Құқық

САЛЫҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН САБАСЫНА ТҮСІРДІ

Тәртіптік кеңес

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

«Ақтөбе»

Тәртіптік кеңестің кезекті отырысында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңның талаптарын бұзғаны үшін он іс қаралды. Оның ішінде салық қызметкерлерінің қызмет бабындағы заң аясына сыймайтын әрекеттері қатаң талқыға түсті.

Ақтөбе қаласының тұрғыны М. Қоқанова 2004 жылы «№31 балалар бақшасын»  сатып алып, арада бес ай өткенде жиырма есе бағасына сатады. Ол осы аралықтағы тапқан пайдадан табыс салығына қатысты декларацияны дер кезінде салық органына тапсырмайды. Сондай-ақ Ақтөбе қаласы бойынша салық басқармасы да бұл қарызды мемлекет пайдасына өндіру жөніндегі шараларды уақытында қабылдамайды.

Алайда салық басқармасының бөлім бастығы И. Абдуллина қарыздың төленуінің заңдылық уақыты өтіп кеткендігіне қарамастан, сот органына нақты жағдайға сәйкес келмейтін анықтама берген. Сонымен бірге М. Қоқанованың жазбаша арызын қарастыруда, оның ішінде салық қарызы жоқтығы (бар екендігі) туралы анықтама беруден негізсіз бас тарту арқылы сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын ахуал тудырғаны атап көрсетілді.

Ақтөбе қаласы бойынша салық басқармасының мәжбүрлеп өндіру және дәрменсіз борышкерлермен жұмыс жасау бөлімінің бас маманы Ш. Қожаниязова «Бриг» ЖШС-нің жазбаша арыз-өтінішін қарастыруда өзінің қызметттік міндетін атқаруға жауапсыздықпен қарайды, яғни арыз-өтініштерді қараудың заңда белгіленген тәртібін бірнеше рет бұзу арқылы сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқықбұзушылыққа жол береді.

Тәртіптік кеңес төрағасы Нұрлан Сүйінбаев мемлекеттік қызметшілер тарапынан       мұндай жауапсыздықтарға жол беру кешіруге болмайтын жайт екендігін атап көрсетті. Сондықтан Ақтөбе қаласы  салық басқармасы басшылығына аталған салық қызметкерлерінің өз қызметтеріне сәйкестілігін қарау ұсынылды.

Ақтөбе облысы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің сегіз бірдей қызметкері лицензия алуға өтініш берушінің көрсетілген талаптарға сай екендігі туралы қорытынды беруде белгіленген мерзімді бұзып, қорытындыны квалификациялық талаптарға сай келмейтіндерге беру арқылы сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызғандығы талқыға ұсынылды. Тәртптік кеңес мүшелері бұл қызметкерлерге де қатаң шара алу қажеттігін атап көрсетті.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button