Экономика

Елімізде өндірілетін өсімдік майының 27 пайызы ақтөбелік кәсіпорындардың үлесінде

Алыс-беріс

Соңғы уақыт­та елімізде егістік көлемінің ұлғаюына бай­­ланысты өндірілетін май­лы дақылдар мен оны өңдеу көрсеткішінің артқандығы да байқалады. Шамадан тыс егілетін астық дақылдарының егіс көлемін шек­тей отырып, оның орнына майлы дақылдар мен құнарлы мал азы­ғының үлесін арттыру, өңдеу саласының қуаты мен сапа­сын күшейте отырып, отандық азық-түлік өнімдерінің бәсекелес­тікке қабілетін нығайту — бүгінгі күнгі саясаттың негізгі мақсаттарының бірі.

Елімізде жыл сайын кем дегенде 750-800 мың тонна күнбағыс өн­діріледі.

Әлемде пальма және соя  майы ең көп сұранысқа ие болса, біздің елімізде  күнбағыс майына тапсырыс мол. Дүниежүзілік нарықтағы күнбағыс майының ең жоғары көлемін Үндістан мен Түркия сатып алуда.

Қазақстанның сұйық май өндірушілері өткен жылы 135,9 мың тонна тазартылған (рафинадталған) май шығарды. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 7,1 пайызға артық.

Күнбағыс майының негізгі экспортаушылары — Ресей мен  Қытай. 2018-2019 жылдардың маусым айлары аралығындағы Қазақстанның күнбағыс дәнін экспорттаудағы әлеуеті 300 мың тоннадан асып отыр.

Биыл жыл басынан бері облыста арнайы лицензиясы бар 6 астық қабылдау кәсіпорнынан шетелдерге тиелген 93,5 мың тонна өнімнің 3,7 мың тоннасы күнбағыс, мақсары, зығыр сияқты майлы дақылдарды құрады. Оның ішінде күнбағыс дақылы 2,5 мың тонна немесе экспортталған дақылдардың  67,5 пайызын қамтыды. Дақылдың ең көп бөлігі Хромтау ауданындағы «Одақ ЛТД» ЖШС-нан Өзбекстан еліне тиелді. Бүгінгі таңда осы кәсіпорыннан 2,0 мың тонна күнбағыс Тәжікістан, Өзбекстан және Қытай елдеріне экспортталып жатыр.

2021 жылға қарай «2017-2020 жылдарға арналған агроөнеркәсіпті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы аясында майлы дақылдарға қатысты егістік аумағын республика шеңберінде 3 млн гектарға дейін ұлғайту көзделуде және осы аумақтан 3 млн тонна көлемінде жалпы өнім алу жоспарланып отыр.

Облыс бойынша былтыр  майлы дақылдар  жиналған алқаптың көлемі 46,3 мың га құрады. Ол 2017 жылғы сәйкес көрсеткіштен 24,8 пайызға жоғары. Биыл  30,3 мың га алқапқа майлы дақылдар егілді. Оның ішінде күнбағыс — 18,2 мың гектарға, мақсары —11,0 мың гектарға, зығыр 1,1 мың гектарға себілді.

Жыл сайын майлы дақылдар алқабын 10-12 пайызға көбейту жоспарланған.

Облыстағы кәсіпорындар үлесіне елімізде өндірілетін өсімдік майының 27 пайызы тиесілі немесе 36,7 мың тонна.

Қазіргі таңда  облысымызда  өсімдік майын өңдейтін 2 зауыт жұмыс жасайды.   Оның бірі  — «Ақтөбе Фудс» ЖШС. Зауыттың жылдық куаттылығы — 32,0 мың тонна. Былтыр аталған зауыт 20,5 мың тонна өнім өндірсе, биылғы жылдың 6 айында өнім көлемі  6,2 мың тоннаны  құрады. Дайын өнімдерін негізінен Ресей, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеттеріне экспорттайды.

Екінші зауыт — «АкМэз» ЖШС. Өсімдік майын өндіретін бұл зауыт ағымдағы жылдың  наурыз айында іске қосылды. Жылдық өндіріс қуаты — 36,0 мың тонна. Бүгінгі күні өнімді Қытайға экспорттауға дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Елі­міз­дегі майлы дақылдар өндірісінде бірқатар жағымды өзгерістердің қалыптасқандығын отандық сарапшылар  да атап көрсетуде.Олардың болжамы бойынша,  2030 жылға таман майлы дақылдар егістігінің көлемін 7 млн гектарға дейін арттыру көзделуде. Сонымен қатар әлемде пальма майы өндірісінің азаю себебі, әлемдік нарықта екі-үш жылдан кейін өсімдік майы, оның ішінде күнбағыс пен рапс майларының қымбаттауына әкеліп соғады. Сондықтан бұл өнімге сұраныс күннен-күнге арта түспек.

А.СИТМҰХАМБЕТОВА,

Қазақстан Республикасы

Ауыл шаруашылығы министрлігі

Агроөнеркәсіп кешеніндегі  мемлекеттік

инспекция комитетінің Ақтөбе облыстық

аумақтық инспекциясының

              мемлекеттік астық инспекциясы

         бөлімінің басшысы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button