Басты жаңалықтар

Хромтауда 96 отбасы баспаналы болды

Өткен демалыс күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин жұмыс сапарымен Хромтау ауданына барып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Сондай-ақ, Қопа ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, аудан орталығындағы көп қабатты үйдің салтанатты жағдайда тапсырылу рәсіміне қатысты.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған 4 қабатты 2 тұрғын үйде барлығы 96 пәтер бар. Хромтау қаласында бой көтерген тұрғын үйдің пайдалануға берілуіне орай ұйымдастырылған салтанатты шарада өңір басшысы:

Nur Otan партиясының 2019 жылғы 27 ақпанда өткен XVIII съезінде Елбасы әлеуметтік саясат саласындағы шаралардың іске асырылуын егжей-тегжейлі қарастырып, тұрмысы нашар және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарға қолдау көрсету жөнінде жаңа ауқымды шаралар ұсынған болатын.Онда көпбалалы аналарға, толық емес отбасылар мен мүгедек жандарға ерекше көңіл бөлініп, бірқатар жеңілдіктер қарастырылған.

Қазіргі таңда Хромтау ауданы бойынша мемлекеттік тұрғын үй кезегінде 1041 адам тұр, оның 87-cі көпбалалы отбасы. Осы аталған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында биыл, міне, 96 пәтерден тұратын
2төрт қабатты тұрғын үй тапсырылып отыр. Келесі жылыда 100 пәтерлі 2 бес қабатты тұрғын үй пайдалануға берілетін болады.

Ешкім заң аясында мемлекет тарапынан берілетін қолдаудан да, назардан да тыс қалмауы тиіс. Біз азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра беретін боламыз.

Қоныстарыңыз құтты болсын! — дей келе, бірқатар азаматтарға пәтер кілттерін табыс етті. Артынша көпбалалы және жас отбасылардың шаңырақтарына бас сұқты.

Солардың бірі — 6 баланың анасы Лаурат Ерубаева жолдасымен бірге 2 бөлмелі пәтердің иесі атанды. Қоныстойын тойлаған бұл отбасыға әкімдік атынан тоңазытқыш тарту етілді.

— 13 жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрған едік. Енді өз баспанамыз бар. Өте қуаныштымыз. Балаларым да мәз, — деп лебізін білдірді ол.

Оңдасын Сейілұлы бастаған атқарушы билік өкілдері енді бас қосқан жас отбасы — Әнуар — Гүлден Аманкелдиновтердің жаңа қонысына да соқты. Үлкен өмірге енді тапсырылған пәтерде аяқ басқан оларға теледидар сыйлап, қатар келген қос қуанышымен құттықтады.

Одан кейін 320 орындық балабақшаның құрылысы таныстырылды. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында салынып жатқан мектепке дейінгі ұйымның құрылысына 880 миллион теңге қарастырылған. Ал мердігер — «Кварц Спецсервис» ЖШС. Облыс әкімі тарапынан келесі жылы есігін айқара ашқалы отырған ғимараттың құрылысын сапалы жүргізу, оны жергілікті құзырлы органдарға жіті қадағалау тапсырылды.

Биылғы тамыз айында ашылған 600 орындық аралас мектеп-гимназия мен соның жанында орналасқан 100 балаға шақталған интернат та назардан тыс қалмады. 3 қабатты нысанинтерактивті тақталармен, қажетті құралдармен жабдықталған.

Білім ордасының ғимаратында Оңдасын Оразалин тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Негізінен тұрғын үй, жер телімдерін алуға қатысты

мәселелердің шешілуін аудан басшысы Нағымжан Алдияровқа жүктеді.

Қазіргі таңда күрделі жөндеуден өтіп жатқан Орталық саябақтың аумағы — 15 гектар. Жаңғырту жұмыстарын талапқа сай жүргізуді ескерткен облыс басшысы тал-теректерді көптеп егу қажеттігін, оны кейіннен суару жайын да ұмытпау — басты талап екенін атап өтті. Сондай-ақ, 2400 орындық Дөң кен-байыту комбинатының орталық стадионында да болды. Балалардың доп теуіп, спортпен шұғылдануына жағдай жасалған алаңда жасанды газон төселген.

Облыс әкімі, сала мамандары мен журналистерден құралған топ аудан орталығынан 68 шақырым қашықтықта орналасқан Қопа ауылына да барды. Мұнда №14 газ компрессорлық стансаның жұмысының жай-жапсары көрсетілді. Ресми деректерге сүйенсек, бұл нысан Ақтөбе облысын тәулігіне 3 миллион 300 мың текше метр газбен қамтып отыр. Жұмысшылармен кездесіп, стансаның жай-күйімен танысқан Оңдасын Оразалин барлығына еңбекте табыс тіледі.

Одан соң ауылдағы Мәдениет үйінде қопалық тұрғындармен кездесу өткізілді. Жергілікті халықты алаңдататын негізгі мәселе — жолдың нашарлығы. Сосын жайылымдық жердің аздығы, дұрысы — оны жекеменшік компаниялардың иеленіп кетуі қопалықтарды ерекше толғандырады. Тиісінше мал азығын табу да соның салдарынан қиындап тұр. Тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдаған өңір басшысы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайға, сондай-ақ аудан, ауыл әкімдеріне аталған түйткілді тез арада реттеуді тапсырды. «Бір аптадан кейін осы мәселе бойынша не шештіңіздер, қандай жолдары бар, сол туралы өзіме келіп баяндаңыздар. Халықтың көтеріп отырған мәселесі дұрыс. Егер жер мақсатты пайдаланылмай отырса, тұрғындарға мал жаюға жер болмаса, бұны бір жағына шығару керек», — деді  Оңдасын Сейілұлы.

Тамды ауылындағы Сәтбаев орта мектебінеат басын бұрған билік өкілдеріне оқу ошағына спортзал салу керектігі баса айтылды. 113 ұл-қыз білім алатын байырғы ғимаратттағы басты түйткіл — осы. Жобалық-сметалық құжаты дайын екенін білген облыс әкімі алдағы жылдың бюджетіне осы құрылысты енгізіп, жауапты мамандарға аталған сұрақты жіті қадағалауды тапсырды.

Жұмыс сапарының соңында облыс әкімі «Актеп» ЖШС-ның аужайымен танысты. Осыдан 7 жыл бұрын негізі қаланған компания мал шаруашылығына ден қойған. Етті кластер бағытындағы кәсіпорын австралиялық ангус тұқымдас
сиырларды бағумен айналысады. Соңғы деректерге көз жүгіртсек, аталған жануардың саны 12 мыңнан асады екен.

— Біздің шаруашылықта мал аурулары жоқ. Өйткені жыл сайын вакцинация жүргіземіз. Жас төл кезден әрқайсысын жіті бақылауға аламыз. Сондай-ақ, түрлі кеселден аман болуымыздың бір себебі — кешенге қарасты аумақ қоршауға алынған, яғни мал сыртқа шығып кетпейді, — дейді мал дәрігер Азат Баймағамбетов.

Жалпы, халқы 43 мыңнан асатын Хромтау ауданында 14 ауылдық округ бар.

— Президенттің Жолдауда айтқан тапсырмаларын орындауға баса мән беру керек. Соның ішінде халықтың әл-ауқатын жақсарту, жаңа жұмыс орындарын ашу — басты мақсат. Сонымен бірге, жергілікті тұрғындардың айтқан мұң-мұқтажын ескеруісіз қалдыруға болмайды, оның қалай шешілгенін назарымызда ұстайтын боламыз, — деп түйіндеді сөзін облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button