Жаңалықтар

Турнирден түскен қаражат

Қайырымдылық

Аудандық «Нұр» мешітінің бас имамы Алмат Әли бірнеше жылдан бері аурумен арпалысып жүрген Абдуррахман Жасұланұлының ауыр жағдайына алаңдаушылық танытып, науқас баланы қолдауға арналған шағын футболдан қайырымдылық турнирінің өткізілуіне мұрындық бола білді.

Қайырымдылық турниріне 8 команда қатысып, жанкүйерлерге тартысты ойын сыйлады. Жарыста жеңімпаз атанған командаларға «Нұр» мешітінің атынан кубок пен Алғыс хаттар берілді. Ал, теңбіл доп ойыншыларынан жарна ретінде жиналған 128 мың теңге қаражат балақайдың отбасына табыс етілді.

  • Алла сүйген құлдарына сынақ береді екен. Жаратқан жар болып, кішкентай сәбидің сауығып кетуін жазсын. Біздің бұл турнирді өткізудегі мақсатымыз — қарлығаштың қанатымен су сепкеніндей болса да, бүлдіршіннің отасына қажет қаражатты жинауға аз-кем үлесімізді қосу, — дейді аудандық «Нұр» мешітінің бас имамы Алмат Әли.

Сәл шегініс жасасақ, 2017 жылдың тамызында екі жастағы Абдуррахманға дәрігерлер «Бел аумағының альвеолярлы рабдомиосаркомы» яғни белдегі ұсақ тіндердің ісігі деген диагноз қояды. Содан бергі өмір үшін күрестегі екі жыл уақыт ішінде ойын баласы химиотерапияның жиырма сеансын қабылдап, үш рет ота жасатады. Соңғы ота сәтсіз аяқталып, дәрігерлер сол аяқтың нервін жоюға «мәжбүр» болады. Осыдан соң Абдуррахман мүгедектер арбасына таңылады.

Ата-анасының айтуынша, бүлдіршінге қажет ота тек Германия, Түркия және Корея елдерінде ғана жасалады. Баланың өмірін аман алып қалу үшін кореялық дәрігерлер келісім береді. Алайда, тек медициналық тексерістен өткізу үшін 4 млн теңге қажет етілсе, отаның құны 18 млн теңгені құрайды. Аталған сома 1 қыркүйекке дейін жиналуы тиіс.

Аудандық «Нұр» мешітінде Абдуррахман Жасұланұлының еміне қаражат жинау әлі де жалғасуда.

Қуандық РЕЙМОВ,

Хромтау ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button