Билік

Билік пен қоғам арасындағы ашық диалог — ел тұрақтылығының кепілі

Қоғамда билік пен халық арасында ашық диалог орнауы қажет. Бұл ел дамуының өзегі болмақ. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауының түйіні осы: «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығымен өркендеуінің негізі» деп аталған құжатта Президент заман талабына сай мемлекет құру үшін алдымен азаматтардың барлық өтініш-тілегін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру қажеттігін алға тартты. Бұл — «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» құрудың алғышарты. Саяси жүйенің бұл формуласын Қ.Тоқаев  қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет құрудың және оның тұрақтылығының негізі деп атады. Ал заман талабына сай тиімді мемлекет құру үшін қоғамға бірнеше талап қойылды. Оның біріншісі — партия құрылысы үдерісін жалғастыру болса, екіншісі — халықпен тиімді кері байланыс орнату. Ал қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару, ең алдымен, мемлекеттік органдардың міндеті екендігі айқын. Осы ретте Ақтөбе облысы әкімі аппаратының басшысы Нұржауған Қалауовпен сұхбаттасқан едік.

 —Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік органдар алдына маңызды міндеттер қойды. Соның бірі — тұрғындардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару, тұрғындармен кері байланыс орнату. Яғни, халықтың қажеттілігіне уақытында шұғыл көңіл бөлу, ашықтық, диалогқа дайын болу мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдығы болуы керектігін баса айтты. Бүгінде Президент Әкімшілігіндеазаматтардың өтініштерін қарау сапасын қадағалайтын арнайы бөлім ашылды, бөлім арқылы кері байланыстың өңірлерде қалай жүріп жатқаны, қай бағытта жұмысты күшейту керектігі жөнінде үнемі ұсыныс беріліп отырылады.

Ақтөбеде тұрғындармен кері байланыс, қоғаммен ашық қарым-қатынас жасау жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Облыс әкімі аппараты тұрақты түрде қала, аудан әкімдері аппарат басшылары, тұрғындар тарапынан түскен өтініштермен жұмыс жасайтын бөлім басшыларының қатысуымен селекторлық жиындар, семинар-кеңестер өткізіп отырады. Жыл басынан бергі жеті айда осындай бес жиын өткзілді. Бұған қоса айына екі рет азаматтардың өтініштерінің қаралуы мен жеке қабылдаулар жайы облыс әкімінің төрағалығымен өтетін атқарушылық тәртіпті қарау аппараттық мәжілісінде қаралады.Оған қала, аудан басшылары, басқарма басшылары түгел қатысады. Бұл мәселеге қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы — қай ауданда, қай басқармада тұрғындардан келген өтініштердің қаралу барысы, кері байланыстың қалай жүргізіліп жатқаны туралы өзім баяндаймын. Біз күн сайын барлық әлеуметтік желілерде, ғаламторда тұрғындар тарапынан жазылған барлық ұсыныстарды, жағымды-жағымсыз ақпараттарды жинап, сараптаймыз. Жедел шешілуі тиіс мәселелерді күн сайын облыс әкімінің тапсырмасы бойынша құзырлы әкімдіктер мен басқарма басшыларына жолдаймыз. Олардан мәселелердің түйінін дер кезінде шешуін талап етеміз және оны қадағалаймыз, құзырлы мекеме  жұмыс аяқталғаннан кейін бізге фотоесеп береді. Алайда, кейде көзбояушылық жағдайлардың да болатыны жасырын емес. Себебі кей жағдайда біздің инспекторлар құзырлы мекемелердің берген есебінің өтірік екенін, яғни, тұрғындарға қолайсыздық тудырған мәселелердің дер кезінде шешілмегенін анықтап жатады.  Мәселен, айталық, сенбі күні жасалуға тиіс жұмысты әртүрлі себеппен келесі аптаға қалдырып жатады, бірақ бізге «жұмыстың істелгені» туралы ақпарат береді, мұндай мекемелерге біз үлгере алмай жатқандықтарын, нақты, шынайы мерзім көрсету қажеттігін ескертеміз. Уақытында үлгермегендіктен, облыс әкімінің атқарушылық тәртіпті қарау аппараттық мәжілісінде қаралатынынан қорықпау керек, бізге маңыздысы — жұмыстың істелгендігі, сондықтан, қосымша 3-4 күн уақыт қажет екендігін ескерту керек.

— Жыл басынан бері тұрғындардан қанша өтініш түсті? Ақтөбеліктерді негізінен қандай мәселелер толғандырады?

—  Облыс әкімінің аппаратына биылғы 7 айда  2500-ден астам өтініш келіп түсті.

Өтініштердің 60 пайызынАқтөбе қаласының тұрғындары жолдаған.Аудандардан Темір, Мұғалжар, Алға, Шалқар тұрғындарынан түскен өтініштер көбірек. Арыз-шағымның басым бөлігі әлеуметтік қамсыздандыру, жұмыспен қамту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үй, жер беру, білім және мәдениет саласына қатысты. Түскен өтініштердің 14,5 пайызы — әлеуметтік қамтамасыз ету мен жұмысқа орналастыру жөнінде.

Президент Әкімшілігінде Қазақстан Республикасы Президентінің виртуалды қабылдау желісі бойынша өтініштерді қабылдаудың жаңа форматы іске қосылғанын атап өту қажет. Виртуалды қабылдау желісіне 29 өтініш түсті.

Сондай-ақ облыс тұрғындарынан жоғары тұрған органдарға— Президент Әкімшілігі,Премьер-Министр Кеңсесіне  түскен өтініштер негізінен  Ақтөбе қаласы, Алға, Мұғалжар, Шалқар аудандарынан болды.

Былтырғыға қарағанда тұрғындар тарапынан түскен өтініштер саны артып отыр. Оған негізінен жыл басында тұрғын үй бойынша жаңа мемлекеттік бағдарламалардың жариялануы, атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматының енгізілуі де себеп болды. Қандай да болса көмек алуға ниетті азаматтар өтініштер жазуды көбейтті.

— Президент биылғы Жолдауында: «Азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ, аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», — деген болатын. Осы тұрғыда халықтың көңіл күйінің барометрі секілді болып кеткен әлеуметтік желілерді облыс мәселелерін шешуде қаншалықты тиімді қолданып отырсыздар?

— Азаматтық қоғам белсенділігі мемлекеттік органға қосымша көмек деуге болады, жергілікті жерде билік органдары назарынан тыс қалып жатқан жағдайларды әлеуметтік желілер арқылы біліп, шұғыл әрекет етуге жәрдемдеседі.

Заман талабына сай, бүгінде әрбір мемлекеттік органның әлеуметтік желілерде, соның ішінде фейсбук, инстаграм желілерінде парақшалары бар. Бірақ бәрі бірдей белсенді деу артық болар. Күнделікті тұрақты облыс әкімі аппаратының баспасөз қызметі арқылы мониторинг жүргізіп отырамыз. Қала немесе ауданда тұрғындар тарапынан айтылған арыз-шағымдар міндетті түрде облыс әкіміне жеткізіліп, тиісті органдарға әрекет етуге жолданады.

Әлеуметтік желілермен жұмыс — қазіргі таңда кері байланыстың тиімді құралы болып отыр. Менің де әлеуметтік желілерде жеке парақшаларым бар. Тұрғындар да қазір белсенді. Жекелеген қоғам өкілдері белгілі бір мәселелерді тұрақты көтеріп, мемлекеттік органдарға жеткізіп отырады. Олардың бірқатарымен мен әлеуметтік желіде байланыстамын. Қала, ауылда болып жатқан жағдайлар туралы фейсбуктегі парақшама ақпарат, сауал жолдап отырады, уақытында өзім немесе тиісті органдар арқылы жауап беріп отыруға тырысамын. Әлуметтік желілермен бірге ватсапқа да түрлі мәселелер төңірегінде хат жазып тұратын белсенді азаматтар бар. Мысалы, қоғамда белсенділік танытып жүрген азамат Серік Әбдіжәми маған ватсап арқылы жиі сауалдар жолдайды.

Әлеуметтік желілерде тұрғындармен кері байланыс орнатқан мемлекеттік мекемелердің жұмысына да мониторинг жүргіземіз. Мысалы, тамыз айында жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша әлеуметтік желілерде денешынықтыру және спорт, жастар саясаты, денсаулықсақтау және білім басқармалары, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы менқауіпсіздігі бақылау және полиция департаменттері белсенді екені анықталды. Ал, аудандар арасында Мұғалжар, Мәртөк, Хромтау және Темір аудандары әкімдіктерінің жұмысы басқаларынан көш ілгері.Қалған мемлекеттік мекемелердің белсенділігігі төмен. Осыған сәйкес,15 тамызда облыс басшысы аппарат отырысында халықпен кері байланыс мәселесін күн тәртібінде қарап, қала, аудан әкімдіктері мен басқарма басшыларына осы бағытта жұмысты күшейтуді тапсырды.Апта басында облыс басшысының тапсырмасымен тұрғындармен кері байланысты күшейту мақсатында телеграм желісінде«Ақтөбе облысы әкімдігі» чаты жұмысын бастады.

— Әлеуметтік желілер арқылы көтерілген қандай да бір мәселелер бойынша нақты мысалдар келтіре кетсеңіз…

—  Темір ауданында сол жердегі күрделі мәселелер туралы ашық айтып жүрген Ардақ Құбашева деген қоғам белсендісі бар. Сол кісі су шаруашылығы басшысы назарына су сапасының нашарлығы туралы айтқан, ал аталған мекеме басшысы бұл сынға дөрекі жауап берген. Бұл мәселе облыс әкімі деңгейінде қаралып, аудан әкіміне шұғыл шара қолдану тапсырылды.  Жергілікті әкімдік тарапынан су сынамалары алынып, тиісті жұмыстар жүргізілді. Осы мәселе көтерілген кезде ашумен балағат жазба таратқан су шаруашылығы басшысына қатаң шара қолдану аудан әкіміне тапсырылды.

Хромтауда да осындай бір жағдай тіркелді: селолық округтердің бірінің әкімі тұрғындармен кездесуінде бір жұмысшыға дөрекілік көрсеткен. Облыс әкімі бұл азаматты жеке қабылдап, мәселенің мән-жайын анықтау бойынша тапсырма берді. Біз ауданға арнайы комиссия жібердік, нәтижесінде селолық округ әкіміне қатаң сөгіс жарияланып, айыппұл салынды. Мұндай мысалдарды жалғастыра беруге болады.

Облыс әкімі аппараты арқылы жалпы бұқаралық ақпарат құралдарындағы, әлеуметтік желілердегі тұрғындардың негізгі шағымдарына тұрақты түрде талдау жасалады. Қазіргі уақытта ақпарат құралдарында болсын, әлеуметтік желілерде болсын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, абаттандыру, санитарлық тазалық, жол мәселесіжиі көтеріледі. Осындай мониторинг бойынша облыстағы әлеуметтік наразылық деңгейін анықтайтын карта жасаймыз. Оның үш деңгейі анықталады: қызыл, сары және жасыл. Мысалы, тұрғындар тарапынан жағымсыз пікірлер жиі айтылатын жерде әлеуметтік қобалжу басым. Бір мысал келтіре кетейін: Ақтөбе қаласында наурыз айында — жол жайы, сәуірде — талдарды кесу, маусымда — өзен-көлдер мәселесі, шілдеде — қоқыс полигонындағы өрт мәселесі жиі көтерілген. Қарап отырсаңыз, ай сайын проблемаға проблема жамалып отыр. Сондықтан, тұрғындар арасында наразылық деңгейі жоғары болмау үшін осындай жерлерде жұмысты күшейту қажет. Біз осындай жайттарды талдап, жауапты адамдарға тапсырма береміз.

Өткен аптада және 2қыркүйекте азаматтардың өтініштерін қарау мәселелері бойынша Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің облыстық басқармасы басшылығымен бірге қала, аудан әкімдіктері, басқарма басшыларының осы жұмысқа жауапты мамандарымен семинар-кеңес өткізілді.

Шара барысында өтініштерге жауап беру мерзімін бұзу, уақтылы есепке алмау жағдайлары Ақтөбе қаласы бөлімдеріндекөптеп кездесті. Жауапты адамдардың барлығы тәртіптік жазаға тартылды. Алдағы айда тоғыз айдың қорытындысы қаралады. Егер осы кезде жоғарыдағы кемшіліктер тағы қайталанатын болса, онда тиісті мекеме басшылары жауап беретін болады.

— Жаңа бір сөзіңізде тұрғындардың наразылығын туғызған проблемалар бойынша арнайы комиссия тағайындалып, мәселенің мән-жайы анықталатынын айтқан едіңіз. Осы комиссия құрамында кімдер бар?

— Мемлекеттік органдар қызметкерлері бар.  Алдағы уақытта комиссия құрамына жергілікті белсенді азаматтарды, депутаттарды, ардагерлерді қосуды жоспарлап отырмыз. Себебі, тұрғындардың ішінде «қарға қарғаның көзін шұқымайды» деген  күмәнді ой қалып кетпеуі керек. Сондықтан, атқарушы билік азаматтық қоғам өкілдерімен бірге жұмыс жасайды.

— Президент Жолдауынан кейін тұрғындар тарапынан түсетін өтініш-арыздардың саны артуы мүмкін. Жалпы, тұрғындар тарапынан кейде негізсіз пікірлер айтыла ма? Оларға қалай жауап бересіздер?

— Ондай жағдайларды да жоққа шығара алмаймын. Бір мысал айтайын: күн сайын жұмысқа келген кезде мені есіктің алдынан күтіп алып, кешке шығарып салатын адамдар бар. Алғашқыда ол кісілердің тұрмыстық жағдайы ауыр шығар, бәлкім, көмек керек болар деп ойладым. Бірақ, олай емес екен. Сұрайтындары «маған концертке билет керек», «маған ауылшаруашылығы жәрмеңкесінен ет алу керек» дегеннен аспайды. Немесе «Өткен жолы сіз көмектесіп едіңіз, енді маған сіздің орынбасарларыңыз көмектесіп жіберсе» деген секілді өтінішпен келетіндер бар. Немесе бір арызды 10-15 рет жазатын адамдар болады. Ол адамның арызы осыдан бір-екі жыл бұрын сотта қаралып, заңды шешім шыққан болуы да мүмкін, алайда ол бұл шешіммен келіспей, қайтадан арызданады, біз олардың барлығына тиісті деңгейде жауап береміз.

Ілкіде маған бір әйел адам келді. Жағдайын айтты. Саяжайда тұрады екен. «Газ қондыру үшін қазандық қажет еді, соған көмектесесіз бе?», — деді, демеуші тауып, әлгі қазандықты алып бердік. Кейін білгеніміздей, ол қазандықты сатып жіберіпті…

Әрине, әркімнің мұң-мұқтажы әртүрлі, ешкім де еріккеннен арыз-шағым жазбайтын шығар. Қалай болғанда да біз тұрғындардан түскен әрбір өтінішті тіркеп, оған тиісті деңгейде жауап береміз, құзырлы мекемелерге жолдаймыз, оның оңды шешілуін қадағалаймыз. Бұл — біздің міндетіміз.

— Тұрғындар облыс әкіміне, басқа да түрлі деңгейдегі басшылардың қабылдауына еркін кіре ала ма?

— Әрине. Облыс әкімі ай сайын екі рет тұрғындарды қабылдайды. Облыс басшысы жыл басынан бастап 37 рет іссапарға аудандарға шығып, 55 елді мекенге барып, 9 мыңға жуық тұрғынмен кездесті, 184 адамды жеке қабылдады.Өңір басшысы қабылдауына шалғай ауылдардағы азаматтар жазылған кезде біз оларға облыс әкімінің ауданға сапары кезінде кездесуді ұсынамыз. Себебі, кей жағдайда облыс басшысы шұғыл жиналыстарға кетіп қалуы мүмкін, сондай жағдайда алыстан келген адамның шаруасы бітпей қалады.  Жыл басынан бері облыс әкіміне 489 өтініш түсті.

Мен де кесте бойынша айына екі рет қабылдау жүргіземін, бірақ кестеге байланып отырмаймын, уақытым болған кезде азаматтармен күнде кездесуге дайынмын.

Бұл жұмыстардың барлығы, сайып келгенде «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкіметтің» алғышарты. Себебі «есеп беретін Үкімет» «есеп беретін әкімдіктерден» басталады. Басты міндет — қоғамның тұрақтылығы. Президенттің алға қойған осы тапсырмаларын мен өзімнің азамат және мемлекеттік қызметкер ретіндегі міндетім деп білемін.

Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button