Рухтылар сайысқа түседі

Брифинг
Ертең Ақтөбеде Қазақстан Республикасының V жазғы Паралимпиадалық ойындары басталады.
Осыған орай кеше Өңірлік коммуникациялар орталығында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетовтің қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.
— Бұл — әр 4 жыл сайын өтіп тұратын үлкен жарыс. Жарыс қорытындысы бойынша үздік деп танылған спортшылар ұлттық құрамаға қабылданып, халықаралық деңгейдегі жарыстарда еліміздің намысын қорғайтын болады, — деді Мейрамбек Махамбетов.
Бұған дейінгі ІV жазғы Паралимпиадалық ойындар 2015 жылы Павлодарда өткен. Ақтөбелік спортшылар онда жалпыкомандалық есепте 12-орында болды. Олар 23 медаль жеңіп алса, соның 8-і — алтын.
Биылғы Ойындарға 64 ақтөбелік спортшы қатысқалы отыр. Жалпы, бұл жарыс спорттың алты түрінен өтеді: парадзюдо, үстел теннисі, волейбол, т.б. Халықаралық жарыстар кестесіне байланысты паралимпиадалық жүзу бойынша жарыстар 16-18 тамыз аралығында өтіп кетті. Оның қорытындысы бойынша, ақтөбеліктер 9 медаль иемденді, олардың үшеуі — алтын медаль.
Жиынға республикалық дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығының директоры Марат Қасқырбаев пен ақтөбелік спортшы, паралимпиадалық Ойындарға қатысушы Айдын Алдаберген қатысып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Айна САРЫБАЙ.