Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Ескерткіш орнатылған Ақтанкер

Ұлы даланың жеті қыры

Алпысыншы жылдардың ортасында одақтас республикалар арасында ат спорты түрлерінен жоспарлы өткен жарыста қазақ елі атынан бәйгеге шапқан Ақтанкер атты сәйгүлік  — Мұғалжар ауданының қазіргі Бұлақты елді мекенінде туған жылқы. Ресейдің Ставрополь өлкесінің Пятигорск қаласында ұйымдастырылған сол жарыста Ақтанкер түрікмен мен тәжіктер баптаған жүйріктерден кейін мәре сызығынан өтіп, Қазақстан құрама командасының қоржынына қола медаль салған еді.

Жақында осы жануардың құрметіне Бұлақтыда ескерткіш ашылды.  Жиылған жұртқа бір ауыл немесе ауданның ғана емес, сол кездері бүтін бір қазақ елінің мақтанышына айналған тұлпардың жасаған рекорды, жалпы халқымыздың жылқы жануарына деген ерекше құрмет-ықыласы, пейілі жайында мағыналы сөздер айтылды.

Мұның барлығы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласындағы атқа міну мәдениеті, яғни жылқыны қолға үйрету арқылы бабаларымыздың өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болғандығы жайындағы ғибратты әңгімелерге негізделді.

Тоқсан жылдық тарихы бар Бұлақты ауылында өткен шараның қонағы — заманында лақап аты Ақтанкер деген жүйріктің үстінде шапқан он екі жасар шабандоз, қазір жасы алпыстан асқан ардагер Дәулеталы Ершимовпен торқалы той кезінде әңгімелесудің сәті түсті. 

— Кезінде рекордтық көрсеткіштер жасаған Ақтанкер атты сәйгүліктің облыс тарихында алар орны ерекше. Осындай жануармен тағдырлас болудың сәті сізге қалай туды?  

— Лақап аты Ақтанкер атты жүйрік Мұғалжар ауданының бұрынғы Родник, қазіргі Бұлақты елді мекенінде 1961 жылы топырақ басқан. Кезінде Бұлақты ауылын басқарған үшінші басшы Александр Беляев Ақтанкерді тапсырыспен тудырған деуге де болады. Оның әкесі — сырттан алдырған ағылшын тектес, КСРО бойынша рекордтық көрсеткіш жасаған Гарпун атты айғыр. Шешесі — ағылшын мен көшімнің буданы. Содан Ақтанкер туған.

1964 жылы реформа орнап, Александр Иванович Беляев қызметін Ақтөбеге ауыстырды. Ол кісі кетерінің алдында билік басында жүргендердің бірі,  ауыл азаматы Бахраддин Досыбаевқа зауыттағы 18/61 нөмірлі жылқыны ерекше күтіп-баптауды, болашақта оған тең келер жүйріктің болмайтынын айтып тапсырған екен. Александр Иванович аманаттап тапсырған жылқыны кейін заңдастырып, алып кететінін де ескерткен.

Бұлақты — №52 жылқы зауытының негізінде құрылған ауыл. Сол кездері зауытта 12 мыңның үстінде жылқы болды. Әр жылқы осылай нөмірленетін. 18/61 — Ақтанкердің зауыттық нөмірі. Яғни, бұл 18-нөмірлі, 1961 жылы туған деген белгіні білдіреді. Алайда Бахраддин ақсақал ол жылқыны өзінің жақын адамы, ауылда күні кешеге дейін өмір сүрген Тұрғанбай Өмірзақовқа тапсырады. Себебі ол кісі аттың тілін шебер түсінетін әрі жануарға ерекше күтіммен қарайтын бір ұқыпты адам еді. Бұл — 1964 жыл болатын. Содан осы ауылдағы Қыдырәлі Құлмағанбетов деген шопан, яғни менің әкемнің немере інісі Бахраддин ақсақалға базына жасап, қиғылықты салып, осы аттың билігін өзіне алады. Содан екі жыл оны бәйгеге дайындады. 1966 жылы ауылда көктем ерте шығып, 1 мамыр мерекесінде ат бәйгесі ұйымдастырылды. Ақтанкер бірінші рет өзіміздің ауылда бәйгеге шапты. Мен алғаш рет шабандоз ретінде сол аттың үстіне отырдым. Біздің заманымызда қазіргідей емес, кез келген бала атқа мінетін, бірақ таңдау маған түсті. Атқа былай мінгенім болмаса, бұған дейін бірде-бір рет жаратылған жылқыға мініп,  бәйгеде шапқан емеспін. Сөйтіп, Ақтанкер бәйгеге бірінші рет бес жасында қосылды.

Жалпы біздің ауылымызда небір жүйріктер өткен. Соның бірі — лақап аты Огонёк деген сәйгүлік.  Ол — 1959 жылы туған жылқы. Оны ауылдағылар «Женканың күреңі» дейтін. Қазақшаны жақсы меңгерген, мақалдап сөйлейтін ауылымызда Евгений Кифер деген неміс ұлтының өкілі болды. Өзі бір иман жүзді адам еді. «Женканың күреңі» —  сол кісіге бекітілген ат. Огонёк бір жыл бұрын облыс орталығында өткен жарыста бәйгені ұтып келді. Содан сол жылы әлгі жүйрік пен Ақтанкер ауылда бәйгеге қатар түсті. Ақтанкер оны «аяғы бар екен демеді», жарты айналымға артқа тастап, мәре сызығына бірінші жетті. Сонда Евгенийдің бәйге алаңында ентіге сөйлеп, Ақтанкердің шабысын киіктің жүгірісіне теңегені әлі есімде.  Киік — даланың аңы, одан жүйрік жануар жоқ. Содан сол жылы маусымда Ақтанкерді Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған бәйгеге апардық. Ол кезде Ақтөбеде небір дүлдүл сәйгүліктер, тұлпарлар болды. Бұрынғы Новоресей, қазіргі Хромтау ауданынан лақап аты Аққоян дейтін жүйрікті осы бәйгеде өз көзіммен көрдім. Себебі бұл жүйрікпен сырттай таныспыз. Аққоян — бір жыл бұрын Алматыда өткен бәйгені ұтқан сәйгүлік. Кеңқияқтың Незванныйы, Қайыңдының Ақтабаны мен Залпы, бәрі осы бәйгеде бақ сынасты. Он шақырым бәйгені Ақтөбенің рекорды есебінде 13 минут 11 секундта шауып өткен Ақтанкердің сол сәттен бастап жұлдызды сәті туды. Осы бәйгеде Аққоянды екінші орынға қалдырып, баяғы әніне салып, өзге жүйріктерден жарты айналым бұрын келген оның бұл жетістігіне ел-жұрт риза болды, ауылға жеңіспен қайтқанымыз әлі есімде. Сол кезден бастап жануар Ақтанкер деген лақап атпен көпшілікке таныла бастады.

— Неліктен Ақтанкер аталды?

—Түсінген адамға жануардың Ақтанкер аталуының өзінде терең мән жатыр. Ақтанкер — жылқының түр-түсіне байланысты қойылған ат. Киік түстес еді, бауыр жүні ақшыл келді.Қазақтың аңыз әңгімелерінде өзі текті, түр-түсі ақтанкер болса, онда ол жануар алдына ат түсірмейтін жүйрік болатыны жайында жиі айтылады.

Ақтанкер атты тұлпардың тас мүсіні туған жері Бұлақты ауылының орталық көшесіне орнатылды. Жануардың құрметіне қойылған ескерткішті сол ауылдың ақсақалы, Ұлы Отан соғысының ардагері Өтеш Жалмағамбетовтің ұрпақтары алматылық мүсіншіге арнайы тапсырыспен жасатқан. 

— Республикалық, бүкілодақтық көлемде өткен бәйгелерде қаршадай ауыл баласының ат үстінде өнер көрсетуіне қалай мүмкіндік алдыңыз? 

— 1966 жылдың шілде айының аяғында ауылдағы басшыларға Ақтанкерді Алматыда өтетін бәйгеге апару туралы қағаз келді. Алматыға бару үшін әуелі Ақтөбе қаласында жиналуымыз керек екен. Содан Ақтанкер мен Ақтөбе ипподромының қысқа қашықтыққа шабатын тағы бір жүйрігі вагонға тиелді. Алматыға бізбен бірге Ақтөбе қаласынан екі адам еріп барды. Оның бірі —жаттықтырушы Мырзағали Зекашев та,екіншісі — шабандоз. Олар бізді Алматының вокзалына тастап, өздері ипподромға кетті. Содан бірнеше уақыт өткеннен соң вокзал маңына бір жеңіл көлік тоқтап, ішінен 3-4 адам түсіп, бізге қарай бет алды. Әлі есімде, қасқа бас, көзі өңменіңнен өтетін орыс ұлтының өкілі қасымызға жақын келіп: «Гарпунның баласы келді дегенді естіп, алдынан жаяу шығып тұрмын»,— деді. Мен түсіне қалдым. Гарпун — Ақтанкердің әкесінің аты. Ол — КСРО көлемінде пробег, яғни күшке салынған жүріс марафонында рекорд жасаған жануар. Яғни 24 сағатта 465 километр жүріп өткен оның осы күнге дейін рекорды қайталанбай тұр. Сол марафонда Гарпунның үстінде Бұлақтының бұрынғы директоры Александр Беляев болған. Яғни ол шеберлік нормативін шебер орындаған кісі.

Әлгі адам Ақтанкердің әке-шешесін айтқанда, танысымды көргендей мәз болып, бойымды бір қуаныш сезімі билеп кетті. Содан ол менен аттың қазіргі иесінің кім екенін сұрады. Ауылымызда жылқы зауытының бар екеніне дейін біліп тұрды.

«Бұл жақсы ат, үстінде сен шабасың ба?», — деді. Мен бас шұлғыдым. Сәттілік тілеп, өзін сонда барып Қазақстан құрама командасының бас бапкері Гончаров деп таныстырды. Кейін білсек,  ол кісі бір кездері №52жылқы зауытында ат жаттықтырушы ретінде жұмыс жасаған екен. Ауылға келіп, үлкендерге осы кездесу жайында айтқанымызда, арасында Гончаровты танып жатқандары болды.

Сол жылы Алматының ипподромына Қазақстанның әр түкпірінен небір мықты-мықты жүйріктер әкелінді. Жарыстан  бір күн бұрын жиналыс болды. Сол жиында бізге бүкілодақтық көлемде өтетін жарысқа үш атқа  жолдама берілетінін, осы бәйгеде сол жолдаманың сарапқа салынатыны түсіндірілді. Жылқыларды тіркеп, бір күн бұрын нөмірімізді білдік. Старт алатын жерді «падок» дейді. Падокте жүр едік, атқа мінген бас бапкер Гончаров тоғызыншы нөмірдегі мені қасына шақырып:  «Мәреден сені ғана тосамын, бұған тең келер жануар жоқ. Берілме, мен сені күтемін, түсіндің бе?», — деген кезде біртүрлі тұла бойым шымырлап кетті. Содан бүкілодақтық бәйгеге сарапқа салынған жолдама үшін өткен жарыста жетпіс ат бақ сынады. Сол бәйгеге біздің облыстан Ақтанкер жалғыз қатысты. Ал бұл байқауға еліміздің басқа өңірлерінен бір емес, бірнеше ат жеткізілген екен. Кеңестік кезеңде аламан бәйгенің қашықтығы 16 шақырымға созылатын. Бұл — ең жоғары көрсеткіш еді. Сол жарыста Ақтанкер керемет шабыс жасап, 16 шақырымдық қашықтықты 23 минут 32 секундта аяқтап,  Көкшетаудан келген жүйрікті жарты айналымға кейін қалдырып, мәреге бірінші жетті. Ал үшінші келген жүйріктің қайдан, лақап аты не екені есімде қалмады. Осы қашықтықта Ақтанкер жасаған рекордтық уақытты осыдан үш-төрт жыл бұрын елордада өткен бәйгеде Қостанайдың аты бұзды.

Мен үшін сол кездегі Ақтанкер жасаған рекордтық көрсеткіштің қуанышы да, мақтанышы да әлдеқашан басылды. Себебі арада жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Сол сәттер қазір тек тарихи оқиға ретінде ғана есте қалды. Кейін талай бәйгелерде құрдастарым уақытты есептеп тұрып: «Дәукен, мында кел, Ақтанкердің рекордтық уақыты өзгерейін деп жатыр» деп шақыратын. Қалжыңдарын түсініп тұрсам да іштей: «рекордты бұзбаса екен» деп тілейтін едім. Ол тек құр пендешілік қой.

Сөйтіп, кеңестік кезеңде Ақтанкердің арқасында Ресейдің Ставрополь өлкесінің Пятигорск қаласына бардық. Яғни солтүстік Кавказ аймағы екен. Жыл сайын бүкілодақтық көлемде өтетін ат спорты шарасына сол жылы Қазақстаннан 70 ат жеткізілді.  Оның ішінде билеп, өнер көрсететіні, түрлі биіктікке секіретін, қысқа қашықтыққа шабатын, арбаға жегіп, жарысатын жылқылар да болды. Ал біз ұзақ қашықтыққа шабу үшін бардық. Жарыстың өзіндік талаптары мен шарттарына сәйкес, ұзақ қашықтық дегендері жеті-ақ шақырымдық жер болып шықты. Жеті шақырым деген не ол? Осынысы маған ұнамады. Екіншіден, маған «сен шаппайсың, сенің салмағың, жасың келмейді. Осында Қазақстан құрамасынан келген шеберлер, мықты шабандоздар бар, солардың бірі шабады. Атты солардың біреуіне бересің», — деді. Сол кезде төбемнен біреу мұздай су құйып жібергендей болды. Расымен де, құрама команданың сапында  мықты-мықты шабандоздар болатын. Соншама жерден келіп, осындай сөз естігенде жер тепкілеп жылаудан басқа менің қолымнан не келсін? Содан Қазақстан құрама командасының бастығы мені жұбатып: «Сен жылыма, мен сені бір адамға алып барамын. Мүмкін бұйыртып, аттың үстінде өзің шабарсың», — деп үміттендірді. Әлгі адам мені жетектеп бір кабинетке кіргізді. Оның мені алып барып тұрған адамы Кеңес Одағының Батыры, маршал Семён Михайлович Будённый болып шықты. Ол жарыстың бас төрешісі екен. Әлі есімде, ол кісі орнынан бір қырындап тұрып «52-конный завод?» деді. «Иә» дедім. «Джурунский район?» деді. Ол кезде Мұғалжар ауданы осылай аталатын. Тағы да басымды изедім. «Мен сіздердің жылқы зауыттарыңызда бірнеше рет болдым. Ондағы балалардың ат үстінде шабатынын көргенде таңдандым, қайран қалдым. Олар  жаман шаппайды. Сен де сол көп баланың бірі шығарсың», — деп орысшалап тіл қатты. Тағы да басымды изедім. «Атқа шапқың келіп тұр ма?», — деді. Содан команда бастығы: «Мынаның жылаудан қолы тимей жүр», — демесі бар ма, «Жылама, мен рұқсат беремін, өзің шабасың» деп қолы қойылған қағазды команда бастығына ұстатып, бізге сәттілік тіледі. Сондағы менің қуанған сәтімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Маршалдың үлкен әріптермен «С.М.Будённый» деп фамилиясының соңғы әрпін кішкене ғана шиырып жіберген қолы әлі күнге көз алдымда қалыпты.

Сол жарыста 28 ат шапты. Ұзақ дистанцияға шабуға деп әкелген жылқылар мен үшін қысқа қашықтыққа шапқандай болды.  Оның үстіне әр елден қатыстырылған жүйріктердің үстінде спорт шеберлері мен мықты-мықты шабандоздар жайғасқан. Арасындағы жалғыз бала — бір өзіммін. Бәйге алаңы таулы жерде орналасқан. Мәре сызығына 400 метр қалғанда қырға көтерілесің. Мен мінген ат осы тұста  тоғызыншы немесе оныншы болып келе жатты. Бала болсам да іштей «үштікке кіре алмайтын болғанбыз ба» деген ой келді басыма. Сонда Ақтанкердің бірінші әрі соңғы рет таяқ жегені шығар, қамшымен сойып салдым. Атқа отырудың да спорттық тәртібі бар. Оның бәрі далада қалды. Содан қырға шыққан кезде алдымдағы екі атқа қуып жеттім. Финишке қабат кіргенмен, бірінші келмегенімізге көзім жетті. Өйткені мәре сызығынан өткенімізде, тәжіктің атының мойны озып кірді. Бәйге алаңында маған сыртқы шеңбер бұйырды. Іштей «екінші шығармын» деп ойлағам.  Алайда қапталдасып келген түрікмендердің баптаған сәйгүлігі фотофинишпен анықтағанда сызықтан бірінші болып өткені байқалыпты. Содан «Казахстан занимает третье место» деген сөзді естігенде, аттан секіріп түсіп, өкіріп жыладым-ай кеп. Бүкіл команда мені жұбатып жүр. Сол жарысты тамашалауға, Ақтанкердің шабысын көруге Ақтөбе ипподромының директоры Малиновский деген поляк ұлтының өкілі арнайы ұшақпен ұшып келіпті. Үшінші келгеніме налып, жылап жүргенімде Малиновскийдің қасыма жақын кеп: «Сен шаңыраққа қара, қай жерде шауып тұрғаныңды біліп тұрсың ба? Бұл — Ақтөбе болмаса Родник емес. Осы сәт қайталанбас тарих болып қалады кейін», — деп жұбатқаннан соң ғана көзімнің жасын сүрттім. Сол бәйгеде қазақ елінің қанжығасына үшінші орын бұйырды. Ақтанкер Қазақстан құрама командасының қоржынына қола медальді салды.

Содан бір апталық жарыс өз мәресіне жетіп, елге қайтатын уақыт болды. Командалық есеп бойынша Қазақстан Ресей мен Украинадан кейінгі орынға қол жеткізді. Мұндай жарыс ол кезде жыл сайын  жоспарлы өткізіледі екен. Жарыстан кейін құрама команда мүшелерінің басын қосқан жиын болды. «Біз Ресейден қалғанмен, Украинаның алдында болуымыз керек еді» деген тақырыпта сөз болғаны әлі есімде. Сол жиында кезек Ақтанкерге де келді. Бұл аттан қазақ елі алтын күткенін, Алматыдағы шабыстың бірде-бірі байқауда көрінбегені жайында айтылды. Содан бас бапкерге аттың құжаттарын рәсімдеуді, Ақтанкердің Алматыға кететіні жайында айтылды. Ресей аумағынан тиелген жылқылар бірден Алматының ипподромына жеткізілу керек екен. Содан жылқылар 7-8 вагонға Кавказдан тиелді. Оларды тиеу үшін екі-үш күн уақыт кетті. Сол аралықта бізге де ойланатын уақыт болды. Менімен бірге барған кісі Қыдырәлі ағамның әйелінің әкесі еді. Ұзақ жыл теміржол саласында еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан ол Ақтөбеден бастап телефон шалуға кірісті. Мақсат — атты Ембіде алып қалу. Әлі есімде, Қандыағаш, Жұрын стансаларында да жүгіріп барып, біреулермен хабарласып келеді.  Пойыз Жұрыннан өткен сәтте маған ақырын ғана: «Аттың жабуын жауып, ерттеп, жетектеп Ембіден түсіріп аламыз», — деді. Ембіге келсек, бізді бір машина траппен күтіп тұр екен. Теміржол саласының арнайы киімдерін киген 5-6 адамды көзім шалды. Маған еріп барған кісі мінезсіздеу еді, айқайласып, ақыры Ақтанкерді Ембіде алып қалдық. Ақтанкер вагоннан сыртқа шығарда аяғын бір басып, қарғып түсті. Содан мен атты жетектеп, алды-артыма қарамастан жүгіре жөнелдім. Бір кезде перрон жаққа қарасам, пойыз әлі тұр. «Мына пойыз неге кетпей тұр» деген іште қылпыл да бар еді. Содан пойыз орнынан қозғалды-ау, әйтеуір…

Біз сол кезде Ақтанкердің бүкілодақтық жарыста чемпион болғанына емес, атты ауылда алып қалғанымызға қатты қуандық. Алайда  сол кезде біз дұрыс жасамадық. Ақтанкерді алып қалмай, қайта сол эшелонмен Алматыға жіберуіміз керек еді.

— Неге?

— Себебі біз жылқының бағын байлап тастадық. Егер ол ат Алматыда болғанда, кәсіби мамандарға тап болып, одан да жоғары нәтижелерге жетіп, өзінің өнерін көрсетер ме еді?  Ауылға әкелгеннен кейін ол содан қайтып үлкен жарыстарға бара алмады. Кейін де облыстық деңгейдегі жарыстарға қатысты. Бес жыл қатарынан бәйгені берген емес. Жарыста аттары қалып жатқандар: «Бәйгеге Қазақстанның чемпионын қосты» деп айқай шығарған сәттер де  болды. Егер сол кезде Ақтанкер Алматыға кеткенде, халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысып, бұдан да жоғары нәтижеге жетер ме еді, кім білсін?!

— Ақтанкер қалай бапталды, шабысы қандай еді?

— Атты баптау менің міндетім емес, мен тек шаптым. Былайша айтқанда, шопырмын. Баптаған — басқалар. Шабысы туралы айтар болсам, ауылдық жерден шығып, ауыл жағдайында чемпиондық дәрежеге жеткізген Қыдырәлі ағамның бұл ісін мықтылыққа теңер едім. Сол кезде совхоздағы он екі мың жылқының арасында үлкен деңгейге жеткені — жалғыз Ақтанкер ғана. Осы күні  спорттың қандай түрі болмасын, ТМД елдері арасында өтетін жарысты «шағын әлем чемпионаты» деп атап жүр. Енді сол деңгейде қарасақ, бүкілодақтық жарыста Ақтанкер аттың үшінші келгені, қазақ елі үшін аз көрсеткіш емес. Бұл — болмайтын жағдайды орындап тұр. Мүмкін ол аттың бағы да шығар. Облыстың тарихында Ақтанкер сияқты рекорд жасаған ат жоқ. Республикалық бәйгеде ұтқандары бар, бірақ одан әріге бара алмады. Ондай ат Қазақстанның өзінде саусақпен санарлықтай.

— Сәйгүліктің бәйге алуына шабандоздың ықпалы бар ма?

— Ықпалы бар. Біріншіден, ол жолы болғыш адам болуы керек. Екіншіден, шауып келе жатып айла-тәсілді лезде ойлауы қажет. Оның да өзіндік тәсілдері бар. Айталық, астыңдағы атыңның күшіне сенсең, бәйге басталғанда «тығып тастау» деген тәсіл қолданылады. Яғни басқаларды шаңыңа ілестірмей, қатты кетесің.  Қалғандары саған еремін деп, екі-үш айналымда-ақ болдыртып қалады. Болмаса, отырып-отырып, бәйгенің соңына таман тізгінді жібере саласың. Қазір мен ат баптап жүрмін. Қанша ат ұстасам да, Ақтанкердей сәйгүлікті кездестірген емеспін. Оның шабысы тым бөлек еді. Бір қызығы, Ақтанкер бәйгеге түскенде бірден шауып ала жөнелмейді, әуелі теңселтеді. Орысша айтқанда «качка» пайда болады. Сол кезде аттың теңселісі шатыңды айырып жібере жаздайды. Содан кейін еңкейеді. Мұның бәрін ат үстінде отырып жақсы сезетінмін. Сосын барып құйындата жөнеледі. Осындай тәсілдермен ол бойындағы қайратын, күшін, қазақша айтқанда «жынын» шақырып алады-ау деймін.

Мен белдеуімнен жүйрік ат кетпеген адаммын. Менде небір жүйрік аттар болды. Талай бәйгені де алдық, опық жеген де кездеріміз болды. Мұның бәріне ауылдастар куә. Бірақ та мен Ақтанкердей кереметті әлі көрген емеспін. Қазақта «ат шаба ма, бақ шаба, бап шаба ма» деген сөз бар. Маған салсаң, осының үшеуі қабат шабуы керек. Сонда ғана жүйрік өзінің мақсатына жетеді. Әрине, атты дайындай білу де керек. Кейбір аттардың бабы болмаса, ұнжұрғасы түсіп тұрады. Ақтанкер олай болмады, әркез өз бабында тұратын. Ол өзінің бәйгеден келетінін осындай қасиеттерімен-ақ сездіретін. Сосын старттан қозғалып кеткенше күрсіне беретін. Кәдімгі адам сияқты, бәйгенің алдында тынысын сыртқа кең шығаратын. Сол кезде оның осындай мінезінен-ақ бәйгені бермейтінін іштей сезетінмін. Алайда  мәре сызығынан өтпейінше, демің ішіңде болады ғой.

Ақтанкер ауылда жүріп қартайды. Сексенінші жылы қазіргі Мұғалжар ауданының  Егіндібұлақ ауылдық округі маңындағы Көксудың сағасы, Құндыздыға құятын жердегі жалғыз ағаштың түбінде Ақтанкер он тоғыз жасында Қыдырәлі ағамның қолында опат болды.

— Ат үстінде неше жасқа дейін шаптыңыз?

— Мен Ақтанкердің үстінде 1971 жылға дейін шаптым. Кейін оқуымды жалғастырып, өз жолыммен кеттім. Ақтанкердің соңғы бәйгесін 1979 жылы көрдім. Ол кезде менің отбасым бар. Жарықтық, анадай жерге дейін шапты да, тұрып қалды, әрмен қарай шапқысы келмеді. Жасы келген, оның үстіне түрлі жарақаты бар жүйріктің беделін төкпей, бәйгеге бекер қосқаны туралы иесіне айтқанымда, ағам бетіме қарап, ештеңе демеді. Содан қайтып ол бәйгеге түскен жоқ.  Алайда ат иесі Ақтанкерді қара жұмысқа бір рет те болса жеккен емес.

— Әңгімеңізге рақмет!

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button