Сенімге бастайтын серпінді қадамдар
Облысымызда «Nur Otan» партиясына мүше азаматтардың саны — 44 284. Партияның облыстық филиалына қарасты 251 бастауыш ұйымның 124-і ауылдарда шоғырланған.
«Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің 21 тамызда өткен кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам — «Nur Otan» партиясының жеті серпіні» атты бағдарлама ұсынған болатын. Атап айтқанда, белсенді мүшелерді топтастыра отырып, партияның күнделікті жұмысын айтарлықтай жандандыру, партияның барлық деңгейдегі органдарының әлеуетін көтеру, ақпараттық саясатты қайта қарау, т.б. бағыттарда міндеттер айқындалып, тапсырмалар берілген еді.
Осыған орай, 29 тамызда «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Жиынды облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Оңдасын Оразалин ашты. Өзінің сөзінде ол 21 тамыз күні Елбасы төрағалығымен өткен жиында көтерілген мәселелерге жан-жақты тоқталды.
— Елбасы ел дамуының стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу жолында партияның қоғамды жұмылдыру үдерісінде маңызды роль атқаратынын атап айтты. Партия төрағасы жемқорлықпен күресті күшейтуді, лайықты емес адамдарды партия қатарынан шығаруды тапсырды. Алдағы жұмыстар барысында халықпен барынша тығыз қарым-қатынас орнату көзделіп отыр. Өз сөзінде Елбасы адамдардың әл-ауқатының жақсаруы олардың еңбегіне байланысты болатынын атап өтіп, жастарды масылдықтан арылуға шақырды. Мемлекеттік қолдау мен әлеуметтік көмектер тек шын мұқтаж адамдарға ғана тиесілі болмақ. Қазіргі таңда отбасын маңдай терімен асырауға ниетті азаматтарға мемлекет тарапынан қолдау бар. Мысалы, «Еңбек» бағдарламасы аясындағы «Жас маман», «Жас кәсіпкер», «Бастау Бизнес» жобалары бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып, жақсы нәтижелерге қол жеткіздік, — деді Оңдасын Сейілұлы.
Бұдан кейін партияның облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұрхан Ағниязов сөз алды. Ол «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам — «Nur Otan» партиясының жеті серпіні» бағдарламасын іске асыру барысында алға қойылған мақсат-міндеттерге және олардың орындалу барысына тоқталды. Елбасы Саяси кеңес отырысында жанашырлықпен жұмыс істейтін, белсенді мүшелерді қолдап, керісінше, партиямен байланысын үзгендерді партия қатарынан шығаруды тапсырған болса, қазіргі күні 5 мыңға жақын адам партия қатарынан шығарылыпты.
— Халықтың мұң-мұқтажын, сұранысын уақытылы анықтау, қоғамдық қабылдау орындарының жұмысын тиімді жолға қою — басты міндеттердің бірі. Бүгінгі таңда қоғамдық қабылдау орындарына, орта есеппен, күніне 100-ге жуық адам өтініш-тілектермен келеді. Біз олар көтерген мәселелердің шешілуіне ықпал ету мақсатында, өтініш-тілектерін әкімдерге, мекеме басшыларына жолдаймыз да, өкінішке қарай, мерзімінде жауап ала алмаймыз. Енді осыған байланысты партия мүшесі болып табылатын басшылардың жауапкершілігін арттыру көзделіп отыр, — деді Нұрлан Ағниязов.
Сондай-ақ, осы мәселелерді талқылау барысында жиында облыстық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы фракциясының жетекшісі Амангелді Есіркепов, партияның Ақтөбе қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Жүсіпов, «Жас Отан» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Асылжан Бүркітәлин, т.б. сөз сөйледі.
Асылжан Бүркітәлин облыс бойынша мәслихаттарға партия қатарынан сайланған депутаттардың арасында жастардың мүлде дерлік жоқ екенін алға тартып, болашақта осы олқылықты түзетукеректігін айтты. Оның айтуынша, облыстағы мәслихаттарға партия қатарынан сайланғандар арасында жасы 29-ға жетпеген бір ғана депутат бар.
Жиында облыстық мәслихат депутаты Сәлім Ізімбетовке «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісі табысталды. Сонымен қатар, партияның облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросы құрамына өзгеріс енгізілді.
Жиын қорытындысында күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша қаулы қабылданды.