулавов, 50-минут; А.Родионов, 90+1 минут («Атырау»).

«Ақтөбе»: Рамиль Нұрмұхаметов (қақпашы), Рустам Сахибов (Асланбек Кәкімов, 56-минут), Рустам Темірхан, Виталий Волков, Бағдат Қайыров, Александр Кицак, Ардақ Сәулет (Жамбыл Көкеев, 83-минут), Әділхан Таңжарықов, Әлішер Әжімов, Маркос Пиззелли, капитан (Антон Шурыгин, 90+4 минут), Абат Айымбетов.

Бас бапкер Александр Седнев.

«Атырау»: Нұрболат Қалменов (қақпашы), Михаил Габышев, Андрей Шабаев, Ризван Аблитаров, Эдуард Сергиенко (капитан), Эльдар Абдрахманов, Жан Нгвем, Иван Антипов (Рафаиль Оспанов 61-минут; Ринат Джуматов, 78-минут), Қуаныш Қалмұратов, Исламнұр Абдулавов (Алексей Родионов, 82-минут), Алекс Бруно.

Бас бапкер Олег Дулуб.

15 қыркүйек 2019 жыл. Ақтөбе, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион, 10 000 адам.

*   *   *

Басқа кездесулердің нәтижелері:

«Ордабасы» (Шымкент)-«Қайсар» (Қызылорда) — 0:2

«Қайрат» (Алматы)-«Жетісу» (Талдықорған) — 4:1

«Астана» (Нұр-Сұлтан)-«Шахтер» (Қарағанды) — 2:1

«Тобыл» (Қостанай)-«Оқжетпес» (Көкшетау) — 1:0

«Ертіс» (Павлодар)-«Тараз» (Тараз») — 1:0

*   *   *

Бұл 26-турда тап өткен турдағы секілді барлығы 17 гол соғылды. Бір ірі есеп нәтижесі тіркелді. 1:0 есебі екі рет қайталанды. Тең ойын есебі болған жоқ. Тағы бір ерекшелік, бір ойында ғана қонақ команда жеңді.

24 рет ескерту қағазы көрсетілді, жасыл алаңнан қуылғандар жоқ.

Бір ойында екі футболшы 2 голдан соқты — Куле Мбомбо («Қайсар»); Адеринсола Эсеола («Қайрат»).

Бір пенальти белгіленіп, орындалды.

Шапшаң гол авторлары — Деян Георгиевич, 12-минут («Ертіс»); Адеринсола Эсеола, 13-минут («Қайрат»).

«Атыраудың» қақпасына өткен турда екі гол 90+2 және 90+4 минуттарда соғылса, бұл жолы доп 90+1 минутта еніп кетті.

«Тобыл» жеңіс голын 87-минутта соқты.

«Шахтердің» жартылай қорғаушысы Милош Видович 66-минутта өз қақпасына гол соғып алды, сөйтіп, «Астана» осы голдың арқасында жеңіске жетті.

*   *   *

Сонымен, 1-3 орын иелері: «Тобыл» (55 ұпай), «Қайрат» (53 ұпай), «Астана» (50 ұпай). Жеңіске жеткен «Астана» үшінші орынға көтерілді, сондай-ақ бұл команданың басқалардан екі ойыны кем.

4-6 орындардағы командалар: «Ордабасы» (49 ұпай), «Жетісу» (41 ұпай), «Қайсар»» (40 ұпай). Өз алаңында ұтылып қалған «Ордабасы» алғашқы үштікті тастап шықты.

7-9 орын иелері сол күйі қалды: «Шахтер» (33 ұпай), «Оқжетпес» (30 ұпай), «Ертіс» (25 ұпай). «Оқжетпестің» басқалардан бір ойыны кем.

10-12 орындағы командалардың орындары да өзгерген жоқ: «Тараз» (19 ұпай), «Атырау» (18 ұпай), «Ақтөбе» (11 ұпай). «Атыраудың» басқалардан бір ойыны кем.

ФИФА шешімімен «Ақтөбе» командасынан 12 ұпай шегеріліп қалғанын еске саламыз.

*   *   *

27-тур ойындары 21-22 қыркүйек, сенбі-жексенбі күндері өтеді.

22 қыркүйекте «Ақтөбе» Шымкентте «Ордабасы» командасымен кездеседі. Бұл командадан бұдан бұрынғы екі айналымда да жеңілгенбіз (0:1; 0:3).

Басқа кездесулер:

21 қыркүйек, сенбі

«Қайсар» — «Қайрат»

«Оқжетпес» — «Ертіс»

«Жетісу» — «Астана»

«Тараз» — «Атырау»

22 қыркүйек, жексенбі

«Шахтер» — «Тобыл»

Біздің жанкүйерлердің белсенділігі

Ақтөбелік жанкүйерлері тағы да биік тұғырдан көрінді.

26-тур ойындарының алты кездесуін тамашалауға еліміз бойынша барлығы 29 300 адам келген екен.

Ең көп жанкүйер — 10 000 адам Ақтөбедегі Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионға жиналыпты.

Ал қалған бес кездесуді көруге келгендердің есебі төмендегідей: Қостанай, Шымкент, Алматы — 4000 адамнан, Павлодар — 3800 адам, Нұр-Сұлтан — 3500 адам.

Абат табысын нықтады

14 гол соққан Абат Айымбетов сұрмергендер тізіміндегі екінші орнын нықтай түсті.

Бірінші орында 16 гол соққан украиналық легионер Адеринсола Эсеола («Қайрат») келе жатса, Абаттан кейінгі үшінші орында 12 гол соққан хорватиялық Марин Томасов  («Астана») тұр.

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button