Әдебиет

Жыр боп тұнған сағыныш

Даланы Кеңес өкіметі барынша кемсітті, барынша таптады. Ешқашан қайнаған тіршілікті сезбеген, өркениеттің елесін де көрмеген,тек қана тағы аң жортқан жапан түз ғып көрсетуге тырысты. Ал адамдары да сол тағы аңнан сәл ғана артық-мыс. Мыңдаған жылдар бойы, әйтеуір, мал соңында көшіп жүре беріпті…

Кеңес өкіметі оқулық атаулыны осылай «сайратып» жатқан тұста, дала өз рухын жоғалтпады, жасымады, сағы сынбады. Дала рухы өз перзенттерінің жүрегінен төгілген әнге, жырға айналып, асқақтай берді. Сол тұста даланы талмай жырлаған халқымыздың талантты перзенттеріне біз ерекше қарыздармыз. Солардың бірі — Сағи Жиенбаев еді.

Биыл Сағи ақынның туғанына 85 жыл толып отыр. Осы орайда біз ақынның өзі «Уәзкен» деп еркелеткен аяулы жары Уәзипа Жиенбаеваға хабарласып, сөзге тартқан едік:

Ас орнына — шоңқай,

сия орнына — малдың қаны…

Сағи әкесінен ерте айырылған. Оның әкесі ауылдық кеңестің төрағасы болып қызмет атқарыпты. Бір күні аяқ астынан кеңсесі өртеніп кетеді. Бұл әлдеқандай қателіктен болған оқиға ма, немесе кеңес өкіметіне өштескен жандардың қастандықпен жасаған ісі ме — ол жағы белгісіз. Бірақ осы өртке бола ауылдық кеңес төрағасына «байлармен ауыз жаласты» деген жала жабылған.

Әкесін ұстап әкеткен шақта, Сағи — үш жастағы, ағасы Аташ алты жастағы бала екен. Қарындасы Ажар әлі бесіктен шықпаған. Ал енем Жібектің небәрі 26 жастағы кезі…Үш жасар бала нені білсін? Тек балалық шағының ауыртпалыққа, бейнетке толы болғанын ғана айтып отыратын. Әкесінің соңында қалған екі інісі де енді ержетіп, ат жалын тартып мінген шақтарында, соғыс кеп киліккен. Екеуі соғысқа кеткеннен оралмапты.

«Сүт туралы балладасын» Сағи:

«Көшті талай көк аспанның бұлттары,

Кепті жұрттың көзіндегі шықтары.

Төрт жыл бойы асыраған —

бірақ та

Таңдайымнан кетер емес сүт дәмі», — деп бастамай ма? Оның анасы, марқұм енем колхозда сауыншы болып еңбек еткен. Балалары да жастайынан еңбекке араласқан. Ашқұрсақ күндерінде даладан шоңқай деген шөпті теріп, соны отқа қақтап жейді екен. Сағи кішкентайынан оқу-білімге, жазуға құштар болған. Бірақ қағаз бен сия тапшы. «Сия орнына кейде сойылған малдың қанын пайдаланып, қолымызға түскен көне кітаптардағы екі сөйлемнің ортасындағы бос жолдарға жазу жазатынбыз» — деп, мұңайып еске алушы еді. Көбіне ауаға «жазып» жаттығыпты. Тіпті сол «жаттығуларының» өзі текке кетпеген сияқты, өйткені Сағидың жазуы өте әдемі болатын.

Сағи мектепте жақсы оқыған.Бірақ институтқа оқуға түсу оған оңайға түспеген. Сол баяғы қаржы тапшылығы қолбайлау бола жаздапты. Балажан анасы Ақтөбеге ауылдан тары қуырып әкеліп сатып, соның ақшасын қолына ұстатады. О баста Алматыға барғысы келген Сағи қаржы жағдайына байланысты жақынырақ Қызылорданы таңдап, педагогикалық институтқа түседі.

Сағи екеуміз сол Қызылордада таныстық. Мен Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық училищеде оқитын едім. Жоғары курстарда ол өндірістік тәжірибеден өтуге осы училищеге келіп, бізге сабақ берді. Екеуміз 1956 жылы бас қосып, Алматыға келдік.

«Келдік» дегенде, ол кезде Алматыда қазақтың ақын-жазушыларының бәрінің дерлік басында баспанасы жоқ, пәтерден-пәтерге көшіп жүреміз. Бірақ бір-бірімізбентуысқан адамдардай араласып, тату ортада жүрген соң ба, әлде «көппен көрген ұлы той» болғандықтан ба — тұрмыс жағдайына көп алаңдамаймыз.Сағи Тайыр Жароков, Ғали Орманов, Хамит Ерғалиев, Тахауи Ахтанов пен Қуандық Шаңғытбаевтарды аға тұтушы еді. Ізтай Мәмбетов, Шәміл Мұхамеджанов, Тұманбай Молдағалиевтермен жақсы араластық. Қажығали Мұханбетқалиұлын өзінің інісіндей көретін. Менің таңғалатыным, сол кезде бір-бірімізден ру сұраспаймыз, ниеті таза адам болса,русыз дажақын тартып, араласқымыз кеп тұрушы едік.

Ғаламтор түгіл, теледидар да жоқ болғандықтан шығар, жұртол тұстажаппайәдеби шығармалар оқып, кітап, журнал жинайтын. Ал қаламгерлер қауымына келсек, олар бір өлеңнен соң бір өлеңді жатқа оқып, түні бойы отыра беруші еді. Абайдың, Шәкәрімнің, «халық жауы» атанып, атылып кеткеннен кейін әлі ақтала қоймағанақындарымыздың өлеңдерін сүйсіне оқып, тамсана тыңдап, «Шіркін, Шәкәрімнің өлеңдері де Абайдың өлеңдері сияқты емес пе! Қандай терең!» — десіп, таңға дейін сырласатын. 37-нің зұлматына ұшыраған арыстардың кітаптарын ол кезде еш жерденкездестіре алмайсың. Сірә, архивтерден тауып, біреуі жазып алып шығады да, басқалары содан көшіріп, жаттайтын болса керек.

Бірін-бірі солай қолдап жатқан соң, ол кезде жылт етіп танылған ақын-жазушының кітабы да көп ұзамай жарыққа шығатын. Сағидың алғашқы кітабы 1959 жылы «Қарлығаш» деген атпен жарық көрді. Қарлығаш — біздің үлкен қызымыздың аты.

«Ерте көрдім мен әкемнің жоқтығын,

Ес білгелі соны іздеумен өтті күн.

Тағдыр мені тұрғызды да, бас деді,

Табаныма төсеп қойып от құмын», — деп, өзі әке мейірімін аңсап өскендіктен болар, тұңғыш перзентіне қатты қуанып, кітабын да соның атымен шығарған еді.

Сағи екеуміз төрт перзент тәрбиелеп өсірдік, тұңғышымыз Қарлығаштың соңынан Гүлнәр, Ақмарал, Ақан ерді. Үш қыздан кейін дүниеге Ақан келгенде, Сағиға тілектес жандарқатты қуанып еді. Соның бәрі күні кеше ғана секілді! Сәбиге ат қоюға келгенде, қаламгер ағаларымыз бен достарымыз екіге бөлініп, біреулері «Ақан», екіншілері «Ернар» деген есімді жақтап, дауласты да қалды. «Есімі Ернар болсын» деген ұсынысты Хамит Ерғалиев пен Тахауи Ахтанов айтқан болатын. Сол ұсынысты қолдамадыңдар деп, екеуінің өкпелегендері де есімде…

Сағи қарындасы Ажарды қасына алып, Алматыда оқытуды қалап еді. Қарындасы ерте тұрмысқа шығып кетті де, ол арманына жете алмады. Қазір Аташ аға мен қарындасының балалары осы Алматының айналасында тұрып жатыр.

Шүкір, балалардың бәрі өсіп-өнді, немере-шөберелер де сүйдім. Бар өкінішім — Сағидан ерте айырылғанымыз… Алпыс жасын атап өтетін болып, тойға тап-тұйнақтай әзір отырғанымызда, ұйқысынан оянбай қалды… Адам тағдырға еш шара істей алмайтынын сондай сәттерде сезінеді екен.

Іздеушісі көп ақын

Кейде Сағидың өлеңдерін қайталап оқып отырып, ойға кетемін. Оның поэзиясыныңбасты тақырыбы — туған жерге деген сағыныш еді. Бір жағынан, бұған өзі туған Байғанин өңіріне ұзақ жылдар бойы ат ізін сала алмауы да әсер еткен болар? Әкесінің «халық жауы» атанып, ұсталып кеткенін жоғарыда айттым. Ал өзінен үш жас үлкен ағасы Аташты оқу бітіріп келгеннен кейін, «халық жауының баласы» деп, еш жерге жұмысқа қабылдамапты. Содан кейін нағашы туыстарын сағалап, анасы мен қарындасын алып, Қарақалпақстан жағына кеткен. Сауатты кісі еді, сол жақта ұзақ жылдар бойы есепші болып еңбек етті.

Сағи ағасы туралы:

«Екеумізде болған емес ат-тұрман,

Өмір бізді жаяу дедек қақтырған.

Бір шаңырақтың маңдайына көп көріп,

Екеумізді екі жаққа лақтырған.

Ойнап-күліп жүргенменен ол аман,

Мына жақта күндіз-түні мен алаң.

Гүл-бақшада жүрсем де өзім,

Сол жүрген

Сонау құмның ауасымен демалам», — деп жазған болатын.

Басқа дос-жаран демалыста туған ауылдарына барып, аунап-қунап қайтса, Сағи ағасын іздеп, өзі туып-өспеген өлкеге аттанатын. Оның туған жерін аңсайтынын, сағынатынын сезіп, мен бір жолы: «Біз неге Байғанин жаққа бармаймыз?» — деп едім, «Маңдай тіреп баратын ет жақыным жоқ қой? Шіркін, әкемнің інілері соғыстан аман қайтқанда…» — деп, мұңайып қалды. Содан соң бұл әңгімені қозғамайтын болдық.

Сағидың осы сағынышынан туған қаншама жырлары мен балладаларынан бөлек, ол сөзін жазған әндер де бар. Қазір халықтың сүйіп тыңдайтын әндерінің бірі— Ескендір Хасанғалиевтің «Айналдым, елім» әнінің сөзін Сағи жазды.Осы ән жазылғанда «Бір жеңілдеп қалғандай болдым» деп қуанған еді.

Жастайынан кеткен туған топырағымен ақын 50 жасқа толғанда ғана қайта қауышты…

Ақтөбе жұрты, әсіресе, байғаниндіктер қазір маған жиі хабарласады, түрлі шараларға шақырып жатады. Ақтөбе қаласында Сағи Жиенбаев атындағы облыстық кітапхана бар. Ол маған ақынның туған жерге деген махаббатына, шексіз сағынышына арнап қойылған ескерткіш сынды болып елестейді. Мен Ақтөбенің Сағиға деген құрметіне ризамын.

Сағидың іздеушілерінің бірі — нағашы туысы, марқұм Батан Отарбаева болатын. Ол Сағидың әкесінің, яғни атамның 1937 жылы Ақтөбе маңындағы Түйетөбеге жерленгенін анықтап, мені сонда ертіп апарған еді. Сол жерде атамның рухына арнап Құран оқудың сәті түскеніне мың да бір шүкіршілік етемін.

Тек Ақтөбе халқы ғана емес, Сағидың, жалпы, іздеушісі көп ақын екеніне онсыз өткен жылдарда менің көзім әбден жетті. «Раритет», «Атамұра» баспаларынан және «Ақтөбе кітапханасы» сериясы бойынша кітаптары да басылып шықты. 10 томдық шығармалар жинағы әзірленіп, «Өлке» баспасынан соның 4 томы жарық көрді. Иә, Сағи поэзиясы халықпен бірге жасай бермек…

Әңгімелескен Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button