Рухани жаңғыру

Латын қарпіне  көшу — рухани жаңғыру жолындағы қадам

Баспасөз мәслихаты

«Рухани жаңғыру» бағдарламасында 2025 жылға қарай елімізде мемлекеттік тілдегі іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды латын әліп­биіне көшіру көзделген.

Дүйсенбі күні Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешев пен облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаеваның қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндалды.

— Латын әліпбиіне көшуқазіргі заманғы технологиялық орта­ның, ком­муникацияның, ХХІ ғасыр­дағы ғылы­ми және білім беру процесінің ерекше­лік­терін меңгеру, соған ілесу үшін қажет. Сондай-ақ, бұл — түркітілдес халықтардың бірлігі жолындағы қадам. Қазіргі күні барлық түркітілдес халықтардың 55,5 пайызының әліпбиі — латын қарпінде, ал кирилл қарпін 17,7 пайызы ғана қолданады. Оның үстіне кирилл қарпін қолданушылар үлесі бірте-бірте азайып келеді, — деді Ербол Тілешев.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева:

— Латын әліпбиіне көшу барысында бұрын КСРО құрамында болған елдердің тәжірибесін ескере отырып, олардың қателіктерін қайталамас үшін, бұл жұмысты үлкен дайындықпен бастауға шешім қабылданған. Соның ішінде 2018-2020 жылдары түсіндіру-насихаттау жұмыстарын жүргізу жоспарланған, — деді.

Келер оқу жылында дайындық тобындағы бүлдіршіндер, 2021 жылдың қыркүйегінен бастап бірінші сынып оқушылары латын қарпіне негізделгенқазақ әліпбиін үйрене бастайды.

Гүлайым Төлебаеваның айтуынша, арнайы сауалнама жүргізу арқылы, облыста тұрғындардың 80 пайызына жуығының латын қарпіне көшуді қолдайтыны анықталған.

Дегенмен, көпшілік арасында латын қарпіне қарсы пікірлер де айтылып қалады.

— Мысалы, «Латын қарпіне неге қазақ мектептері ғана көшеді? Орыс мектептері неге көшпейді?» — деген сауал қойылып жүр. Әліпби — тілге қатысты ұғым. «Мемлекеттің әліпбиі» деген болмайды. Бұл жерде қазақ әліпбиі ғана латын қарпіне көшірілетінін ескеру керек. Орыс мектептерінде де қазақ тілі осы әліпби бойынша оқытылатын болады. Жалпы, кирилл қарпіндегі әліпбиді бүгінде әлем тұрғындарының 3 пайызы ғана қолданады, — деді Ербол Тілешев.

Сондай-ақ ол бүгінгі күні елімізде қазақ тілінде білім алатын оқушылар үлесі көп екенін алға тартты. Мәліметтер бойынша, 1991 жылы елімізде мектеп оқушыларының 28 пайызы ғана қазақ тілінде білім алса, қазір бұл көрсеткіш 81 пайызға жеткен.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button