Құқық

ЮВЕНАЛДЫҚ СОТ: МҮДДЕ МЕН МІНДЕТ

Қазақстандық отбасылардың бірінде тәрбиеленіп жатқан Әлішер мектептегі кейбір күрделі мәселелердің шешімін отбасы немесе мектеп қабырғасынан таба алмай дал болады. Алғашында бір-екі сабақтан қашып, кейін тіпті білім ордасының маңына жоламай кетеді. Ақыр аяғында бұның соңы жастайынан көшеден тапқанын ішіп-жеп жүрген жетім Маратпен кездестіреді. Қайыр сұрап, ұсақ-түйек ұрлықпен айналысады. Бір күні зейнетақысын қолына алып, дүкенге бет алған қарияны ұрып-соғып, тәртіп сақшыларының қолына түседі. Ювеналдық сот судьясының алдына келетін жасөспірімдер осындай оқиғалармен жауапкершілікке тартылады.

Тарихқа көз жүгіртетін болсақ, кәмелеттік жасқа толмағандардың істеріне қатысты соттар ХІХ ғасырдың соңында Америкада құрылған. Міне, екі ғасыр өткен кезде аталмыш соттар дүниежүзінің көптеген елдерінде өз төрелігін жүзеге асыруда. Ювеналдық соттардың өркениетті елдермен қатар, дамушы елдер қатарындағы Үндістан мен Оңтүстік Африка мемлекетінде де қызмет етіп отырғандығын айта кеткен жөн. Алайда өркениетті ел болып саналатын Швецияда мұндай соттардың тіпті жоқ екендігі таң қалдырады. Мамандар мұны сол елдегі әлеуметтік жағдайдың жоғары екендігімен, бала мен ана өмірі, олардың денсаулығы мен құқықтары мемлекеттік деңгейде қадағаланып отырғандығымен байланыстырады.

Көптеген танымал заңгерлердің пікірінше, ювеналдық заңнама мен соттың негізгі мақсаты – сара жолдан тайған жасөспірімді жазалау немесе жауапкершілікке тарту емес, оны қайта тәрбиелеп, өмірдегі өз орнын табуға көмектесу. Жасөспірімдер сотына жұмысқа келген әрбір судья немесе маман сот залына келген баланың неліктен, қандай себептен қылмысқа барғандығын анықтауға тырысуы қажет. Әрине, «істегеніңді қолыңмен көтер» деп заңда көрсетілген санкциямен жазаны белгілеп, тәрбиелеу орнына жіберуге болады, бірақ бұдан кім ұтады?

Бостандығынан айыру орнына жіберілген қылмыскер баланың ол жерде дұрыс тәрбие мен білім алып шығатындығы күмәнді жайт. Керісінше, білгенінен айырылып, «қылмыстық мектеп» дәрістерімен сусындап,  кейін қайтадан қылмысқа барып, темір тордың арғы жағына оралатын жастар қаншама. Алайда олардың барлығын да заң алдындағы жауапкершіліктен босатып жіберу қате екені анық. Ал жасөспірімдер жасаған қылмыстарды саралап қарайтын болсақ, олардың 60 пайыздан астамы ұялы телефон мен ұсақ-түйек мүлікті ұрлау жайттары бойынша жазаға тартылады. Сондықтан осындай қате қадам жасаған жасты тым қатаң жазаламай, қоғамның адал азаматы етіп тәрбиелеп шығуға болатыны анық.

Біздің еліміздегі ювеналдық соттар осыдан бірнеше жыл бұрын Астана мен Алматы қалаларында құрылды. Қазір аталған сот жүйесі әр аймақта қолға алынуда. Кәмелеттік жасқа толмағандардың істері бойынша мамандандырылған ауданаралық сот біздің облыста да құрылмақ. Жоспар бойынша ювеналдық соттың  бекітілген  3 судьясы бар. Сондай-ақ сот мамандары және қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары облыстық соттар әкімшісіне тапсырылды.

Ювеналдық соттарды құру — бүгінгі күннің  маңызды шаруаларының бірі. Өйткені жасөспірімдердің қылмысына қатысты ахуал мәз емес. Республика аумағындағы әрбір бесінші қылмыс жасөспірімдердің қатысуымен орын алады. Мәселен, Астана қаласындағы кәмелеттік жасқа толмағандардың істері бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының  биылғы  жартыжылдықтағы қорытындысы бойынша 50-ге жуық жасөспірім қылмыскер деп танылып, оларға қатысты үкім шығарылды. Яғни олардың басым бөлігі көшеде топ болып жәбірленушілердің ұялы телефондарын тартып алған.  Сондай-ақ балалар қатысқан қылмыстардың көпшілігіне ересектер басшылық жасайтыны және рас.

Ал жасөспірімдерді дұрыс тәрбиелеу — қоғамның әрбір мүшесіне ортақ іс.

Нұрлан КҮНТУОВ

облыстық соттың

басқарма басшысы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button